Сөз өнерін серік еткен Нұрила
Әулиеата өңірі таланттан кенде емес. Жасының да, жасамысының да бойына жеті өнерді дарытқан туған жердің киелі топырағы десек, қателеспейміз. Одан бөлек жасы үлкендердің тәлім-тәрбиесі де бала біткенді даналық жолға жетелейтіні ақиқат. Мәселен, аймақ оқушылары республикалық, тіпті халықаралық түрлі байқауларда сәт сайын топ жарып жүр. Сөз өнерінен сынға түсіп, оза шауып жүрген оқушының бірі – Нұрила Ақтан.
Нұрила Ақтанның өнері арқылы көптің көз қуанышына айналғанына да біршама уақыт болды. Нақты айтқанда, 4 жасынан бастап аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда бақ сынай бастаған.
Кішкентайынан «Ер Төстік», «Толағай» секілді қазақы нақыштағы мультфильмдерді сүйіп көріп, ондағы көркем сөздерді жадына тоқып өскен бүлдіршін мектеп табалдырығын аттағанда да белсенділігінен танбады.
2022 жылы Жаңатас қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның бірінші сыныбына қабылданған жас дарын Мұқағали Мақатаев оқуларының аудандық кезеңінде бірінші орынды жеңіп алды. Облыстық деңгейде де бас жүлдені иеленді. Облыстық байқауда «Жетім қыздың монологын» асқан тебіреніспен орындауы көрермендерді тебірентіп, көздеріне жас үйірген. Одан кейін шығармашылық орталықтар мен кітапханалардан арнайы шақыртулар мен сыйлықтар келе бастайды.
Нұриланың бойындағы сөзге деген сүйіспеншілігі әжесінен дарыған. Теміржол саласында еңбек еткен әжесі Шара Ташимова денсаулығына байланысты үйде болған екі жыл уақытын немерелеріне арнаған. Бос уақытында немерелеріне Абай Құнанбаевтың өлеңдерін, түрлі жырлар мен баталарды жаттатады.
2023 жылы әкесі Шапағат Ақтанұлының жұмыс бабымен Тараз қаласына қоныс аударған соң да Нұрила жетістіктерін еселей түсті. Қалалық жарыстарда топ жарып, ғылыми жобалар байқауында да екінші орынға қол жеткізді. Ал биыл Астана қаласына шақыртылған дарынды оқушылар қатарынан табылып, арнайы медаль және сертификатпен марапатталды.
Нұриланың анасы да сөз өнерінен алыс емес. Әкесі – кәсіби теміржолшы.
Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Салтанат Сағатқызы перзенттерінің тәрбиесіне баса мән беретінін айтады.
– Біз отбасымызбен қазақ тілінің жанашырымыз. Әкесі мектептегі жиналыстарға белсене қатысып, ұстаздармен үнемі байланыста отырады. Тіпті отбасылық жарыстардан да қалмаймыз. Қазір бала күтімімен үйде отырсам да, олардың білімге, өнерге деген құштарлығын әрдайым қолдап келемін, – деді анасы.
Нұрила – үлгілі отбасының перзенті. Қазір ол поэзиямен қатар вокал, домбыра, ағылшын тілі қосымшаларын қатар алып жүрген көрінеді.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ