Заң

Жүргізушілерге ерекше ескерту жасалды

Көктем келісімен Тараз қаласының көшелерінде велосипед, мопед, скутер мінген жастардың қарасы айтарлықтай көбейді. Өкінішке қарай, бүгінде жол көлік оқиғаларының басым бөлігі дәл осы қос дөңгелектілерге тиесілі болып тұр. Көбінесе жастар мен жасөспірімдер жылдамдықты шектен тыс асырып немесе сақтық шараларын елемей, өмірлерін қатерге тігеді. Ал осындай жауапсыздықтың соңы ауыр жол-көлік оқиғаларына және адам өліміне соқтырып жатады.

Облыс аумағында жолдағы тәртіпті нығайту және қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында кезекті профилактикалық акция ұйымдастырылды.

Бұл жолы тәртіп сақшылары халыққа ой салу үшін ерекше әдісті таңдады. Қаланың негізгі көшелеріне жол апаты кезінде қираған автокөліктер мен мопедтер қойылып, жол ережесін сақтап жүрудің маңыздылығы түсіндірілді.

Тараз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Ермек Жақайдың айтуынша, көрнекі түрде көрсетілген жол-көлік оқиғаларының салдары өтіп бара жатқан әр жүргізушіні сақтыққа шақырғандай әсер қалдырған. Маман мұндай акция жыл басынан бері үшінші рет өткізіліп отырғанын жеткізді.

– Өңірде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Нәтижесінде жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары 19,5 пайызға азайды. Мұндай шаралар жас буынның жолдағы жауапкершілігін арттырып, құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға ықпал етеді, – деді Ермек Жақай.

Іс-шараға Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Заң» факультетінде білім алып жүрген 1-курс студенттері қатысты.

– Группамыздағы студенттердің арасында «Кәмелеттік жасқа толсам, жүргізуші куәлігін аламын» деп ниеттеніп жүргендері бар. Сондықтан біз секілді жастарға бүгінгі мазмұнды шараның бергені көп болды, – дейді студент Естияр Дүйсен.

Акция барысында жүргізушілерге виртуалды көзілдірік арқылы жол ережесін бұзу жағдайлары көрсетіліп, ықтимал жол апаттарын шынайы сезінуге мүмкіндік берілді. Мұндай тәсілдер қарапайым ескертулерден гөрі әсерлі болып, жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға үндейді.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ