Қоқысты сұрыптауға қаншалықты көңіл бөлінуде?
Бүгінгі таңда қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар мәселесі әлемнің көптеген елінде өзекті тақырыпқа айналған. Қазақстан да осы сынды мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Күн сайын мыңдаған тонна қоқыс шығарылып, оның басым бөлігі полигондарға жөнелтіледі. Алайда қайта өңделіп, қажетке жарайтын материалдардың көлемі әлі де тым аз. Бұл мәселенің басты себебі – адамдар арасында экологиялық мәдениеттің жеткілікті деңгейде қалыптаспауы.
Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 4-5 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық пайда болады екен. Оның тек шамамен 15-18 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі, қалған бөлігі қоқыс полигондарына жиналады. Уақыт өте келе бұл полигондар экологиялық апат аймағына айналып, жер қабаттары мен топыраққа ғана зиян тигізіп қоймай, жерасты суларына да залал келтіреді.
Біздің түсінігімізде экологиялық мәдениет – тек табиғатты қорғау емес, ол әр адамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс әдет. Өкінішке қарай, тұрғындардың басым бөлігі қоқысты сұрыптауға әлі де бейімделмеген. Қағаз, пластик, шыны сияқты қайта өңдеуге болатын материалдар жалпы қалдықпен бірге полигонға кетеді. Бұған қоқыс сұрыптайтын жәшіктердің жеткіліксіздігі, қоғамды ақпараттандыру мен түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі және тұрғындардың жеке жауапкершілігінің төмендігі сынды жағдайлар себеп болып отыр.
Қоқыс мәселесін ретке келтіруде арнайы контейнерлер алаңын жаңғыртудың маңызы зор. Осы орайда біз Тараз қаласындағы ахуалды білу мақсатында «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-на хабарласқан едік. Бізге мекеменің өндірістік-техникалық бөлімінің маманы Данияр Бекқожаев жауап берді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жыл сайын жүйелі түрде атқарылып келеді.
– Қаламыздың тазалығы біздің бақылауымызда. Қазіргі уақытта шаһар аумағында жалпы саны 1 600 дана қоқыс жәшігі орнатылған. Әрине, бұл нысандардың сапасына қатысты сұрақтардың туындауы заңды. Бұл жәшіктердің сапасын орташа деңгейде деуге болады. Сондықтан біз тозығы жеткен, пайдалану мерзімі өткен жәшіктерді жыл сайын жаңартып отырамыз.
Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу – экономикалық тұрғыдан да, экологиялық жағынан да тиімді. Мысалы, пластик қайта өңделсе, ол жаңа тұрмыстық заттар мен құрылыс материалдарына айналады. Қоқыс жәшіктерінің де жаңартылуы шағын аудандар арасында жинақылықты көрсетеді. Тараз қаласының тұрғыны Марал Айтбаева мұндай жаңалықтардың қала тазалығы үшін маңызы зор екенін айтады.
– Наурыз айында біздің үй жақтағы ескі қоқыс жәшіктерін жаңартқан болатын. Жаңа жәшіктер әкелінгеннен кейін ауламыздың көркі кіріп, тазалығы да айтарлықтай жақсарды. Бұрынғыдай шашылып жатқан қоқыс азайып, бәрі ретімен жиналатын болды. Оның үстіне жаңа контейнерлердің сыртында қоқысты сұрыптауға арналған арнайы белгілер бар екен.
Сол белгілерде көрсетілгендей, яғни қоқысты түріне қарай бөліп тастап жүрміз. Барлық қоқысты араластырып тастауға үйреніп қалған бізге алғашында сұрыптау біразбейімделуді талап етті. Бірақ уақыт өте келе бәріміз дағдыланып кеттік. Әсіресе жас балалар да қоқысты біртіндеп сұрыптап тастауға үйреніп жатыр. Олар үлкендерге қарап қана қоймай, белгілерге назар аударып, қай қоқысты қай жәшікке салу керектігін түсіне бастады.
Алайда қоқыс алаңы тазартылып, қоқыс жәшіктері жаңартылғанымен, тұрғындар арасында тазалық мәдениеті сақталмаса, бұл шаралардың нәтижесі ұзаққа бармайды. Тазалық мәселесі бойынша зерттеу жүргізіп жүргенімізде қоқыс апара жатқан тағы бір қала тұрғынын көзіміз шалды. Ол жәшік сыртында арнайы белгілер тұрса да еш іркілместен барлық қоқысты бір контейнерге тастай салды. Жақынырақ келіп жөн сұрасқанда қала тұрғыны өзін Санжар Асанбай деп таныстырды.
– Қоқысты сұрыптайтын уақытым жоқ, одан бөлек «бәрібір кейін араласып кетеді» деген оймен көбіне сұрыптамаймын. Оның үстіне қоқысты бөліп тастағаннан ештеңе өзгермейтіндей көрінеді. Қайта өңдей ме, өңдемей ме, көзге көрінер нәтиже байқалмайды. Сондықтан кейде мұның бәрі тек артық әуре сияқты әсер қалдырады.
Тұрмыстық қалдықтарды әр контейнерге жеке-жеке бөліп салу да уақыт алады. Күнделікті жұмыстың арасында оған арнайы уақыт бөлу оңай емес. Сол уақытты басқа пайдалы іске жұмсағанды дұрыс көремін. Оның үстіне бір екі рет асығыс кезде бәрін бір жәшікке тастай салсаң ештеңе бола қоймас.
Қоқыс пен қалдықтарды басқару – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру арқылы біз табиғатты қорғап қана қоймай, келер ұрпаққа таза орта қалдырамыз. Әрбіріміз өз тұрмысымызда қоқысты сұрыптап, қайта өңдеу мәдениетін ұстансақ, еліміздің экологиялық жағдайы әлдеқайда жақсарады.
Сымбат ҚУАНЫШ