Әлеумет

Тренингтен студенттер көп тренингтен студенттер көп ой түйіп қайтты

Қазіргі таңда өз-өзіне қол жұмсау, яғни суицид мәселесі қоғамда өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Тіпті жастар арасында өз өмірін қию алаңдатарлық деңгейде белең алуда.

Осыған орай «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығының психолог мамандары Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің 1-2-курс студенттеріне арналған «Жастар арасындағы суицидтің алдын алу және психологиялық қолдау көрсету жолдары» тақырыбында тренинг өткізді.

Кездесу барысында студенттермен ашық әңгіме жүргізіліп, өмірлік қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау, эмоцияларды басқару, күйзелістен шығу жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар қатысушылар түрлі психологиялық жаттығуларға белсене қатысып, өз ойларымен бөлісті.

Тренинг аясында психолог мамандар арнайы психологиялық әдістемелерді қолдана отырып, университет оқытушыларына да студенттердің психологиялық жай күйін тану және қолдау көрсету бағытында тәжірибелік жаттығулар өткізді.

Мұндай кездесулер жастардың психологиялық сауаттылығын арттырып, өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға оң әсер етеді.

Сондай-ақ орталықтың психолог мамандары Жамбыл жоғары медициналық колледжінде де «Стресті басқару – өмірге бейімделу» тақырыбында тренинг ұйымдастырды. Тренингтің мақсаты – студенттердің стресс жағдайында өзін-өзі дұрыс ұстай білуін дамыту, эмоцияны басқару дағдыларын қалыптастыру және психоэмоционалдық тұрақтылықты арттыру болды. Студенттер күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарда сабыр сақтап, өзін тиімді реттеу жолдарын меңгерді.

Кездесу барысында студенттер күйзелістің пайда болу себептері мен оның белгілері туралы ақпарат алып, оны жеңудің түрлі тәсілдерімен танысты. Сонымен қатар практикалық жаттығулар арқылы өз көңіл күйлерін бақылау мен ішкі тепе теңдікті сақтау жолдарын тәжірибе жүзінде үйренді.

Құралай Сейсенбекқызы