Сарыны бөлек сыршыл ақын
Байзақ ауданындағы Мырзатай ауылдық мәдениет үйінде халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызының «Бағым да, тағым да – халық» атты әдеби-сазды жыр кеші өтті.
Есімі алты Алашқа танылған ақын қызын туған жері зор ықыласпен қарсы алды. Екі сағатқа созылған кездесуде қаламгердің туындылары сахналық қойылымдармен өрнектеліп, өлеңдері әсем ән болып шырқалды.
Ғайни Әлімбекқызы Байзақ ауданының Жаңасаз ауылында дүниеге келген. Алаңсыз балалық шағы қайсар әжесінің тәрбиесінде, еңбекқор әкесінің қамқорлығында, білімді де сауатты анасының аялы алақанында өтті. Жастайынан зеректігімен, алғырлығымен замандастарынан ерекшеленген ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ алғашқы өлеңдер жинағын жарыққа шығарған. Бүгінде «Қарлығаш», «Ақша бұлттар арасында арман бар», «Көңілімде боздап тұрды боз інген», «Жыр-Айна», «Қарлығаштар мекені», «Сен берген гүл» атты жыр жинақтары көпшілікке жол тартқан.
Қаламгер – ақындық пен тележурналистиканы қатар алып жүрген талант иесі. Оның «Ақтілек» хабары – «Jambyl» телеарнасының бойтұмары. Сонымен қатар ол қазақтың сұрмергені, Ұлы Отан соғысының ардагері, Халық қаһарманы Ыбырайым Сүлейменов туралы тұңғыш деректі фильмнің авторы. Талай тұлғаны таспалап, халыққа танытқан «Айна», «Айша бибі», «Қилы тағдыр» хабарлары – алтын қорда сақталған құнды қазына.
Салтанатты іс-шараға зиялы қауым өкілдері,қаламгерлер мен әдебиетке жаны жақын оқырман қауым жиналды. Жиында сөз алған аудан әкімі Олжас Баққараев әрбір жыры туған жердің тынысын тап басып, оқырман жүрегіне жол тапқан ақынға берекелі ғұмыр мен шығармашылық шабыт тіледі.
Мәртебелі меймандар қаламгерге ізгі тілектерін арнап, сый-құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.
Әдеби кеште Ғайни Әлімбекқызының сөзіне жазылған «Сені сүю», «Еліңді аяла», «Қаздар қайтып барады қарашада», «Ананың тілі» сынды әндер шырқалды. Мектеп оқушылары ақын поэзиясын нақышына келтіріп оқып, мәдениет үйінің қызметкерлері сахналық қойылым ұсынды.
Өз кезегінде өнер иесі баршаға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.
– Халқымызда «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» деген тәмсіл бар. Бүгінгі кеште көрсетілген халықтың ыстық ықыласына, аудан басшылығының ерекше құрметіне мың алғыс айтамын. Өнер бар жерде ұлт бар, әдебиет бар жерде қазақ бар, – деді Ғайни Әлімбекқызы.
Тағылымы мол іс-шара ақын мен халық арасындағы байланыстың жарқын көрінісіне айналды. Өнерін жұртына арнаған қаламгерге деген көпшіліктің құрметі кеш бойы толастаған жоқ.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ