Мәдениет

Ақын рухын асқақтатқан арулар

Жамбыл өңірінде руханияттың шамын жағып, жүректерге нұр сыйлаған ерекше кеш өтті. «Анаға тағзым» отбасылық даму әлеуметтік орталығының ұйымдастыруымен өткен кеш көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, облыстың Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Күләш Ахметованың 80 жылдық мерейтойына арналды. «Махаббатты қорғауға шақырамын!» атты тақырыптың өзі кештің мазмұнын айқындап тұрғандай еді.

Кешке зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының өкілдері, қоғам белсенділері қатысты. Ақынның өмірлік серігі Қайырбек Асанов та құрметті қонақтардың қатарында төрден орын алды.

Кештің ашылу салтанатында алғашқы болып облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев сөз сөйлеп, ақынның қазақ әдебиетіндегі орнының жоғары екеніне тоқталып, мұндай рухани кештердің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар «АМАNАТ» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов та жүрекжарды лебізін білдіріп, ақын есімі мен аса бағалы мол мұрасы ешқашан ұмытылмай, өз халқымен бірге мәңгі жасай беретінін жеткізді. Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова Күләш Ахметовамен бірге өткізген жарқын сәттерін тебіреніспен еске алды. Сондай-ақ «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов та ақын туралы тағылымды естеліктерімен бөлісті.

Кеш барысында жиналған көпшілік «Інжу – маржан» атты жаңа жинақтың тұсаукесер сәтіне куә болды. Бұл кітап – жүректен шыққан сыр мен нәзік сезімнің, ой мен өнердің біртұтас әуенге ұласқан көркем дүниесі. Жинақтың әр беті оқырманды терең толғанысқа жетелеп, жандүниесіне жарық сәуле түсіреді. Дәл сол жарық сәуле оқырманға жол тартып, рухани кеңістікті байыта түсті.

Жинақтағы әрбір шығарма – авторлардың ішкі әлемін танытқан. Онда өмірдің түрлі бояуы, адам жанының толқынысы, нәзік сезім мен шынайы ой көрініс табады. Бұл туынды – әйел қаламгерлердің шығармашылық әлеуетін танытатын, олардың әдебиеттегі орнын айқындайтын маңызды еңбек.

Кеш соңында Әулиеата өңірінің ақын-жазушы арулары сахна төріне шақырылды. Көпшілік оларды зор ықыласпен қарсы алып, шығармашылықтарына құрмет көрсетті.

Жинақтың тұсауын Күләш апаның өмірлік серігі, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов, ақын Шырын Мамасерікова, ақын, журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғайни Әлімбекқызы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының үйлестірушісі Рахия Тұрмаханбетова бірлесіп кесіп, ізгі тілектерін білдірді.

Берері мол рухани кеш барысында К.Ахметованың сөзіне жазылған әндер шырқалып, ақын өлеңдері оқылды. Атап айтқанда, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Ернұр Абухас «Қазақстаным» әнін орындаса, №66 орта мектептің талантты оқушылары мен №45 мектеп гимназияның оқушысы Бағжан Берген ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, поэзияның көркемдік қуатын көрермендерге жеткізді. Ақынның сөзіне жазылған «Нағашыма» әнін Нұргүл Мусали, «Жақсылықтың бағасы» әнін Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері Ғани Мәтебаев пен Айгүл Мақашова жоғары деңгейде шырқап, кештің мазмұнын байыта түсті. Кентау Назарбектің «Сен қазақсың!» әнін әуелеткен Орынбасар Бақытұлы да көрерменнің зор қошеметіне ие болды.

Кештің әр сәті көрермен жүрегіне жол тауып, рухани әлемін байыта түскендей әсер қалдырды. Поэзия мен әсем әуен астасқан бұл басқосу шынайы өнердің өлмес құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әдебиетке деген құрмет пен сөз өнеріне деген ілтипаттың биік үлгісі осы жиында анық аңғарылды. Күләш Ахметованың поэзиясы арқылы ұрпақтар арасындағы рухани байланыс нығая түсті. Оның жырларындағы махаббат, адамгершілік, туған жерге деген сүйіспеншілік кештің өзегіне айналды.

Әулиеата өңірінің қаламгер арулары ұсынған «Інжу – маржан» жинағы да сол рухани жаңғырудың нақты көрінісіне айналды. Бұл еңбек алдағы уақытта оқырман жүрегінен орын алып, әдеби ортада өз бағасын алатынына сенім мол. Жинақ арқылы жаңа есімдер танылып, ұлттық әдебиеттің көкжиегі кеңейе түспек.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ