Әлеумет

Жұрт жер кезегіне жетіскеннен тұрмайды

Елді мекендері облыс орталығына таяқ тастам жерде жатқан, Тараз қаласын қоршай орналасқан ауданның бірі – Жамбыл ауданы.

Ауданның жалпы аумағы 419,8 мың гектарды құрайды. Тараз қаласы аумағының кеңеюіне байланысты бұл ауданнан 4 ауылдық округтегі 11 елді мекеннің 36 357 адамы көне шаһар құрамына өткені белгілі. Қазіргі таңда ауданға қарасты 13 ауылдық округтегі 31 елді мекенде 51 286 халық тұрады. Тұрғындардың экономикалық белсенділігі 61,4 пайызды құрайды.

Аудан әкімдігінің басты міндеттерінің бірі – осы 51 286 адамның жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Оның ішінде халықты баспанамен қамтудың да маңызы зор.

Ауданда тұрғын үй мәселесін шешу бағытында жүйелі әрі кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар бірнеше жылдан бері атқарылып келеді. Соның нәтижесінде жаңа тұрғын үй алқаптары игеріліп, көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алуда.

2025 жылы аудан бойынша жалпы көлемі 31 316 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 92,2 пайызын құрайды. Аталған көрсеткіш құрылыс саласының тұрақты дамып келе жатқанын аңғартады.

Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үй кезегінде барлығы 2 528 адам тіркелген. Оның ішінде жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 112, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар – 601. Сонымен қатар 708 көпбалалы отбасы, 309 мемлекеттік қызметші, 798 басқа санаттарға жататын азамат бар.

2025 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 411,7 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға 30 пәтер сатып алу жоспарланды. Сондай-ақ аудандық бюджеттен қосымша 58,8 миллион теңге қарастырылды.

Бұдан бөлек тұрғын үй сатып алу үшін құнды қағаздар шығару есебінен берілетін бюджеттік кредиттер тетігі арқылы 150 пәтер алуға 2,3 миллиард теңге қаралды. Аталған бағытта аудандық бюджеттен қосымша 133 миллион теңге қаржы бөлініп, бастамаға қолдау көрсетілді.

Аса ауылында жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен бес қабатты 120 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, кейіннен ол сатып алынды. Аса, Айша бибі және Тастөбе ауылдарынан жалпы саны 60 пәтер сатып алынып, тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасын тапты.

«Бәйтерек» тұрғын үй алқабында блокты-модульдік қазандықтың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны 198,7 миллион теңгені құрады. Бұл нысан жаңа тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2026 жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 20 пәтер сатып алуға облыстық бюджеттен 282,5 миллион теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Ауданда жер телімін алуға кезекте тұрған азаматтар саны 13 673 адамды құрайды. Халық сұранысын қамтамасыз ету мақсатында 7 елді мекенде жаңа тұрғын үй алқаптарына инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары қолға алынған. Яғни электр желілері тартылып, ауызсу және табиғи газ жүйелері жүргізіліп, жолдарға қиыршық тас төселуде. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде кезектілік тәртібімен барлығы 1 864 жер учаскесі берілді. Оның ішінде Бірлесу Еңбек ауылында 130, Тастөбе ауылында 79, Бесжылдық ауылында 97, Айша бибі ауылында 382, Бектөбе ауылында 143, Қызылқайнар ауылында 222, Аса ауылында 811 жер учаскесі тұрғындарға үлестірілді. Гродеково ауылында жаңадан салынатын тұрғын үйлер үшін инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында бірқатар жоба әзірленді. Атап айтқанда, қиыршық тас жол құрылысына және сумен жабдықтау жүйесіне арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алынды. Қазіргі уақытта аталған елді мекенді табиғи газбен және электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытындағы жобалық сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бұл жобалар бойынша мемлекеттік сараптаманың қорытындысы күтілуде. Жобалар толық іске асқан жағдайда Гродеково ауылында қосымша 438 жер учаскесін халыққа беру мүмкіндігі пайда болады. Бұл өз кезегінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың санын азайтуға оң ықпал етпек.

Әділет ӘЛИЕВ,

Жамбыл ауданы әкімдігі  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы