«Қызғалдақ мұра» фестивалі жалғасын табады
Өткен жылы талайды таңғалдырған «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі биыл да жалғасын табады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. БАҚ өкілдерімен кездескен облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев ауқымды іс-шараға дайындық жұмыстары туралы баяндады.
Спикердің айтуынша, биыл фестиваль 25 сәуірде Талас ауданындағы Есейхан ауылының маңында өтеді. Фестивальға отандық және шетелдік сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ әлемнің 15-тен астам елінен келетін қонақтар қатысады деп күтілуде. Ал ауқымды іс-шараға қатысуға ниетті жандар taraztulip.kz арнайы ресми сайты арқылы тіркелуі қажет.
Биылғы фестивальдың басты ерекшелігі – Нидерланд Корольдігінің облысқа 40 мың дана қызғалдақ тұқымын сыйға тартуы.
Басқарма басшысының сөзінше, қонақтар мен қатысушыларды тасымалдау үшін арнайы «Тараз қаласы – Фестиваль алаңы» бағыты құрылған. Енді 50 орындық 10 автобус облыс тұрғындары мен қонақтарын тегін тасымалдамақ. Бұдан бөлек фестиваль алаңы мен қызғалдақтар алқабы арасындағы 10 шақырымдық қашықтыққа арнайы маршруттық схема әзірленген. Бұл бағытта 20 шағын автобус, сондай-ақ 40 «Niva» және 5 «UAZ» автокөліктері тегін қатынайтын болады.
Н.МҰСАТИЛЛАҰЛЫ