Жамбыл жаңалықтары

Өңір экономикасында өсім бар

Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан. Барлық қысқамерзімді экономикалық индикаторлар бойынша облыс республикада екінші орынға тұрақтаған. Өңір экономикасының өсім үлесі 118,4 пайызды құраса, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 72 пайызға артқан. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде айтылды.

Осы жылдың қаңтар-наурыз айларындағы аймақтың әлеуметтік экономикалық даму қорытындылары қаралған жиында алдымен облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, есепті кезеңде экономикалық өсімнің оң динамикасы барлық салалардағы өндіріс көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етілген.

 – Өнеркәсіп саласына тоқталатын болсақ, есепті кезеңде өнеркәсіп бағытындағы кәсіпорындар 355,5 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл оң нәтижелерге негізгі салалардағы өсім есебінен қол жеткізілді. Атап айтқанда, тау кен өндіру саласы 13,3 пайызға ұлғайып, 54,4 миллиард теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібі 21,5 пайызға өсті. Электрмен жабдықтау саласы 11,1 пайызға артып, 71,9 миллиард, ал сумен жабдықтау саласы 16,6 пайызға жетіп, 2,2 миллиард теңгені құрады.

Жалпы өнеркәсіп көлемінің 63,9 пайызын құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 227 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны бойынша облыс республикада көшбасшы бестік қатарына енді. Ауылшаруашылығы саласында жалпы 45,6 миллиард теңгеге өнім өндірілді. Саладағы өсім малшаруашылығында өндірілген өнім көлемінің артуы есебінен қалыптасты.

Негізгі капиталға 218,1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 214,3 миллиард теңгеге жетті. Сонымен қатар құрылыс саласында 60,7 миллиард теңгеге жұмыстар жүргізілді. Есепті кезеңде 150,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 1,7 пайыз деңгейінде қалыптасты. Өңірлер арасында барлық аудандарда өсім байқалады. Биыл тұрғын үй құрылысына 14,9 миллиард теңге бюджет қаражаты қарастырылған.

Қазіргі уақытта жалпы 2 941 пәтерлі 66 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1 685 пәтерлі 35 үйдің құрылысы аяқталады. Сондай ақ халықтың әлеуметтік осал топтары үшін республикалық бюджет есебінен 4,9 миллиард теңгеге жалпы 350 пәтер сатып алынады, – деген Сандуғаш Ермаханқызы есепті кезеңде сауда айналымы 229,3 миллард теңге деңгейінде қалыптасқанын жеткізді.

Сондай-ақ басқарма басшысы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы аясында аудан әкімдерінің атқарған жұмыстарына жүргізілген мониторингтің қорытындысын жариялады.

Баяндамашы сөзінен кейін Нұржан Сәбитұлы биылдан бастап енгізілген облыс әкімдігі басқармалары мен аудандар және Тараз қаласы әкімдерінің жұмысына мониторинг жүргізудің жаңа жүйесі жөнінде түсіндірме беріп өтті. Айтуынша, аталған жүйе бірнеше облыстың озық үлгілері негізінде облыс әкімі аппаратымен бірлесіп әзірленген арнайы методика бойынша жасалған. Бұл әдістеме 5 негізгі бағыт пен 76 көрсеткіштен тұрады. Осы мониторинг нәтижесі бойынша мемлекеттік органдардың жұмысына баға беріліп, қорытындысы облыс әкімінің назарына ұсынылады. Соның негізінде тиісті шаралар қабылданатын болады.

Сондай-ақ Нұржан Сәбитұлы Сандуғаш Ермаханқызының есебінде қамтылған бірқатар кемшілікке тоқталды.

– Меркі ауданында өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 48,5 пайызды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Дәл осындай жағдай Жуалыда да орын алып отыр, әсіресе тау-кен өнеркәсібіндегі көрсеткіштің төмендігі байқалады. Байзақ ауданы мен Тараз қаласының әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіштерінде де көңіл көншітпейтін тұстар бар. Ал Жамбыл ауданында ірі қара мал саны 5,1 пайызға төмендеген. Мәселенің мән-жайын, жағдайды оңалту үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын баяндаңыздар, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұловтың сөзіне сүйенсек, көрсеткіштің төмендеуіне «Меркі қант зауытының» қаңтар-наурыз айларында жұмыс істемеуі себеп болған. Қазіргі таңда зауыт 40 мың тонна шикізатқа (тростник) келісімшарт жасап, өңдеуді бастаған. Бүгінгі күнге 7 520 тонна шикізат жеткізіліп, 6 144 тоннасы өңделіп, 5 215 тонна қант өндіріліпті. Аудан басшылығы бірінші жартыжылдықта көрсеткіштерді толық қалпына келтіруге уәде беріп отыр. Ал Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртазаның айтуынша, күн электр стансасының жарықты аз өндіруінен көрсеткіш төмен деңгейде қалыптасыпты.

Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев көрсеткіштің төмендеуіне аудан аумағындағы бірқатар кәсіпорынның, атап айтқанда, Қызыл Жұлдыз ауылындағы макарон цехының, Талас ауылындағы сүт өнімдері мен шұжық цехтарының, сондай-ақ «Кастом Бокс» гофрокартон зауытының Тараз қаласының әкімшілік шекарасына өтіп кетуі себеп болғанын жеткізді. Бұған қоса жаңадан ашылған кірпіш зауытының шатыры қалың қарды көтере алмай құлап, жұмысы уақытша тоқтап қалған. Қазіргі таңда аталған зауыт жұмысы қайта жанданып, жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жоспарды орындау көзделіп отыр екен. Ал Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Нұрланұлы аудандағы өңдеу өнеркәсібінің төмендеуі «Аманкелді» газ өңдеу зауытына жеткізілетін шикізат көлемінің азаюына байланысты орын алғанын тілге тиек етті. Аудандағы өндіріс көлемінің 80 пайызы осы кәсіпорынға тиесілі екен. Бүгінгі күнге сәуір айында 10 мың тонна шикізат жеткізілсе, осы айда қосымша 7 мың тонна әкелінеді. Ал малшаруашылығындағы кемшіліктерге жеке қосалқы шаруашылықтарда мал басының кемуі себеп. Қазіргі кезде бұл мәселе жаңа туған төлдерді есепке қосу арқылы шешіліп жатыр. Соның нәтижесінде алты айдың қорытындысы бойынша мал саны қайта қалпына келеді деп күтілуде. Аудан әкімінің орынбасары осы жұмыстардың нәтижесінде алты айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш толық орындалатын болады деп сендірді.

Басқосуда Н.Календеров жүргізілген мониторинг талдауы бойынша бірқатар басқарма басшылары мен аудан әкімдерінен жауап алды. Сонымен қатар осы жиында күн тәртібіне сәйкес облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек пен Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен қаржының игерілуі туралы есеп берді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ