Әлеумет

Басылымдар оқырманымен ғұмырлы

Жуырда «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымының өкілдері іссапармен облысымызға келіп, Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өңірлік БАҚ өкілдерімен және оқырман қауыммен жүздесті.

Қазақ басылымдарын насихаттап, таныстыруды мақсат тұтқандар қатарында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары – Алматы басылымдарының жетекшісі Бағашар Тұрсынбайұлы, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Балжан Шылғаубай, «Балдырған» журналының бас редакторы Ерғали Бақаш, «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова, «Дружные ребята» газетінің бас редакторы Ольга Рыбкина, «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев болды.

Басқосуды ашқан облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман алыстан ат арытып келген қонақтардың сапарының маңыздылығына тоқталды.

– «Қазақ газеттері» серіктестігінің өкілдері кеше ғана Қордай ауданында болып, бүгін ежелгі Тараз төрінде оқырмандармен жүздесуге келіп отыр.

Ал келесі кезекте сөз алған Жаңабай Миллионов саладағы өзекті мәселелер туралы өткір ойларын ортаға салды.

– «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты басылымдардың біздің руханиятымыздағы орны ерекше екені даусыз. Сондықтан әріптестерімізбен жүздескенімізге қуаныштымыз.

Өзім ардагер болсам да бүгінде облыстық «Ғұмыр-Дария» тарихи-танымдық газетін шығарып отырғандықтан саладағы қордаланған мәселелердің барлығы етене таныс. Біздің мұңымыз бен жырымыз ортақ, сондықтан бір-бірімізге моральдық тұрғыдан демеу болуға тиіспіз.

Қазіргі таңдағы ең басты түйткіл – газет-журналдардың оқырманға жетуі, яғни «Қазпоштаның» жұмысы. Осыншама маңдай тер, ерен еңбекпен шығып жатқан басылымдардың ауыл-аймақтағы халықтың қолына дер кезінде тимеуі – үлкен қасірет. Жақында ғана Жамбыл ауданында болғанымда зейнеткерлер мен ақсақалдардың пошта қызметіне көңілі толмай зар илеп отырғанын көрдім. Газет бағасын бірнеше есе қымбаттатқанымен қоймай, оны жеткізу ісін мүлдем ақсатып алды. Тіпті аптасына бес рет шығатын «Egemen Qazaqstan» газетінің өзі оқырман қолына уақытылы тимейді. Біздің қолымызда қоғамдық пікір қалыптастыратын қалам деген қару бар. Осы күшті пайдаланып, «Қазпоштаның» селқостығымен бірлесе күресуіміз қажет.

Тұшымды ойлар талқыға салынған басқосуда сөз алған Бағашар Тұрсынбайұлы іссапардың мән-мағынасын айта келіп, жоғарыда сөз болған мәселелерге қатысты серіктестік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды

.– Мектептерде өтетін кездесулерде балалар мен мұғалімдер тарапынан «Бұл газет журналдар әлі шығып жатыр ма?» деген сұрақтың қойылуы – ұлт ретінде бізді қатты ойландыруы тиіс мәселе. Оқырманның дәстүрлі басылымдарды керек етпейтін дүниедей көруі немесе оның барынан хабарсыз болуы көңілге кірбің ұялатады. Сондықтан біз Алматы қаласынан бастап, Алматы, Жетісу, Абай облыстарын аралап, бүгін міне, Әулиеата өңіріне арнайы ат басын бұрып отырмыз. Біздің мақсатымыз – біреуден жазылым талап етіп, «террор жасау» емес, ғасырлық тарихы бар басылымдарымыздың әлі де тірі екенін, олардың ұлт руханияты үшін маңыздылығын насихаттау және халықты құлақтандыру. Күні кеше Қордай ауданында өткен кездесулерде жергілікті билік өкілдері мен тұрғындар баспасөздің қадір-қасиетін түсініп, жылы қабылдады.

Қазіргі таңда «Қазпоштаға» қатысты түйткілдер біздің де негізгі бас ауруымызға айналды. Күн сайын редакцияға оқырмандардан газеттің уақытында жетпеуіне байланысты арыз-шағымдар толассыз түседі. Біз әр өңірдегі пошта басшыларына тікелей шығып, әрбір түбіртектің ізімен жеткізу жұмыстарын бақылауға тырысып, айқай-шумен жүріп жұмыс істеудеміз. Бұл бүкіл қазақ басылымдарына ортақ мәселе болғандықтан бірлесе көтеруге мүдделіміз.

Біз тек дәстүрлі форматпен шектелмей, заман талабына сай әлеуметтік желілер мен жаңа техникалық құралдарды да белсенді пайдаланып жатырмыз. «Ұлан», «Ақжелкен», «Балдырған» секілді балалар басылымдары мен «Ақиқат», «Мысль» сияқты салмақты журналдарымыз өскелең ұрпақтың жетістігін паш етуге әрқашан дайын. Кезінде Оралхан Бөкей, Сауытбек Әбдірахманов сынды ағаларымыз салған өңірлерді аралау дәстүрін жаңғырту арқылы халықпен тікелей байланыс орнатқымыз келеді. Баспасөздің бары – тіршіліктің бары. Осындай іссапарлар өзара ынтымақтастықты нығайтып, тарихи басылымдардың екінші тынысын ашуға септігін тигізеді деп сенеміз. Төріне шығарып, жылы ілтипатпен қарсы алған Жамбыл жұртшылығына айтар алғысымыз шексіз, – деді Бағашар Тұрсынбайұлы.

Басқосу барысында республикалық «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, осы басылымның бас редакторының орынбасары Амангелді Әбіл, «АR-AI» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков, «Aq jol» газетінің тілшісі Марат Құлибаев газет журналдардың таралымы, цифрландыру, келешек ұрпақ пен жастарды қызықтыру, оқырман тарту сынды түйткілдерді тілге тиек етті.

Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ