«Басты мақсатымыз – өмір сүруге қолайлы қала қалыптастыру»
Қаланың бет-бейнесі, кескін-келбеті көбіне мұнтаздай тазалығынан, жайқалған жасыл желегінен, қоғамдық кеңістіктерінің жайлылығынан айқын көрінеді. Бұл – тек сыртқы көрініс қана емес, қоғамның ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінің көрсеткіші. Ал осы тәртіп пен үйлесімділікті күн сайын қамтамасыз етіп жүрген еңбек иелерінің жұмысы көп жағдайда көзге көріне бермейді. Тараз – тарихы терең шаһар. Ежелден өркениеттің ордасы болған қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен көркі коммуналдық кәсіпорындардың үйлесімді жұмысына тікелей байланысты. Осы салада маңызды рөл атқарып отырған «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметі айрықша назар аударуға лайық. Жуырда біз серіктестік басшысы Ғалымжан Қайназаровпен әңгімелесіп, мекеменің қалыптасу жолы, қазіргі әлеуеті, жұмыс ауқымы мен алдағы жоспарлары туралы кеңінен сұхбат құрдық.
– Ғалымжан Уәлиханұлы, «Жасыл ел – Тараз» серіктестігінің қалыптасу кезеңіне тоқталсаңыз. Бастапқы жылдардағы қиындықтар мен бүгінгі даму деңгейінің арасындағы айырмашылық қандай?
– «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1998 жылдан бері Тараз қаласының санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын қамтамасыз етіп келе жатқан негізгі коммуналдық кәсіпорындардың бірі. Құрылтайшысы – қала әкімдігінің қаржы бөлімі, ал басқарушы орган – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі.
Кәсіпорынның қалыптасу кезеңі еліміздегі экономикалық қиындықтармен тұспа-тұс келді. Арнайы техника жетіспеді, материалдық база әлсіз болды, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы да бүгінгідей деңгейде емес еді. Сол жылдары кәсіпорынның негізгі қызметі көшелерді тазалау мен тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен ғана шектелді.
Уақыт өте келе қала аумағы кеңейіп, жаңа ықшамаудандар пайда болды, халық саны артты. Осыған байланысты коммуналдық қызметке де сұраныс өсті.
Жалпы кәсіпорынның тарихындағы ең күрделі кезең – 2024-2025 жылдардағы оңалту рәсімі болды. Есепті кезеңде қаржылық қиындықтар туындап, кредиторлық берешектер көбейді. Дегенмен жүйелі шаралардың арқасында 2025 жылдың шілде айында оңалту рәсімі толық аяқталды.
Сол жылдың тамыз айында жаңа басшылық келіп, кәсіпорынның жұмысына тың серпін берді. Қазіргі таңда мекеменің материалдық-техникалық базасы нығайып, цифрландыру жүйесі енгізіліп, жұмыс сапасы айтарлықтай артты. Ең бастысы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы жақсарып, еңбекке деген ынтасы күшейді.
– Көпшілік сіздердің жұмыстарыңызды тек көше тазалаумен байланыстырады. Алайда іс жүзінде қызмет ауқымы әлдеқайда кең екені белгілі. Ендеше мекеме қызметінің негізгі бағыттарын жүйелеп айтып берсеңіз.
– Дұрыс айтасыз, жұмысымыздың ауқымы тұрғындар ойлағандай емес, әлдеқайда кең. Қаланың толық санитарлық жағдайына жауап береміз.
Бірінші бағыт – тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару. Қала бойынша барлық контейнерлік алаңдар белгіленген кестеге сәйкес күнделікті тазаланады. Бұл үлкен логистикалық жүйе. Арнайы техника кіре алмайтын жерлерде жұмыс қол күшімен атқарылады.
Екінші бағыт – абаттандыру. Аялдамалар, балалар және спорт алаңдары, саябақтар мен скверлер – барлығы тұрақты бақылауымызда. Оларды күтіп ұстау, жөндеу, жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі.
Үшінші бағыт – көгалдандыру. Биыл жалпы 28 мың тал егіледі. Атап айтқанда, 8 мың тал қаланың ішіне, 10 мың тал Қызылабад алқабына егіліп қойды және күз айында 10 мың тал егілетін болады. Сонымен қатар 10 500 шаршы метр гүлзарға гүл егіледі. «Ұлы дала» ықшамауданы және «Барысхан» тұрғын алқаптарында 5 мың раушан отырғызу көзделген. Бұрын отырғызылған 35 мың түп раушанға күтім жасалды. Қала бойынша 500 мың шаршы метр көгалға күтім жүргізіліп, тыңайтқыштар енгізілуде.
Үлкен жетістіктеріміздің бірі – жылыжай кешені. Аумағы 3 500 шаршы метр кешенде биыл 1 миллионнан аса гүл өсірілді. Нарықта 300 теңге тұратын гүлдің өзіндік құны бізде 100 теңге шамасында. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге үлкен мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ирригациялық жүйелерді күтіп ұстау маңызды бағыттардың бірі. Қалада 8 негізгі канал және қосымша дренаж жүйелері бар. Аталған жұмыстармен арнайы гидромелиорация учаскесінің 13 маманы айналысады.
– Қаржылық тұрақтылық пен өндірістік көрсеткіштер тұрғысынан нақты қандай жетістіктерге қол жеткізілді?
– Өткен жыл кәсіпорын үшінбетбұрыс кезеңі болды десек болады. Қаржылық жағдай тұрақталып, табыс 1,5 есеге артты.
Полигон аумағында қауіпсіздік күшейтілді. Қоршау орнатылып, бейнебақылау жүйесі енгізілді, өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді.
Жылыжай кешені іске қосылып, қала гүлмен безендірілді. Көгалдандыру жұмыстары ғылыми негізде жүргізіле бастады. Ботаника және фитоинтродукция институтымен бірлескен жұмыстар қолға алынды.
Жалпы жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі орындалып, жүйелі басқару қалыптасты.
– Ғалымжан Уәлиханұлы, осы тұста саладағы ең күрделі, көпшілік біле бермейтін мәселелер қандай? Күнделікті жұмыс барысында кездесетін негізгі қиындықтарға тоқталсаңыз.
Қиындықтар өте көп және көбіне көзге көрінбейді. Қыста -25-30 градус аязда таңғы 4-те жұмысқа шығу біле білгенге үлкен еңбек. Қар күреу, тазалау – физикалық тұрғыдан ауыр жұмыстар.
Көктемде су тасқыны қаупі артады. Ирригациялық каналдардың үстіне салынған құрылыстар техниканың кіруіне кедергі келтіреді. Кей жағдайда барлық жұмыс қолмен атқарылады.
Қаржыландыру жеткілікті деңгейде болғанымен, сала үнемі қосымша ресурсты талап етеді. Сондықтан шығындарды тиімді басқаруға басымдық береміз.
– Әр басшының өзіндік қолтаңбасы болады ғой. Сіз басшылыққа келгеннен кейін қандай стратегиялық өзгерістерге басымдық бердіңіз?
– Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы – кез келген коммуналдық кәсіпорынның жүрегі десек, артық айтқандық емес. Себебі «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, салада табандылық пен төзімділік бірінші орында тұрады. Сол себепті де, ең алдымен, сол еңбектің лайықты бағалануына баса назар аударып келеміз.
Соңғы жылдары бұл бағытта нақты әрі жүйелі өзгерістер жасалды. Ең әуелі, жалақы мәселесі оң шешімін тапты. 2026 жылдың қаңтар айынан бастап жұмысшылардың жалақысы 2,5 есеге өсіп, әлеуметтік аударымдарды қоса алғанда орта есеппен 206 мың теңгеге жетті.
Әлеуметтік пакет те кезең-кезеңімен жақсартылды. Барлық қызметкерлер маусымға сай арнайы киіммен, аяқкиіммен және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Тұрмыстық жағдайға да ерекше мән берілді. Кәсіпорын асханасы толық жаңғыртылып, бұрын 50 адам ғана тамақтанатын болса, бүгінде 350-ден астам қызметкер сапалы әрі ыстық тамақпен қамтылып отыр. «Аш адамнан ақыл шықпас» демекші, жұмысшының дұрыс тамақтануы – еңбек өнімділігін арттырудың негізі.
Мекемеміздің әйел қызметкерлері үшін арнайы жағдай жасалды. Киім ауыстыратын бөлмелер, жуынатын орындар, санитарлық талаптарға сай әжетханалар салынды. Бұл дегеніміз еңбек адамына деген құрметтің нақты көрінісі.
Сонымен қатар ынталандыру жүйесі енгізілді. Еңбек өнімділігі жоғары қызметкерлерге сыйақылар беріледі, мереке күндері алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен марапатталады.
Қазіргі таңда кәсіпорында кадр тапшылығы байқалмайды. Керісінше, тұрақтылық қалыптасқан. Ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар көп. Олар осы саланың нағыз жанашырлары. Мұның бәрі әлеуметтік жағдайдың жақсаруының нақты нәтижесі деп айтуға толық негіз бар.
– Қала тұрғындарының тазалыққа деген көзқарасын қалай бағалайсыз? Экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Тазалық мәселесі – тек коммуналдық қызметтің емес, бүкіл қоғамның айнасы. «Тазалық – иманның жартысы» дейді халқымыз. Сондықтан әр адамның ішкі мәдениеті мен жауапкершілігі үлкен рөл атқарады.
Қазіргі таңда тұрғындардың көзқарасын екі түрлі деңгейде байқауға болады. Біріншісі – саналы, жауапты азаматтар. Олар сенбіліктерге белсенді қатысады, ағаш отырғызады, өз ауласын таза ұстайды. Мұндай жандар – қоғамға үлгі болатын тұлғалар. Тазалықты талап етпейді, оны өзінен бастайды.
Ал екінші топ әлі де болса «біреу жинайды ғой» деген түсініктен арыла алмай жүргендер. Өкінішке қарай, кейбір адамдар қоқысты кез келген жерге тастап, ортақ мүлікке немқұрайды қарайды.
Сол үшін тек тазалап қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да күш саламыз. Жыл сайын көктемгі және күзгі санитарлық тазалық айлықтары өткізіліп, сенбіліктер ұйымдастырылады. Мұндай шараларға ардагерлер, жастар, еріктілер және қарапайым тұрғындар қатысады.
Мысалы, соңғы сенбіліктер барысында мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Экологиялық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. «Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, бұл үздіксіз жүргізілетін жұмыс. Осы бағытта жүйелі түрде түсіндіру, насихат жұмыстарын жалғастыра береміз.
– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының қоғам үшін маңызы қандай деп ойлайсыз? Оның ұзақмерзімді әсері бола ма?
– «Таза Қазақстан» – жай ғана акция емес, қоғамдық санаға әсер ететін маңызды бастама. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді ғой, дәл осы қағида мұнда айқын көрінеді.
Әрине, кейбіреулер мұндай шараларды көзбояушылық деп қабылдауы мүмкін. Бірақ мен келісе алмаймын. Себебі акцияның негізгі мақсаты – коммуналдық қызметтің жұмысын біреуге артып қою емес, қоғамды біріктіру, адамдардың жауапкершілігін арттыру.
Еріктілер күнделікті жұмысымызды толық атқара алмайды. Бірақ олардың рөлі мүлде басқа. Олар қоғамға үлгі көрсетушілер. Әсіресе жастардың белсенділігі қуантады. Олар өз әрекеті арқылы айналасындағыларға ой салады.
Тағы бір маңызды жағы – мұндай акциялар арқылы адамдар коммуналдық қызметкерлердің еңбегін түсіне бастайды. Бір күн көше тазалап көрген адам жұмыстың қаншалықты ауыр екенін сезінеді.
Сондықтан баянды бастаманы уақытша науқан ретінде емес, ұзақмерзімді мәдени өзгерістің бір бөлігі ретінде қабылдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, қоғамды тәрбиелеудің бір жолы.
– Алдағы кезеңге қандай жоспарларыңыз бар? Қала инфрақұрылымын дамыту мен көгалдандыру бағытында қандай жаңа жобалар қолға алынбақ?
– Алдағы жоспарларымыз жүйелі әрі ауқымды. Тек бүгінгі мәселелерді шешіп қана қоймай, қаланың ертеңіне жұмыс істеуді мақсат етеміз. Себебі «Ертеңін ойламаған ел – еңсесін тіктей алмайды».
Бірінші кезекте қала инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасады. Атап айтқанда, футбол алаңдарын жөндеу, балалар ойын алаңшаларын қалпына келтіру, қоғамдық көлік аялдамаларын жаңарту, парктер мен скверлерді жарықтандыру жоспарланған.
Санитарлық бағытта да жұмыстар күшейтіледі. Қоқыс алаңшаларын жаңарту, жаңа контейнерлер орнату, қалдықтарды шығару жүйесін жетілдіру – басты міндеттердің бірі. Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында 81 дана арнайы техника 5 жылға бөліп төлеу арқылы лизингке алынуда. Бұл бізге бірнеше мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жалға алынатын техникаға тәуелділікті азайту, жөндеу шығындарын 30-40 пайызға қысқарту, жұмыс тиімділігін арттыру, екі ауысымды жүйеге көшу мен экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға ықпал етеді.
Көгалдандыру бағытында да ауқымды жұмыстар жалғасады. Сонымен қатар қала аумағындағы мыңдаған ағашқа тұрақты күтім жүргізіледі.
Жылыжай кешенін дамыту арқылы гүл өндірісін арттыру және болашақта оны коммерциялық бағытта пайдалану да жоспарымызда бар.
Жалпы басты мақсатымыз – тек әдемі қала жасау емес. Тұрғындары өзін жайлы сезінетін, тазалығын мақтан тұтатын, өмір сүруге қолайлы қаланы қалыптастыруды көздейміз. Өйткені туған жердің түтіні де ыстық. Сол ыстықты таза, көрікті қала арқылы сезіндіру – басты міндетіміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА