Қоғам

Өмірі – өнеге, өлеңі – мұра

Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында ақын, сазгер, Талас ауданының Құрметті азаматы Битама Мырзамбетұлының 90 жылдығына арналған «Өмірі – өнеге, өлеңі – мұра, Би аға» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Кеш шымылдығы ақынның өмір жолынан сыр шертетін театрландырылған қойылыммен түріліп, көрерменді бірден әсерлі атмосфераға жетеледі. Сахналық көріністе ақынның азаматтық болмысы, шығармашылық мұрасы мен тағдырлы ғұмыры көркем тілмен өріліп, көпшілік көңілінен ерекше орын алды.

Салтанатты жиында Талас ауданы әкімінің орынбасары Дәулет Төленді сөз сөйлеп, Битама Мырзамбетұлының ел руханиятындағы елеулі орнын айрықша атап өтті. Ол ақын мұрасын ұлықтау ұлт руханиятына көрсетілген құрмет екенін жеткізді.

Кеш аясында ақын шығарма шы лығын дәріптеуге бағытталған «Ақыл – қазы,ар – таразы» атты аудандық мәнерлеп оқу байқауы өтті. Сайысқа жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, ақын-журналист Азамат Есалы және айтыскер ақын, журналист Есет Досалы қазылық етті. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Индира Қансейіт еншіледі. Бірінші орынды Нұрбақыт Әзімхан иеленсе, ал жүлделі екінші орын Дария Серік пен Назерке Қанатқа бұйырды. Асылжан Лесбек пен Диана Бадырова үздік үштікті түйіндесе, Томирис Мұхтар арнайы жүлдемен марапатталды.

Әдеби-сазды кеш барысында ақынның жүрекке жетер жырлары оқылып, сазды әндері көрерменге жол тартты. Ақынның қызы, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Жанар Битамақызы «Жан әкем» әнін орындап, әке рухына деген сағыныш пен құрметін сездірді.

Ал ақынның тұңғыш немересі, дәстүрлі әнші Айгүл Мақашова «Насихат термесі» мен «Арман ай» әндерін орындап, көрермен ықыласына бөленді. Сондай-ақ «Ақ тілек» әні «Талас» триосының орындауында көпшілікке ұсынылды.

Кештің ерекше сәттерінің бірі ақынның ұлы Бауыржан Мырзамбетовтің «Балама хат» әнін орындауы болды. Әке мен бала арасындағы терең сезім мен тағылымды ойға құрылған бұл туынды көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Сонымен қатар мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Дүйсенбек Өміралиевтің орындауындағы туындылар кеш мазмұнын байыта түсті. Әнші, сазгер Нұрым Қойгелдиев «Сағынамын» әнін шырқап, Зәуре Сатыбалдиевамен бірге «Би аға, Битама аға» әнін орындап, кештің көркін аша түсті.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                    Сымбат ҚУАНЫШ,

Қаратау қаласы