Жамбыл жаңалықтары

«TURGYNDAR AMANATY»-ның тиімділігі мол

Тараз қаласында «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты форум өтті.

Жиында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, қауіпсіздікті арттыру, тұрғындармен кері байланысты нығайту және МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) пен ПИК (пәтер иелерінің кооперативі) жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Форум жұмысына «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен коммуналдық сала өкілдері, сондай-ақ өңірдегі МИБ және ПИК басшылары қатысты.

Жиында сөз алған Шолпан Каринова жобаның негізгі мақсаты көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешу екенін айтты.

Өз кезегінде Ербол Шырақпайұлы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселелері әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды екенін, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейіне тікелей әсер ететінін жеткізді. Аймақ басшысының айтуынша, басты міндеттердің бірі – көпқабатты тұрғын үйлерді басқару ісіндегі ашықтықты күшейту, тұрғындардың сенімін арттыру және жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру.

Жиында Мұқаш Ескендіров елімізде тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында маңызды заңнамалық шешімдер қабылданып жатқанын мәлімдеді.Ал Қанат Мыңбаев көпқабатты тұрғын үйлерді басқару саласындағы қордаланған мәселелер туралы ойын ортаға салды.Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков облыс орталығында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.Форум барысында пәтер иелері кооперативі ассоциациясы төрағасының орынбасары Елена Цой мен «Ел аман – 2023» басқарушы компаниясының директоры Мирасхан Дауылбаев сөз сөйлеп, жобаның тұрғындардың мүддесін қорғаудағы рөліне жан-жақты тоқталды.Форум соңында қатысушыларға арналған оқыту семинары өтіп, тұрғын үйді басқару саласындағы тәжірибелік дағдыларды арттыруға мүмкіндік берілді.

Айжан ӨЗБЕКОВА