Жыр-ғұмыр
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметованың поэзиясы туралы ақжарма пікірлер уақытында көп айтылды.
1. «НАҒЫЗ АҚЫН» (Қ.МЫРЗАЛИЕВ)
«Күләш жырлары мені қатты қуантты», – деп жазды ірі ақын Әбділдә Тәжібаев. Ол көңіліне түйген шындықты сүйіншілеп, бар даусымен ақтарыла білдіретін. «Күләш Ахметова – көп ақынның бірі емес. Өз алдына бөлектеу тұрған сегіз қырлы, бір сырлы тұңғиық ақын», – деп таныды терең талғамды Қадыр Мырзалиев. «Күләштің жыры жүрегіңе сондай жылы, сондай жақын...», – деп қуанды Әбіш Кекілбаев кең толғаммен сыр шертіп. «Оның өмірі де, өнері де – өлең. Ол өлеңсіз өмір сүре алмайды. Өлең оның бүкіл болмыс-тіршілігіне айналып кеткен. Ол – жаңа жауған қардай жаны таза, жүрегі ізгілік пен иманға толы, барша адамзат баласын құшағына сыйдырғандай, қылдай қиянаты жоқ, ақ тілеулі ақын», – деді академик Мырзатай Жолдасбеков. «Өз басым кейінгі жас ақындарға қарап, тіпті екпіндеріне қауіптене қарап отырамын. Сондай қауіптене, сүйсіне қарайтын азғантай топтың ішінде Күләш бар», – деп толғанды сырттай сұсты көрінгенімен, жүрегі жылы Фариза Оңғарсынова.
Осынау өнер шоғырынан асырып ой айту мүмкін бе?! Өлең оқудың, ой қорытудың оңай еместігін Күләш ақынның туындыларын оқи отырып көңілге түйгендейміз. Өлең – проза емес. Соңына дейін оқып, бір-ақ демалатын. Әр өлеңнен соң ерікті-еріксіз кідіріп қаласың. Екінші бір өлең басқа көңіл күйге, тіпті қарама-қарсы полюске жетелей жөнеледі. Адамның жаны қаншалықты күрделі әр қилы болса, ақынның өлеңдері де сондай. Әр алуан бояуда, әр алуан нотада.
2. «СЕН – ҚАЗАҚСЫҢ!..»
«К.Ахметова тәуелсіздікке дейін лирикалық өлеңдерімен елге танылса, тәуелсіздік алғаннан кейін біржола азаматтық әуенге көшті» (М.Жолдасбеков) деген пікірде шындық бар.
Жұбан ақын «Мен қазақпын!» деп жырлады. Әбділда ақын «Біз қазақпыз» деп драма жазды. Күләш ақын Тәуелсіздік алған кезеңде «Сен – қазақсың!» деген өр рухты, қуатты өлеңін оқырманға бағыштады.
Неге? Оның түп астары тереңде болатын. 300 жылға жуық патшалық және кеңестік Ресейдің отарлығында болған елдің рухы әлсіреп, құлдық сана бойға дендей еніп, жұтылуға қарай бет алған халық болатынбыз. «Мың өліп, мың тірілген қазаққа» Жаратқан ие тағы да өз мүмкіндігін ашты. Ұлттық рухтың әлсіреп, кейбір саналарда көмескіленгенімен, біржола жойылып кетпегенін 1986 жылғы жастардың Желтоқсан сілкінісі көрсетті. Міне, Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық рухты жырлау, қалың қазақтың жүрегіне «елім», «жерім», «ұлтым» деген ата-баба аманатын ояту қажеттілігі күн тәртібінде тұрды. Ақындардың тарапынан көптеген өлең жазылды. Соның ішінде қайраткер, күрескер ақын биігіне көтерілген Күләш өлеңдерінің орны ерекше.
Сен – қазақсың!
Қазақ деген ел бөлек,
Қазақ салған соқпақ бөлек, жол бөлек.
Киіз үйі Жер сияқты жұп-жұмыр,
Шаңырағы Күн сияқты дөңгелек.
Сен – қазақсың!
Бір Алланың құлысың!
Адамға адам құл болғаны – құрысын.
Жойқын соғыс, зұлматтарда жойылмай,
Қалған ұлтсың. Қаһармансың, ұлысың, – деп басталатын өлеңнің әр жолдары өткен тарих пен ұлттық дәстүрдің шындығына суарылған. Жігерлі үн, асқақ рух. Бойында қазақтық қаны бар адамның санасын сілкіп оятқандай. Жүректерге от тастағандай. Біз кімнен кембіз? Ұлан-байтақ даланы аманаттаған ата-бабамыз қандай еді? Бұрынғы дәстүр-салтымыз, бір-бірімізге деген туыс-бауырлығымыз, жанашырлығымыз бен бірлігіміз қандай биік болатын? Өлеңде өміршең сауалдарға жауап ізделіп:
Сен – қазақсың!
Қазақ едің туғанда!
Онда дүние тағылымынан үлгі ал да,
Атажұрттан, Ана тілден айырылма,
Төбеңде Күн, төменде Жер тұрғанда! – деп түйінделеді. Бұл қылаудай жалғандығы жоқ ақынның шын сөзі, бүгінгі ұрпаққа айтқан аналық аманаты болатын. Әбділдә ақынның Күләштің көрікті өлеңдерін «плакатқа айналдырып, көпшілік жиналатын жерлерге іліп қояр едім» дейтіні бар. «Сен – қазақсың» өлеңінен келтірілген үзінділер әр үйдің шаңырағына ілініп, жүректерде жатталса, қанекей. Жершілдіктен, жүзге бөлінуден әлі де арыла алмай жатқан қазақтың ұлттық ұйысуына сеп болып жатса, қанекей.
Азаматтық лириканың осылай жүрекке жақын қабылдануын көптен ұшыратпап едім. Бәлкім, қолыма тимеген болар. «Елім», «жерім», «ұлтым» деген көптеген өлең оқыдым. Бірақ бірдеңесі жетпей тұрады. Содан соң тез ұмытылады. Ал Күләш ақынның азаматтық лирикасы ұмытылмайды. Ойыңда берік сақталады. Көңіліңе нұрлы сәулесін құяды. Жігеріңді жаниды. Мұның сыры неде? Ол – өлеңнің шыншылдығында. Әсіре даурығу, жалаң ұраншылдыққа бару жоқ. Жүректің түкпірінен, мың толғаныстан соң үлкен жауапкершілікпен дүниеге келеді. Осы өлеңнің өн бойынан ақынның туған елін, жерін сүйген шын азаматтық тұлғасы көрінеді. Ә.Кекілбаевтың Күләш ақын туралы мақаласында: «Бүгінде тар майдан, тайғақ кешу, талқы заман ғой. Сәті түсіп, тәуелсіздік алғанымызбен, арылып, азат бола қалғанымыз жоқ», – дейтіні бар. Ендеше, бүгінгі ұрпақтың иығына зор жауапкершілік жүктелген. Ал олар рухани, білім-ғылым, азаматтық тұрғыдан ешкімнен кем болмай, кім-кіммен де иықтаса тік тұруы керек-ақ. Күләш ақынның азаматтық лирикалары олардың қолына тиіп, жүректеріне жетсе, қанекей. Ақынның парызы да – осы. Оның «Қазақстаным», «Отанды сүю», Алматы, Астана, қазақтың жер-сулары, туған жер, халық туралы өлеңдерін тебіреніп оқисың.
Өзіңсің, Қазақстан, ән, арманым да,
Аяулым, алтын бесік, қара орманым да.
Бір нәрсе жетпейді деу қате болар,
Өзіңдей ұлан-байтақ далам барында,
Паң далам – Қазақстаным! («Қазақстаным»)
Әр тасың жай тас емес, жауһар маған,
Жақсы әтір – жалбызың мен қалампырың.
Әрбір тал шөбіңді де, шөліңді де,
Сүйемін сағынышпен, сағынышпен. («Отанды сүю»).
Міне, ақынның елін, жерін сүйген үлкен жүрек лүпілі. Қарақан басының қамынан асып, шырқау биіктен ой толғайды. Елінің, жерінің амандығын тілейді, бүгінгі ұрпақтың можантопай болмай, өр рухты, асқақ арманды болуын аңсайды.
3. СУ СИМФОНИЯСЫ
Ақынның қайбір өлеңдері көңіліңе образ болып құйылады. «Субұрқақтар – шаһарлардың шаттығы» – сондай өлең. Қазақтың даласын, өзгерген өңір мен жаңарған қалаларды, тамаша табиғат аясын асқақтата жырлау – Күләш ақын өлеңдерінің басты тақырыптарының бірі. Мұндай өлеңдерінен перзенттік қуаныш пен мақтаныш байқалады. Ақынның суреткерлік бай дүниетанымы мен ұшқыр қиялы көрінеді.
Аққұйын су атқылайды алапат,
Қадалады қыздың көзі қарақат.
Қайнап тұрған аңызақта, аптапта,
Судың сұлу сыңғырлары рақат!
Жанға ләззат жасампаздық күй кешу,
Әуезия әлемімен үйлесу.
Бүлдіршіндер күлкісіне қосылып,
Сыңғырла су, еркеле су, биле су!
Қайта әуеле! Көңілімді қоса өрлет,
Рахман нұры себілгендей әсерлі ет.
Алматының қолқа, өкпесін тазартып,
Төгіл, тула, найзағайлат, нөсерлет!
Бұл – Алматы субұрқағының көрінісі. Тамаша емес пе?! Ақын мен оқырман арасында жанды байланыс орнайды. Оқырманның да жандүниесімен, тұла бойымен сезінген сұлулығы, рақаты мен ләззаты құдыретті өлең жолдарына айналған. Динамика қандай! Су – байлық, тіршілік арнасы. Автор субұрқақтың адамға сыйлаған ғажайып әсерін, тартуын жырлаумен шектелмей, табиғатты аялауды, қадіріне жетуді де қозғайды. «Судың әнін суырылған тереңнен, Теңеп айтсам, әуезия дер ем мен» деп жаңа мән табады. «Алматыны Алла нұрға малып тұр!» деп қуанады.
Ел мен жердің сұлулығын, халықтың жомарттығын жырлаған мұндай өлеңдер К.Ахметова шығармашылығында мол.
4. «ЖАПЫРАҚ – ЖАЗДЫҢ ЖҮРЕГІ»
Мықты ақындардың шығармашылығында символдық мәнге ие болған ұғымдар кездеседі. Сәкен Сейфуллин өлеңдеріндегі «Асау тұлпар», Ілияс Жансүгіров поэзиясындағы дала, күй ұғымдары, Қасым Аманжолов лирикасындағы дауыл бейнесі, тағы басқалар.
Жапырақ – Күләш ақынның өлеңдерінде тіршілік философиясына айналған. Тіршіліктің сұлулығы, мәңгілігі мен өткіншілігі, уақытпен жарысып жаңарып, жасарып отыруы жапырақ образымен танылады.
Жапырақтар,
Әртүрлі ән құрарсыңдар,
Алдарыңда әртүлі тұрар сындар.
Нәзіктерім, сендермен сырласайын,
Менің нәзік жанымды ұғарсыңдар, – деп басталады цикл өлеңдері.
Жаз жайнаған жапырақтың ғұмыры мезгілмен байланысты. Уақытқа бағынбайтын не бар? Адам ғұмыры да жапырақ тәрізді. Көктемде бүршік атады, жазда жасыл желекке оранып, шулайды, билейді, күзде сарғаяды, толысады, ал күздің аяғы, қыста құлап жерге түседі.
Тыңдаңызшы!
Тым жақсы әндетеді.
Айтады олар:
Дүние сәнді екенін.
Бір жаманы –
Бұл ғұмыр қысқа екенін.
Бір жақсысы –
Тіршілік мәңгі екенін.
«Қараңызшы, дірілдеп қуанады, Жапыраққа жапырақ тиіп кетіп» деп қуанады. «Сабағынан сарғайып үзілгенше, Өмір биін билейді жапырақтар» деп ой түйеді. Ақынның көңілі сезімтал. Табиғаттың тылсымынан сыр түйеді. Табиғатпен, жаратылыспен өзін бір санайды. Альбом ішінен табылған сарғайған жапырақ ұлы ақынның өлеңіне айналған. М.Мақатаевтың «Жапырақ жүрек жас қайың» өлеңі ойға оралады. Күләш ақынның өлеңдері олармен үндесіп жатқанымен, өз алдына бөлек дүние.
Жапырақтар өртеніп жатыр сайда,
Жабырқаймын күзгі күн батырса ойға.
Ағаштарға дәл мендей іңкәрлікпен,
Қарамаған шығар-ау Хокусай да.
5. МАХАББАТ ДРАМАСЫ
Белгілі ақын Жүсіп Қыдыров: «Махаббат Күләш өлеңінде әртүрлі қалыпта көрінеді. Біржақты «сүйемін» емес, драмалық хал, психологиялық сәттер елес береді», – дейді. Орынды пікір. Күләштің махаббат лирикаларын оқи отырып, өз басыңның халін ойлайсың. Жарыңмен 40 жылдың үстінде, 50 жыл бірге ғұмыр кешіп, өмірімнің бәрі жаздай жайнап, жарқын өтті десең, ұлы өтірікке ұрынар ең. Кейде сенің жұмыстан мезгілсіз кешігіп келуің әйеліңнің жанына үлкен мазасыздық әкелуі мүмкін. Сәл нәрсеге түсініспей бұртия қалатының, өзімшілдігің тағы бар. Тіпті кейде орынсыз ренжітесің, туыстар арасындағы кикілжің жүрекке ауыр салмағын салып өтеді. Тағысын тағылар. Сонда да бірге қуанған, шаттанған сәттерің аз емес. Дүниеге келген ұл-қыз сені бақытты етеді. Жұмыстағы жетістігің бірге қуантады. Өмір – осылай. Күләш ақынның махаббат лирикасында осының бәрі қамтылған.
Ғашық болып қалмау, сірә, мүмкін бе,
Көріп тұрып сенің сұлу көркіңді?
Ашық-жарқын саңқылдаған күлкің де,
Бір көргеннен алды менің еркімді.
Қалың кірпік, қара көздің жарқылы,
Айқабақпен үйлесімін тауыпты.
Сенің бұйра шаштарыңның толқыны,
Қара теңіз толқынынан қауіпті.
Бұл – жас кезіндегі ақын ағамыз Қайырбек Асановтың портреті ғой. Бұдан кейін әр жылдардағы, әр кезеңдер мен әр сәттердегі махаббат жырлары ағытылады. Дүниеге махаббат сезіммен қарау ақындықтың бастауы болар. От-жалынына күйіп-жанады. Өзі қандай асқақ, таза болса, сондай адалдықты, биіктікті талап етеді.
Үмітті мезгіл жеңсе де,
Тәкаппар асқақ еңсемен.
Тағдыр деп танып өзіңді,
Жақсылық күтем мен сенен.
Жұбату күтем – жыласам,
Қолымды созам – құласам.
Өзің біл, жаным аясаң,
Өзің біл, жаным, сынасаң.
Оған ақын Қайырбек ағамыздың қайырар жауабы да асқақ.
Сен маған өкпелеме, асыл жарым,
Жанымның аяғам жоқ асылдарын.
Тағдырға мың рақмет,
Сен болмасаң
Жайқалмай кетер ме еді жасыл бағым!
Махаббатты осылайша ту еткен ақындар отбасы бұл дүниеде көп емес шығар. Күләш ақын махаббатының аясы кең. Оның көңіл күй лирикасы, тіршілік, адамдар туралы, анасы Бекзада, ұл-қызы, туған жері Үшарал жөніндегі перзенттік, аналық махаббатқа толы өлең-жырлары өз алдына сөз етуге тұрады. Күләш ақын қай өлеңінде болмасын өз биігінен аласармауды ойлайды. Өлеңге адалдық пен жауаптылық – ақындық өнерінің басты қасиеті.
6. МҰҚАҒАЛИ МЕН КҮЛӘШ
Көзіқарақты оқырман ақынның Мұқағали туралы өлеңімен, «Поэзия патшасы» мақаласымен жақсы таныс болар. Күләштің Фариза Оңғарсынова туралы жазылған «Сіз ақынсыз әр сәті, әр күні аңыз», Мұхтар Шаханов жөніндегі «Мезгіл қоңыраулары», Қанипа Бұғыбаева жайлы қалам тартылған «Үміт пен жігер жырлары», тағы басқа мақалалары мен сұхбаттары замандастарының шығармашылығына бейтарап қарамағанын білдіреді.
Әсіресе «Поэзия патшасы» мақаласындағы ақиық ақын туралы кесек-кесек ойлары ерекше сүйсінтті. Бұл толғамдар – жылдар бойы қорытылып, түйінделген пайымдаулар. Үлкен зерттеулерге астар боларлықтай.
«Мұқағали Мақатаев поэзиясына табынғандар сияқты еліктеген ақындар да көп болғанымен, олар ақын жырларының сыртқы «қауызын» алса да, «дәнін» – нәзік жаратылысын меңгере алған жоқ. Сондықтан бұрқанған ырғағын келтіргенімен, ағысының терең тербелісін таба алмай, ақыры өз арна жылғаларына қайта оралуға мәжбүр болды».
«Өлеңнің ірі жанрларына қалам тартқанда қолтығы сөгіліп, тынысы кең ашылып, түйдек-түйдек оймен сурет туғызып, үдей түсетін жомарт дарын өзін-өзі игере алмай, бір рақаттанып қалады. Заңғар көкте еркін самғауға мүмкіндігі мол ақынның қысқа лирикалық жырлары да суреткер табиғатының алғырлығын, кібіртіктемей, шектелмей аз жолға мол ұғым сыйғыза алатын шеберлігін анық байқатады».
«Сөздің, тілдің еркіндігіне қайран қаласың. Қақтап, сауып алатын сараңдық та, бейберекет шашатын қолы ашықтық та, жүректі айнытатын тәттілік те, жүн сабағандай жұлқынатын астамдық та, түрпідей тиетін тұрпайылық та, көсемдік те, көлгірлік те табылмайтын табиғи төгілу, ақжарылу, ақылмен ашыну, сәбише қуану, мөлдір таза сүю, парасатпен сырласу – ақеділ сүйегіндегі тектіліктің белгісі шығар».
Мұқағали туралы осындай пайымдаулар жасаған ақынның күлбілте өлеңдер жазуы мүмкін емес. Күләш ақын – өз-өзіне биік талаптың ақыны.
7. «АШЫЛАР МЕНІҢ КӨҢІЛІМ ХАҚҚА ҒАШЫҚ...»
Ризамын, ризамын, Жаратқан!
Әр минутым, әр сағатым, әр аптам
Өтіп жатса ортасында елімнің,
Жыр аққуын ұшыра алсам парақтан.
Ақын пәлсапасы, таза ойы мен шын көңілі осылай шырқау биікке көтеріледі.
Құтты күн!
Тағы да бір құрметті күн.
Мұншалық күн шапағын нұрлы етті кім?
Лә иләһа иллаллаһ!
Құтты күнді
Құрметтеп қарсы алуға міндеттімін!
Жақсы күн!
Жап-жарық күн,
Аппақ, ашық.
Ашылар менің көңілім Хаққа ғашық.
Бақбақтың қауызында мөлтілдеп тұр,
Жарықты жақсы көріп пәк, таза шық.
Иә, жарық Күн бәрінен қымбатсың! Биік те сұлу! Осы күнді нәсіп еткен Жаратқанға мың шүкіршілік етіп өткен ақынның бұл бұрынғы ойы, тынысы еді. Ол – бәрімізге ортақ, бәрімізге қымбат жан, әттең, қазір ортамызда жоқ...
Ақынның мөлдір тынысы мен асыл мұрасы енді халықтың жүрегінде өмір сүрмек. Күләш жырының шуағы сөнбесін!
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор