Шекара шебіндегі қырағы күзет
Кез келген мемлекеттің дамуы, тыныштығы мен тұрақтылығы шекарасының мызғымас беріктігімен өлшенеді. Жұрт алаңсыз ұйқыға кеткен сәтте елдің шетінде, желдің өтінде Отанымызды кірпік қақпай күзететін шекарашылардың еңбегі – ерлікпен парапар. Бұл абыройлы да қасиетті міндет.
Осындай жауапкершілігі зор міндетті арқалаған бөлімшенің бірі – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі облыс бойынша департаментіне қарасты «Жасөркен» шекара бөлімшесі.
Жақында аталған бөлімшеге жолымыз түсіп, шекара шебіндегі күнделікті жұмыс барысына, сарбаздардың қатаң тәртібі мен жоғары дайындық деңгейіне, олардың ел қауіпсіздігі жолындағы табанды еңбегіне куә болып қайттық.
Шекара бөлімшесінің іргетасы 2012 жылы қаланған. Қазіргі таңда бөлімшеге Данияр Баширов басшылық етеді. Біз барған сәтте шекара бөлімшесінің бастығы кезекшілігін атқаруға аттанатын жауынгерлерге тапсырма беріп жатты. Ізін ала міндеттеріне тастүйін дайын сарбаздар қызметтік көліктеріне жайғасып, шекара шебін күзетуге шықты.
Бөлімше бастығының айтуынша, мұнда қару-жарақ пен байланыс құралдарының жарамдылығы, кезекшілікке шығар алдындағы (наряд) нұсқама, қауіпсіздік талаптары, қызметтік құжаттардың дәлдігі және жеке құрамның моральдық-психологиялық дайындығы бәрі бір жүйемен, бір ырғақпен жүргізіледі.
- Шекара бөлімшесінің негізгі міндеті
Бөлімшедегі кеңсе, қызмет атқару орындары және жеке құрамға арналған жатын бөлмелер талапқа сай жабдықталған. Сонымен қатар бөлімше аумағында офицерлер құрамына арналған тұрғын үй бар. Онда осы жерде қызмет ететін офицерлер өз отбасыларымен бірге тұрады екен. Әскери қызметшілерге арналған жатақхана да қарастырылған. Келісімшарт бойынша қызмет атқаратын әскери қызметшілердің бір бөлігі 50 пайыздық жүйемен орналастырылады, яғни олардың жатын орнының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленеді. Қалған бөлігі үшін тұрғын үй төлемдері берілетіндей жағдай жасалған. Ал бөлімшеде емес, сыртта тұратындар, яғни өз баспанасы бар қызметкерлер жұмыс уақыты аяқталғанда да атқаратын міндеті болмаса үйлеріне қайтады. Ал 50 пайыздық жүйемен тұратындар бөлімшеде қалады. Бөлімшеде сол секілді автокөліктерге арналған тұрақ та бар. Ол жерге қысқы және жазғы техникалар қойылған.
Бөлімше бастығының сөзіне сүйенсек, өткен жылы «Жасөркен» шекара бөлімшесі таулы аймақта барымташылық фактісінің алдын алып, барлығы 107 жылқыны ұстаған. Бұл жылқыларды барымташылар Қырғыз Республикасынан Қазақстан Республикасына заңсыз өткізбек болған. Сол секілді биыл қаңтар айынан бері бөлімше 5 мемлекеттік шекара бұзушыны құрықтаған. Олардың екеуі күрд ұлтының өкілі болса, үшеуі Пәкістан Республикасының азаматтары. Олардың Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат беретін құжаттары, оның ішінде жеке басын куәландыратын паспорттары болмаған. Сол себепті ресми өткізу пункттері арқылы өте алмай, шекараны заңсыз жолмен кесіп өтпек болған.

Жас та болса үлкен әскери ұжымға басшылық жасап отырған сұхбаттасушымыз Данияр Төлеуқажыұлы Абай облысы, Мақаншы ауданының тумасы. Әкесі Төлеуқажы Тасыбаев Мақаншы ауданындағы шекара басқармасында жұмыс істеген.
Данияр 2013 жылы орта мектепті аяқтап, 2014-2015 жылдары мерзімді әскери қызмет атқарған. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қабылданып, 2020 жылға дейін Майтал шекара бөлімшесінде қызметтік иттер нұсқаушысы болып жұмыс істеген. 2020 жылы Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара академиясына оқуға түсіп, төрт жыл бойы білім алған. 2024 жылдың тамыз айында Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы бойынша оңтүстік шекара басқармасына қарасты шекара бөлімшесі бастығының тәрбиелік және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалған. 2024-2026 жылдар аралығында осы лауазымда жұмыс істеп, 2026 жылдың 13 сәуірінен бері «Жасөркен» шекара бөлімшесінің бастығы болып еңбек етіп келеді. Отбасында 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр.
Бөлімшеде мерзімді әскери қызметшілермен, яғни сарбаздармен тәрбиелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Атап айтқанда, жергілікті мәдени орталықтармен, мешіт имамдарымен кездесулер өткізіледі. Сонымен қатар Тараз қаласындағы кинотеатрлар мен музейлерге экскурсиялар ұйымдастырылады.
Мұнда шекара бөлімшесі ашылған жылдан бері еңбек етіп жүрген әскери қызметкер бар. Ол – бөлімше старшинасы, 3-сынып сержанты Ербол Баймұхамбетов. Ол 2012 жылы жас сарбаз ретінде қызметін бастап, бүгінге дейін осы бөлімшеде үздіксіз еңбек етіп келеді.
Бөлімшеде Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар кезекшілік атқарып, жауынгерлік тапсырмаларды орындауда. Жас сарбаздар еліміздің әр өңірінен шақырылған. Олардың қатарында Қызылорда және Түркістан облыстарынан келген әскери қызметшілер де бар. Қызметке келгендеріне шамамен 7 айға жуықтаған жауынгерлер темірдей тәртіпке толықтай бейімделген. Тіпті мұндағы өмірді ұнатып, келісімшарт негізінде қызметін жалғастыруды жоспарлап жүргендері де кездеседі. Соның бірі – Түркістан облысынан келген қатардағы жауынгер Ербол Әміров.
Әскердегі жігерлі жігіттердің барлығы бір бірімен тез тіл табысып, бір үйдің баласындай араласып кеткен. Ортақ мақсат пен ортақ міндет оларды жақындастырып, нағыз жауынгерлік достықты қалыптастырған. Олардың қатарында Түркістан облысынан шақырылған Ерсұлтан Мәуленұлы да бар. Ол қатарластары арасында ұйымшылдығымен, сабырлылығымен және тапсырманы тиянақты орындауымен ерекшеленеді.– Әскери қызметке Жетісай ауданынан шақырылдым. Әскери өмірге тез бейімделдім, барлығы ойдағыдай өтіп жатыр. Отбасымда үш баламыз, мен үшіншісімін. Екі ағам бар, екеуі де әскерде болған. Алдағы жоспарым – әскерден кейін үйге оралып, әрі қарай білімімді жалғастыру. Жетісай қаласындағы №14 колледжде оқыдым, болашақта жоғары оқу орнына түсіп, IT саласында білім алғым келеді. Сонымен қатар отбасымызда өз шаруашылығымыз бар. Оны да дамытуды ойлап жүрмін, – дейді жас сарбаз.
Осындай іске бейімдігі мен жауапкершілігі жоғары «Жасөркен» шекара бөлімшесінің әскери ұжымы өткен жылы республика бойынша үздік бөлімше атаныпты. Жарқын жетістік сөзіміздің құрғақ мақтау емес екенін айғақтап тұрғандай.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ