Ынтымақ – елдің ырысы
«Ырыс, қайда барасың? Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген ұлағатты сөзді ту еткен халқымыз береке-бірлік пен татулықтың арқасында талай қиындықты еңсеріп, жеңісті жолмен жүріп келеді.
Алмағайып заманда елімізге түрлі ұлт өкілдерінің үдере көшіп келгені немесе еріксіз жер аударылғаны тарихтан аян. Сол кезде салт-дәстүрі мен діні, ділі, тілі бөлек деп жатсынбай, оларды бауырына басып, қолындағы бір үзім нанын бөліп берген ата-бабамыздың көрегендігі еліміздегі татулық пен ауызбіршіліктің символы еді. Сірә, «Кең болсаң, кем болмайсың» деген нақылдың дәлелі осы болса керек. Есесіне өзге этнос өкілдерінің бүгінгі ұрпағы қиын-қыстау кезеңдегі қазақтың жанашырлығы мен бауырмалдығын жадында мықтап ұстаған.
Қазақстандықтар үшін 1 мамыр ерекше мәнге ие. Бұл күн елдегі татулық пен келісімнің, өзара құрмет пен достықтың мерекесі саналады. Аға буынның жадында ол Кеңес дәуіріндегі шерулермен байланысты сақталғанымен, тәуелсіз Қазақстанда бұл мерекенің мазмұны жаңаша сипат алды. 1996 жылдан бері 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде аталып өтіп келеді.
Бұл күні адамдар бір-біріне ақжарма тілегін арнап, шынайы ықыласын білдіреді. Мерекенің басты ерекшелігі де осында. Ол жұртты жақындастырып, жүректерге жылылық ұялатады. Бір дастарқан басында бас қосқан түрлі этнос өкілдерінің жарасымды қарым-қатынасы Қазақстандағы татулықтың айқын көрінісіндей әсер қалдырады.
Асылында, ата-әжесінен не болмаса ата-анасынан қазақ пен өзге этнос өкілдері арасындағы достық, жанашырлық туралы аңызға бергісіз әңгіме естіп өспеген қазақ баласы кемде-кем шығар. Үлкендер ол жайында сағаттап әңгіме айтуға қазір де бейіл. Мен де бала күнімнен сондай достық хикаяларын санама сіңіріп өстім. Мәселен, Күлбала әжем неміс келіншекпен жақын құрбы болған екен. Әрине, ол кезде мен кішкентай болдым, неміс апаны көріп, жете танып үлгермедім. Бірақ қос құрбының бір-бірі үшін жанын беруге даяр болғанын көкелерім әлі күнге дейін айтып отырады. Әжем де көзі тірісінде оны ерекше сағынышпен еске алатын. Әжем: «Аты неміс демесең, қазақ болып кеткен еді. Алғаш ауылға келгенде қазақшасы мәз емес-тін, кейін көбімізден жақсы сөйлейтін болды. Өзі сондай пысық еді. Тәтті бәліш пен түрлі тіскебасар әзірлеуді үйреткен сол болатын. Сені ерекше жақсы көретін.
Көзің жасыл, өзің аппақ болған соң, сені сол неміс құрбымның қызы деп қалжыңдайтынбыз», – деп, өткен күнді күле еске алып отыратын.
Негізі туып-өскен Ойық ауылым – қазақы қаймағы бұзылмаған мекен. Сондықтан есім кіргенге дейін қазақтан өзге этнос өкілдерін көп кездестірмедім. Кейін екінші сыныпқа көшкенімде Талас ауданының орталығы Қаратау қаласына қоныс аудардық. Қала өміріне бейімделу мен үшін оңай болған жоқ. Бала болған соң солай көрінді ме, әлде шындығы сол ма, қалада қазақтар өте аз сияқты сезілетін. Біз келген жылдары шағын ғана шаһарда күрд, түрік, сыған, орыс, украин, өзбек, тіпті тарихи Отандарына әлі қоныс аударып үлгермеген гректер мен немістер мекендеп, қатар өмір сүріп жатты.
Осы ортаға үйрене алмай, талай рет «ауылға қайтамын» деп қиғылық салғанымды ұмытпаймын. Бірақ уақыт өте келе сол адамдар менің жадымда тек жылы естеліктермен қалды. Көріп қалса болды, бір кәмпит не 20-50 теңге болса да қолыма ұстатып жіберетін. Қараңғы подъезге кіруге жүрексінетінімді біліп, төртінші қабатқа дейін шығарып салатын. «Әлі баласың, беліңді ауыртасың» деп ауыр затымды қолымнан алып көмектесетін. Қабаған иттерді жолымнан қуып, өз балаларынан бөлмей мейірімдерін төгетін. Осындай «сен бөлексің, мен бөлекпін» деген түсініктен ада, «бәріміз бір қаланың тұрғынымыз», «бір елдің азаматымыз» деген қарым қатынасты көріп өскен мен үшін «көптеген этнос өкілі бір шаңырақ астында тату өмір сүріп келеді» деген сөз өмірдің өзінен алынған шындық.
Мемлекетіміздегі бірлік пен достықтың белгісі ретінде бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы нәтижелі жұмыс істеуде. Еліміздің әр өңірінде ашылған Достық үйлері мен «Қоғамдық келісім» мекемелері ынтымақ пен татулықты сақтауға үлес қоса білді. Былтыр ауқымды ұйым 30 жылдығын атап өтті. Осы жылдар ішінде ҚХА Қазақстандағы этностардың құқығын қорғап, олардың мәдениеті мен дәстүрлерін дамытуға күш салды. Ассамблеяның бастамасымен жүздеген этномәдени бірлестік құрылып, ұлттық мерекелер, форумдар, фестивальдар мен ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Отыз жыл ішінде Ассамблеяның қызметтік бағыт-бағдары да бірнеше рет өзгеріске ұшырап, жаңарып отырды.
Жамбыл облысы – еліміздегі полиэтникалық өңірлердің бірі. Облысымызда 87 этнос пен этникалық топ өкілдері өмір сүреді және этнос саны бойынша республикада екінші орында тұр. Осы тұста облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің жүйелі жұмысы туралы айтпай өтуге болмайды.
Халық бірлігін, қоғамдық келісімді және ұлттық-мемлекеттік бірегейлікті нығайту жолында тындырымды тірлік атқарып жүрген мекеменің өңіріміздегі түрлі этнос өкілдерін бір мақсатқа жұмылдырып, ауызбіршілігін одан әрі нығайта түсуге қосқан үлесі өлшеусіз.
Бүгінде облыста 41 этномәдени бірлестік тіркелген екен. 2025 жылдың қаңтар айында қоғамдық аккредиттеуден өткен 33 этномәдени бірлестік республикалық реестрге енгізіліпті. Сол секілді облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан ғылыми-сараптамалық топ, Ақсақалдар және Аналар кеңестері, этномедиация орталығы, журналистер клубы, «Жомарт жан» орталығы, «Ассамблея жастары», «Жас ғалым», «Қолөнер шеберлері» және «Белсенді ұзақ өмір сүру» клубтары, сондай-ақ этнос жастары қатысатын «Достық» театры жұмыс істейді.
Этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында «Бейбітшілік пен келісім» жобасы жүзеге асырылған. Бұл пилоттық жоба этносаралық мәселелерді дер кезінде анықтап, тиімді шешуге мүмкіндік беріп, бес жыл ішінде оң нәтижесін көрсетіпті. Қазіргі таңда бұл бағыт «Елтану» мәдени ағартушылық жобасы аясында жалғасуда. Сонымен қатар соңғы үш жылда этносаралық тәуекелдердің алдын алу мақсатында облыстық «Достық керуені» жобасы жүйелі түрде іске асырылып келеді.
Мемлекеттік тілді дамыту бағытында «Мәміле», «Ұлы даланың ұлтаралық тілі», «Мың бала» жобалары іске асуда. Ал көпмәдениетті ортаны қалыптастыру мақсатында құрылған «Достық» театры дүнген, өзбек, қарашай-балқар, орыс, неміс, түрік жастарын біріктіреді. Театр ұжымы қазірге дейін Шерхан Мұртазаның «Интернат наны», Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» және Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» қойылымдарын сахналаған.
Өңірде этномәдени бірлестіктер жанынан 30 дан астам шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Мәдени-ағартушылық бағытта «Елтану» жобасы аясында «Музыкалық аспаптар әлемі» экспозициясы ашылып, облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы: бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» көрмесі ұйымдастырылған.
«Қоғамдық келісім» мекемесі жастарды да назардан тыс қалдырмаған. Былтыр өңірдегі оқу орындарында студенттік ассамблеялар ашылып, «Еңбек – елдің ертеңі» жобасы аясында «Жомарт жан» орталығы 30 колледж студентінің 4,3 миллион теңге көлеміндегі оқу ақысын төлеуге қолдау көрсетіпті.
Еліміздегі жаңа конституциялық реформаларға сәйкес бұл бағыттағы жұмыстар жаңаша сипат алып, одан әрі жетілдірілуде. 2026 жылғы наурызда өткен жалпыхалықтық референдум Қазақстанның саяси жүйесін түбегейлі жаңартып, мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне жол ашты. Ата Заңға енгізілген ауқымды өзгерістер билік тармақтарының құрылымын қайта қарап қана қоймай, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы орны мен қызметін мүлде жаңа арнаға бұрды.
Қабылданған Конституцияға сай Қазақстан халқы Ассамблеясы таратылып, оның орнына Халық кеңесі құрылады. Жаңа орган 1995 жылдан бері этномәдени бірлестіктердің негізгі алаңы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының озық тәжірибелерін сақтайды. Кеңес құрамында этномәдени бірлестіктерден 42 өкілдің болуы көзделген, бұл Қазақстандағы барлық этностардың тікелей қатысуын қамтамасыз етеді.
Халық кеңесі әлеуметтік қырларды да біріктіретін, анағұрлым ықпалдасқан институтқа айналады. Бұл қақтығыстар қаупін азайтып, алдын алу диалогын дамытуға ықпал етеді, мұндай формат урбанизация мен көші-қон үдерістері күшейген қазіргі жағдайда аса маңызды. Кеңес этностарды толеранттылық пен азаматтық теңдік қағидаттарына негізделген біртұтас қазақстандық бірегейлік моделіне біріктіруге ықпал ете алады. Халық кеңесі өзінің құрылымы мен жоғары консультативтік орган ретіндегі мәртебесінің арқасында азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің қатысу деңгейін едәуір арттырады.
Ассамблеядан айырмашылығы сол, жаңа кеңес құрамына ірі қоғамдық бірлестіктерден 42 өкіл және мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден 42 өкіл енеді. Бұл этникалық, әлеуметтік және аумақтық мүдделер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етіп, азаматтарға осы арналар арқылы конституциялық реформалардан бастап экономикалық бағдарламаларға дейінгі мемлекеттік бастамаларға ықпал етуге мүмкіндік береді.
«Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметі де мазмұндық тұрғыда жаңа бағыттарға бейімделеді. Ең алдымен, өңірдегі өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды саралап, нақты ұсыныстарды тиісті деңгейге жеткізу жұмысы күшейтіледі.
Сонымен қатар этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау бағыты негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайту – кез келген реформаның табысты жүзеге асуының басты кепілі. Осы ретте Ассамблея институттарының әлеуетін тиімді пайдалану арқылы қоғамдық келісімді одан әрі дамытуға басымдық беріледі.
Тағы бір маңызды бағыт – ашықтық пен кері байланысты күшейту. Ол үшін қоғамдық қабылдаулар, диалог алаңдары, сараптамалық кездесулердің форматын жаңғыртып, олардың нәтижелілігіне баса мән беріледі.
Халық кеңесінің әлеуеті – Ассамблея мен құрылтай тәжірибесін біріктіретін бірыңғай платформа. Кеңес этностардың, өңірлердің және әлеуметтік топтардың өкілдігін қамтамасыз етіп, қоғамның фрагментациясына жол бермейді. Оның отырыстары өзекті әрі сезімтал мәселелерді ерте кезеңде шешуге мүмкіндік беріп, толеранттылық пен біртұтас Қазақстанның ортақ бірегейлігін ілгерілетеді.
Ел тұтастығы мен халық бірлігі – қай кезеңде де мемлекетіміздің басты құндылығы. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан игі бастамалар мен реформалар ел дамуының жаңа белесін айқындап, қоғамдық келісімнің жаңа үлгісін қалыптастырары хақ. Осы тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясының трансформацияланып, Халық кеңесі ретінде қайта құрылуы ел бірлігін одан әрі нығайтуға ықпал ететін байыпты бастама болмақ.
Ақтоты Жаңабай