Брифинг

Тексеру комиссиясы талай былықтың бетін ашты

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының 2025 жылғы жұмысының қорытындылары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Жиынға облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Нұржан Тұрлыбеков қатысып, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде кеңінен баяндады.

Брифинг барысында спикер тексеру комиссиясының басты мақсаты өңірдегі қаржылық тәртіпті нығайту екенін айтты. Сонымен қатар бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету – маңызды бағыттардың бірі. Осы арқылы мемлекеттік қаржының ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру көзделетінін жеткізді.

– Мемлекеттік аудит – тек кемшілікті анықтау емес, олардың алдын алудың маңызды тетігі. 2025 жылға арналған жоспар толық көлемде орындалды. Есепті кезеңде 16 мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау іс-шарасы жүргізілді, оның ішінде 8 аудиторлық және 8 талдамалық бағыт қамтылды. Аудит 117 мемлекеттік мекемені қамтыды, қосымша 10 нысан үстеме тексерумен қаралды. Жалпы 136 миллиард теңгеден астам қаражат аудитпен қамтылды, оның басым бөлігі жергілікті бюджетке тиесілі.

Бұдан кейін Н.Тұрлыбеков аудит қорытындыларының нақты көрсеткіштеріне тоқталды. Қаржылық бұзушылықтардың басым бөлігі бухгалтерлік есеп жүргізудегі олқылықтарға тиесілі. Бұдан бөлек бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану мен жоспарлау деректері де кездескен. Бұл мемлекеттік мекемелердегі қаржылық басқару сапасын арттыру қажеттігін көрсетеді. Рәсімдік бұзушылықтар ішінде мемлекеттік сатып алу саласы ерекше назар аудартады. Сонымен қатар құрылыс және қала құрылысы бағытында да заң талаптарының сақталмауы анықталған. Мұндай жағдайлар бақылау жүйесін күшейту қажеттігін аңғартады.

Аудит нәтижесінде анықталған қаражаттың бір бөлігі қалпына келтірілуі тиіс. Қазіргі таңда оның белгілі бір көлемі бюджетке қайтарылып, қалған бөлігі бойынша жұмыстар жалғасуда. Жауапкершілік мәселесінде нақты шаралар қабылданған. Бірқатар қызметкер тәртіптік жазаға тартылып, әкімшілік айыппұл салынған. Кейбір жағдайларда іс сотқа жолданып, құқықтық шешімдер қабылданған. Тіпті заңсыз әрекеттерге жол берген тұлғалардың қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны да белгілі болды.

Аудит қорытындылары тұрақты түрде талқыланып, оған мәслихат депутаттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып келеді. Бұл ашықтық қағидатын нығайтып, қоғам сенімін арттыруға ықпал етеді. Жоғары аудиторлық палата жүргізген бағалау нәтижесінде тексеру комиссиясының қызметі «тиімді» деп танылған. Көрсеткіштердің жақсаруы жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін аңғартады.

Жалпы биылғы қорытындыларға сүйенсек, өңірдегі қаржылық бақылау жүйесінің нығайып келе жатқаны байқалады. Мемлекеттік аудит тиімді басқарудың маңызды құралы ретінде өз рөлін айқындап отыр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ