Заң

Мыжылған көлік пен VR-көзілдірік: Таразда жүргізушілерге ерекше ескерту жасалды

Жамбыл облысында жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында кезекті профилактикалық акция өтті. Тараз қаласының көшелеріне жол-көлік оқиғаларынан зақымданған автокөліктер мен мопедтер қойылып, жол ережесін елемеудің салдары көрнекі түрде көрсетілді, деп хабарлайды arainfo.kz

Іс-шараға полиция қызметкерлерімен қатар мектеп оқушылары, жоғары оқу орнының студенттері де қатысып, жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін ескертті.

— Өңірде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Нәтижесінде жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары 19,5%-ға төмендеді. Мұндай шаралар жас буынның жолдағы жауапкершілігін арттырып, құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға ықпал етеді, — деп атап өтті Тараз қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Ермек Жақай.

Сонымен қатар мектеп оқушыларымен кездесу ұйымдастырылып, автокөлік, скутер және мотоциклдерді пайдалану кезінде жол ережесін бұзудың салдары нақты мысалдармен түсіндірілді. Жүргізушілерге виртуалды көзілдірік арқылы жол ережесін бұзу жағдайлары көрсетіліп, ықтимал жол апаттарын шынайы сезінуге мүмкіндік берілді. 

Аталмыш іс-шара өңірде жыл басынан бері 3-ші рет өткізілуде. Мұндай тәсілдер қарапайым ескертулерден гөрі әсерлі болып, жол қозғалысына қатысушыларды қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға үндейді.