Мәдениет

Жыр әлемінің жұлдызы

Облыстық айтыскер ақындар мен жыршы термешілер орталығында «Әулиеата» клубының жұмыс жоспары аясында «Жыр әлемінің жұлдызы – Жұлдыз» атты кездесу кеші өтті.

«Әулиеата» клубы – ұлттық жыршылық, термешілік өнерді жаңғыртып, оны жастар арасында кеңінен насихаттауға бағытталған жаңа шығармашылық алаң.

Іс-шараның құрметті қонағы – халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің ұстазы, дәстүрлі әнші, жыршы термеші Жұлдыз Ысқақов болды. Ол Аяз Бетпаевтың шығармашылығы бойынша магистрлік диссертация қорғаған, ақын мұрасын терең зерттеп, осы бағытта бірнеше кітап жарыққа шығарған білікті маман ретінде танымал.

Кеш барысында қонақ Аяз Бетпаевтың шығармашылығына кеңінен тоқталып, оның қазақ жыр өнеріндегі өзіндік орны мен рухани мұрасын жан-жақты талдады. Сонымен қатар «Жетісу әншілік-жыршылық дәстүріндегі Аяз Бетпаевтың орны» атты нота үлгілерімен жарық көрген кітабы мен ақынның 85 жылдық мерейтойына орай баспадан шыққан «Сауытбектің сарқыты – Аяз ақын» атты еңбегін орталық қорына сыйға тартты.

Қонақ кәде ретінде қазақ жыр өнерінің жауһар үлгілері – Жамбыл Жабаевтың «Жырбастау» туындысы мен Оспанқұл Жақаевтың Кенен Әзірбаевқа арналған көңіл айту жыры әсерлі орындалып, көрерменнің зор ықыласына бөленді.

Келесі кезекте жыршы Жұлдыз Ысқақовтың шәкірттері де сахна төрінен табылып, өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, Әбілмажан Қалижан Аяз Бетпаевтың «Кененге арнау» шығармасын, Совет Шапағат «Омар Хайямның рубайларын» жырлап, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Ал Орынбасар Мұхамедәлі Біржан салдың «Он саусақ» әнін нақышына келтіре орындап, кештің көркін аша түсті.

Тағылымы мол бұл кеш – «Әулиеата» клубының мазмұнды бастамасы ретінде ұлттық өнерді ұлықтап, жыршылық дәстүрдің сабақтастығын айқындаған, жастардың рухани танымын кеңейтуге бағытталған маңызды мәдени жоба.

Айжан ЕРКЕБАЕВА,

облыстық айтыскер ақындар,

жыршы-термешілер орталығының үйірме

жетекшісі