Ғалымның хаты өлмейді
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Қапаш Тасболатұлының 100 жылдық мерейтойына арналған «Филолог, ұстаз – ұлт жанашыры» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті.
Жиынға Қазақстан мен шетелдік жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, ғалымдар, докторанттар, магистранттар, мектеп және колледж мұғалімдері қатысты.
Басқосу барысында модератор әрі басқарма мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректор Сейітжан Орынбаев алғы сөз алып, Қапаш Тасболатұлының ғылыми педагогикалық мұрасының ұлттық білім беру жүйесіндегі орнына тоқталды. Проректор ғалым еңбектерінің бүгінгі білім беру кеңістігінде қолданбалы маңызға ие екенін атап өтіп, қазіргі цифрлық дәуірде филолог ұстаздардың кәсіби бейнесі жаңа мазмұнмен толыққанын жеткізді. Білім беру үдерісіндегі инновациялар мен цифрлық шешімдерді тиімді пайдалану уақыт талабы екенін айтты.
Ал филология ғылымдарының кандидаты, профессор Зиба Құламанова Қапаш Тасболатұлының ұстаздық жолы мен ғылыми мектебінің тағылымдық қырларына тоқталып, оның әдістемелік көзқарастары ұлттық педагогикамен тығыз сабақтас екенін атап өтті.
Конференция барысында Қапаш Тасболатұлының өмірі мен ғылыми жолына арналған бейнебаян көрсетіліп, оның ұстаздық болмысы мен ғылыми еңбектерінің мәні кеңінен таныстырылды. Бұдан кейін пленарлық отырыс ғылыми баяндамалармен жалғасын тапты.
Алғашқы баяндамалардың бірін АҚШ-тағы, Калифорния университетінің профессоры, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты Назгүл Шыңғысова жасады. Профессор «Жоғары білім берудегі жасанды интеллект технологиясын студенттердің қабылдауы» тақырыбында сөз сөйлеп, қазіргі білім беру жүйесіндегі жасанды интеллектінің рөлі, студенттердің цифрлық дағдылары және оқу үдерісіндегі жаңа мүмкіндіктер мен сын-қатерлер туралы ғылыми талдау жасады.
Солтүстік Македониядан келген доцент Мейрамкүл Исаеваның «Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің жоғары оқу орны мен мектептің білім беру орнындағы қолданылуы» тақырыбындағы баяндамасында білім беру жүйесінің цифрлық трансформациясы, оқытушы рөлінің өзгеруі және жаңа педагогикалық модельдер қамтылды. Ал қырғызстандық Үпөл Керимканова өз еліндегі 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу тәжірибесімен бөлісіп, жаңа оқыту құралдарының енгізілуі мен білім мазмұнының жаңару бағыттарын таныстырды.
Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Шолпан Құдиярова педагогтардың цифрлық құзыреттілігін арттыру жолдарын қарастырып, заманауи мұғалімнің ақпараттық ортаға бейімделуінің маңызы туралы ойларын ортаға салды. KIMEP университетінің профессоры Айнұр Әбіш болса, «Stance and interrogatives in Kazakh» тақырыбында ағылшын тілінде баяндама жасап, қазақ тіл біліміндегі синтаксистік құрылымдарды халықаралық ғылыми кеңістікке шығару мәселесін көтерді.
Конференция барысында профессор Сәмен Құлбарақ Қапаш Тасболатұлының әдістемелік мұрасына тоқталып, оның сабақ талдау қағидаттарының бүгінгі педагогика ғылымындағы маңызы жайлы ой қозғады.
Сонымен бірге көркем әдебиет пен оқыту әдістемесіне қатысты баяндамалар ұсынылды. Маңғыстау облысынан келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің педагог зерттеушісі Сайра Құлтөреқызы көркем шығарма мен мінез сабақтастығын талдап, әдебиеттің тәрбиелік әлеуетін айқындады. Ал өзге баяндамаларда оқу сауаттылығын дамыту, мәтінмен жұмыс жүргізу және эмоционалдық интеллектті қалыптастыру мәселелері қарастырылды.
Конференцияның келесі бөлігінде ономастика, тіл саясаты, ұлттық бірегейлік, топонимия және әдебиеттің әлемдік процестермен байланысы сияқты өзекті ғылыми бағыттар бойынша баяндамалар тыңдалды. Ғалымдар ұлттық тіл мен мәдениетті сақтау, оны жаһандық кеңістікке бейімдеу мәселелерін жан-жақты талқылады.
Секциялық жұмыстар барысында журналистика мен филологияның цифрлық трансформациясы, білім беру жүйесіндегі жаңа әдістер, жасанды интеллектінің оқу үдерісіне әсері және тілдік зерттеулердің заманауи бағыттары бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, бірқатар ғылыми ұсыныстар білдірді.
Ғылыми жиын қорытындысы бойынша конференция қатысушылары филология ғылымын дамыту, білім беру сапасын арттыру, ана тілінің мәртебесін көтеру және ұлттық мәдени мұраны сақтау бағытында бірқатар нақты ұсыныстарды қамтитын резолюция қабылдады.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, жиын жұмысына белсенді қатысқан ғалымдар мен мамандарға жылы лебіздерін жеткізді.
С.НҰРБОЛҚЫЗЫ