Шағын шаһарда үлкен шаруалар атқарылуда
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиевтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Баяндамашы брифингте өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды тілге тиек етті.
Спикердің айтуынша, шаһар 1960 жылғы 25 маусымда құрылған. Жалпы аумағы 5 615,31 гектарды құрайды. Тоғыз жолдың торабына айналған Шу қаласында жалпы ұзындығы 204,2 шақырымды құрайтын 313 көше бар.
– Қаладағы 119 көше асфальтталмаған болатын. Өткен жылы ұзындығы 21 шақырымды құрайтын 44 көшеге асфальт төсеу жұмыстары басталды. Бүгінгі күнге 28 көшедегі жұмыстар толығымен аяқталды. Осылайша асфальтталған көшелер саны 222-ге жетті. Қалған 18 көшенің жұмыстары бюджет тапшылығына байланысты 2026 жылға өтпелі. Бұл жұмыстар осы жылдың мамыр айынан бастап жалғасады.
Биыл Сейфуллин көшесінен бастап Орынбаев көшесіне дейінгі 71,2 миллион теңгеге 2,2 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолын жөндеу жоспарланған. Бұған қоса қала ішіндегі ойылған көшелерді жамауға 37 миллион теңге бөлініп, бүгінде тиісті жұмыстар басталды, – деген Елдос Бекболатұлы кәріз жүйесіне қатысты мәселенің бар екенін де жасырмады.
Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, Шу қаласының Батыс аумағында 1961 жылы салынған ұзындығы 54,7 шақырымды құрайтын кәріз жүйесі орналасқан. Бұл қаладағы «Батыс», «Жайсан», «Жетісу» ықшамаудандарын қамтып келген. Бүгінгі күні оның 86 пайызының тозығы жеткен. Сүзу алаңдарының жалпы ауданы – 47 гектар. Кәріз жүйесі «Батыс» ықшамауданына жақын орналасқандықтан жергілікті тұрғындар жағымсыз иістің шығуына байланысты наразылық білдіріп, жиі шағымданады екен. Себебі қолданыстағы кәріз жүйесі экологиялық талаптарға сай келмейді.
– Мәселені шешу мақсатында Шу қаласының кәріз және шайынды су жүйелерін қайта жаңғыртуға 2025 жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне бюджеттік өтінім ұсынылып, бүгінгі күнге қаражаттың бөлінуі күтілуде.
Шаһарда көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту мақсатында бірнеше жоба іске асырылуда. Шуда жалпы 133 көппәтерлі тұрғын үй бар. Бүгінгі күнге 118 көпқабатты тұрғын үй кондоминиум объектісі ретінде тіркелген. Ал көппәтерлі 51 үй мемлекеттік бағдарлама арқылы жөндеуден өтті.
Сол секілді 2023 жылы қайтарымсыз қаражат бойынша 9 тұрғын үйге жалпы сомасы 167,2 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 2024 жылы 8, былтыр 13 көпқабатты тұрғын үй жаңғыртылды,– деді Е.Нұралиев.
Баяндамашы алдағы уақытта Шу қаласының өзіндік кірісі есебінен жалпы құны 166,9 миллион теңгеге бірнеше көшедегі көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Қазіргі таңда мердігер анықталып жатқан көрінеді.
Н.МҰСАТИЛЛАҰЛЫ