Саудагердің қолма-қол ақша сұрауы тегін емес
Халық қазынасы негізінде салықтан құралатыны баршаға аян. Өкінішке қарай, осы күні түрлі кәсіп иелерінің арасында салық төлеуден жалтару, табысын жасыру немесе заңды айналып өтуге тырысатындар әлі де болса бар.
Әсіресе бұл мәселе, анығын айтқанда, табысын жасыруға тырысу бөлшек сауда саласында жиі кездеседі. Күнделікті нәпақасын осы саладан айырып жүрген кейбір кәсіпкерлер тұтынушыдан төлемді электронды тәсіл арқылы емес, қолмақол ақшамен алуға тырысады. Кейбірі тұтынушыдан белгілі бір тауар түріне қатысты нақты ақша талап етеді. Мысалы, өзім тұратын аумақтағы бір дүкен иесі нан алуға барған сайын қолма-қол ақша сұрайды. Кейде целлофан қалта бергісі келмейді. Мұндай кезде қашық та болса басқа дүкенге барып сауда жасауға ниетің ауады. Бір жолы тағы да қолма-қол ақша сұрағанда осы әдетін түсіне алмай сөзге тартқан едім, жағдайын айтып жыламсырағанда жаным ашып кетті.
Тараз қаласындағы «Мыңбұлақ» базарында сауда жасайтын Тұрсынкүл Әбілқасымова есімді бір тұрғын кәсібі күнделікті шығынды ақтамай жатқанын айтады. Негізінен ол тұрмысқа қажетті ұсақ-түйек заттар сатады екен.
Осыдан кейін біз облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетовке хабарласып, мәселенің мәнісін сұрадық. Ол дүкен иелерінің салық төлеу тетігін өздері таңдайтынын айтты.
Мемлекет қазынасы әрбір азаматтың, әрбір кәсіпкердің адал төлеген салығынан құралатынын ескерсек, мұндай «көлеңкелі» әрекеттер ел бюджетіне түсетін қаржыны ортайтады. «Көлеңкелі» экономиканың үлесін азайту, ең алдымен, кәсіпкерлік мәдениет пен азаматтық жауапкершіліктің еншісіндегі іс. Осы орайда салық жүктемесінің тиімділігі мен кәсіпкерлерге ұсынылған жеңілдіктерді түсіну саудагерлер үшін аса маңызды деп ойлаймыз. Сол себепті бақылаукассалық машинасы туралы біз Ерлан Нұрмаханбетовтен кеңірек сөз қозғауды өтінген едік.
Маман Салық кодексінің 110-бабына сәйкес кассалық аппаратты қолданудан босатылатын тұлғалар бар екенін айтады. Олардың қатарына қарапайым жеке тұлғалар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар жататын көрінеді. Сондай-ақ қалалық қоғамдық көлікте билет беретін жолаушы тасымалдаушылар, Ұлттық Банк пен екінші деңгейдегі банктер, діни бірлестіктер және арнайы мобильді қосымша арқылы есеп айырысатындар кассалық аппаратты қолданбай-ақ қоюына болады екен. Ал Ұлттық пошта операторы тек интернет пен телекоммуникация желісі жоқ шалғай жерлерде ғана осындай жеңілдікке ие бола алады.
Осы орайда біз облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Әлия Амангелдиеваға хабарласып, екі саудагердің көтерген мәселесіне қатысты пікір беруін сұрадық. Ол нан сататын саудагердің целлофан қалтаны тұтынушыға тегін бермеуге құқы бар екенін айтты.
Жалпы қоғам « көлеңкелі» экономикадан алшақтап, ашық жұмыс істеу мәдениетіне көшуі қажет. Сонымен қатар сауда мәдениеті дамуы үшін нарықта тауардың сапасы мен бағасына қатысты мәселе туындамауы керек. Сонда ғана мемлекеттің алға қойған мақсаты өз жемісін береді әрі тұтынушының да құқығына нұқсан келмейді. Бұл ретте тұрғындар да белсенді болуы шарт.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ