ҰРЛАНҒАН ТАМАҚ, ЖОҒАЛҒАН ЫДЫС
ҰРЛАНҒАН ТАМАҚ, ЖОҒАЛҒАН ЫДЫС
Дөкейлердің дәурені көзді-ашып жұмғанша өтті де кетті. Ендігі «билік» біздің қолда. 4-курс студенті атандық. Жатақханада тұрамыз. Әлі сол 4 жігіт бір-бірімізден ажырамай жүрміз. Көйлегіміз көк болғанымен, шалақұрсақ күйден арылатын уақыт әлі жетпеген. Дұрысы, жарытып ас-ауқат ішпейтінбіз. Ол уақытта елдің экономикасы да оңып тұрғаны шамалы еді. Дүкендердің өзінде бүгінгідей самсып тұрған азық-түлік өнімдері болмайтын. Нанды қантқа малып, шайды аузымызға ала бергенімізде арамыздағы қу тұяқтау бір досымыздың алыстан дүбірлетіп, алып-ұшып жан ұшыра жүгіріп келе жатқан аяқ дыбысы естілді. Оның Нұрлыбек екенін, бөлме ішінде отырып бірден білдік. «Мынау не бүлдірді?» деп ойлап үлгергенімізше болған жоқ, ол есікті теуіп ашып, сыртқа ұрлана бір қарады да ішке еніп, есікті аяғымен сілке тартып, қайта жапты. Қолында буы бұрқыраған қазан. Бөлме ішін әп-сәтте тамақтың иісі алып кетті. Барлығымыздың жүзімізде бір ғана сұрақ тұр. Нұрлыбек жымың-жымың қағады...«Әй, не мынау?!» деп қолындағы ыдысты ашып қарасақ, тауықтың сорпасы екен. Өзіміз аш қасқырдай отырғандықтан «құрт мынауыңды» деп айта алмадық. Шәкіртақының да уақыты емес, алғашқы курстағыдай ауылдан ас-ауқат, онымен қоса 5-10 тиынның келуі де соңғы уақытта тоқтаған. Қарнымыз аш, шыдай алмай кеттік. Ал мына тамақтың иісі одан сайын тәбетті аша түсті. Есіктің ішінен жабылғанына көзімізді жеткізіп алған соң, бұйырған несібемізді ортаға алдық. Үстелді айнала жапа-тармағай отыра кетіп, қазан бетін ашсақ, тауықты бүтіндей қайнатыпты. Екі алақанды ысқылап, қазанға қол сала бергенде біреу есік қақты. Қарама-қарсы бөлмеде І курстың орыс қыздары тұратын. Есікті қағып тұрған сол бикештер екен. Дереу тамақты кереуеттің астына тығып, дым білмегендей бір-бір кітапты қолға ұстай қалып, күнделікті тіршілігімізді жасап жатқандай түр таныттық. Арамыздағы бір жігіт есікті ашқанда қыздардың бірі босағадан мойнын бері созып: – Ребята, вы куриный суп не видели? – деді. – Нее-неет. Какой куриный суп? – деп қоямыз міз бақпай. Бірақ сорпаның иісі «ұры осында» дегендей аңқып тұр. Кімнің мұрнын бітеп қоясың? Ана байғұстар бізге батып ештеңе айта алмайды. Біз үлкен жігіттерміз. Бір уақытта қыздар жөніне кетті. «Әкел енді, ең бірінші есікті құлыпта» деп бірімізге-біріміз әмір беріп, дастарқанды жағалай отыра сала қаужаңдауға кірістік. Қазанның түбінде ештеңе қалдырмай тамақтанып алдық. Етін мүжіп, сорпасын ішіп болғанымыз сол еді, есік қайта қағылды. – Ребята, хоть кастроль верните?! – деп әлгі қыздар қайта келіп тұр. Білдірмей қайта орнына апара салайық десек, қыздар өз бөлмесінің есігін айқара ашып қойып, бізді аңдып отыр. «Қазанды алып шықсақ ұсталып қаламыз ғой» деген оймен терезеден лақтырып жібердік. Ішімізге ел қонып, өз-өзімізге келгеннен кейін жасаған әрекетімізден ұялдық. Бұндай тірлікті қайтып істемеуге уәделестік. Ертесіне сабаққа кетіп бара жатқанымызда қаңғыған бір топ ит біз лақтырған қазанды жалап жатқан. Жыл соңы біткенше орыс көршілеріміздің бетіне қарай алмай әзер шыдап жүрдік.
Темірбай МҰҚАШЕВ, филология ғылымдарының кандидаты, доцент