Туған жерді түлеткен тазалық байқауы
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Меркі ауданында «Таза жүрек, таза аудан, таза болашақ» тақырыбында жастар арасында ерекше байқау өтті.
Жалпы байқау экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруды, сонымен бірге туған жердің тазалығына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымды қалыптастыруды мақсат тұтты.
Сайыстың ашылу салтанатында аудандық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Айтбек Күшікбай сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол экологиялық бастамалардың қоғам үшін маңыздылығына тоқталып, тазалық сақтау әр адамның ішкі мәдениеті мен тәрбиесінің айнасы екенін атап өтті.
Байқауға ауданның белсенді жастарынан құралған 9 команда қатысты. Командалар белгілі бір уақыт ішінде арнайы белгіленген аумақта тазалық жұмыстарын атқарды.
Сайыс қорытындысы бойынша «Таза ел – Нұрлы ел» командасы 139,9 келі қоқыс жинап, бірінші орынды иеленді. Ал 77,7 келі қоқыс жинаған «Бірлік» командасы екінші сатыға тұрақтаса, үздік үштікті «№9 Меркі колледжі 1» командасы түйіндеді. Олар 76,58 келі қалдық жинап үлгерген.
Бұған қоса «Кеңес жастары», «Экоқадам», «№9 Меркі колледжі 2», «№9 Меркі колледжі 3», «ECOLIFE» және «Жасыл әлем» командалары сайысқа белсенді қатысқаны үшін алғыс хатпен марапатталды.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ