Жаңалықтар

Құс фабрикасының құрылысы басталды

Облысымыз еліміздегі құсшаруашылығы саласындағы көшбасшы аймақтардың бірі. Өңірдегі өндірістің негізгі қозғаушы күші ретінде «Әулие ата Феникс» және «ASA DAMU» секілді ірі кәсіпорындарды ерекше атауға болады.

Кеше Тұрар Рысқұлов ауданында тағы бір «Gakku Qus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асылтұқымды құсшаруашылығы бағытындағы ірі жобасының құрылысы басталды. Ет бағытындағы құсшаруашылығын дамытуға арналған екінші санаттағы асылтұқымды репродуктор зауытының құрылысы Каменка ауылында жүргізіліп жатыр.

Фабриканың іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жұмысқа сәттілік тіледі.

Мұнан соң ауқымды әрі әлеуметтік маңызы бар жобаның құрылтайшысы «Әулие-ата Феникс» ЖШС директоры Фарида Жүнісова сөз алып, фабриканың өңір экономикасына қосатын үлесіне тоқталды.

    Сондай-ақ Қарақыстақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алпысбай Оразбаев арнайы сөз алып, жаңа жобаның сәтті болуы үшін ақ батасын беріп, игі тілегін білдірді.
  Аталмыш жоба облыстық «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,6 миллиард теңгеге және меншікті қаражаты есебінен 780 миллион теңгеге қаржыландырылыпты. Нәтижесінде жаңа 100 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазығы жаңадан қағылған кәсіпорынның жалпы қуаттылығы жылына 60 миллион инкубациялық жұмыртқа шығаруға есептелген. Құрылыстың бірінші кезеңінде Тұрар Рысқұлов ауданында жылына 10 миллион жұмыртқа өндіретін нысан іске қосылады. 
  Зауыттың жергілікті халық үшін маңызы зор. Мұнда жұмыс істейтін қызметкерлердің 70-80 пайызы осы ауылдың тұрғындары болады. Кәсіпорынға Нұрлан Базарбаев жетекшілік етеді. Жаңа кәсіпорынның құрылысы 150 гектар аумақты қамтып жатқан жер учаскесінде жүргізілмек. Нысан құрылысын аяқтап, іске қосу 2027 жылдың І тоқсанына жоспарланған.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ