Ягодный, вишневый, рыночный...
Кез келген адамды, затты, барлық жаратылысты танып-білу үшін оның атауы аса маңызды. Себебі оған қатысты алғашқы ой мен түсінік тап соның атауына қарай пайда болады. Бұл – бейсаналы түрде жүретін құбылыс. Сондықтан халқымыз баланың да, басқаның да есімін дұрыс қоюға баса назар аударған. Тіпті кез келген кәсіпкер де өз бизнесінің атауына барынша мән берсе, ақын-жазушылар жарыққа шығаратын кітабын қалай атайтынын тоқсан күн толғанып барып бір тоқтамға келетіні рас. Ендеше баршамызға ортақ мекен болған, тасын түртсең, тарихы сөйлейтін Тараз қаласының да көше атаулары мән-мағынасыз болмауы тиіс. Алайда дәл қазіргі жағдай басқаша.
Көне шаһарда көше атаулары қашан ретке келтіріледі?
Тараз – екі мың жылдан астам тарихы бар еліміздегі ең көне қалалардың бірі. Өз шежіресінде түрлі атаулармен аталған шаһар 1997 жылғы 8 қаңтардан бастап тарихи атауын қайтарып алды. Жарты миллионға жуық тұрғын тіркелген қалада 1 734 көше бар. Өкініштісі сол, кей көшенің атауына қынжыласың. 8 март, Автомобиль, Вишневый, Тұйық көше, Ягодный сынды көше атаулары көптің көңілін қынжылтып-ақ жүр. Шаһарда 2025 жылы 179 көше мен 2 ауданға атау беріліпті. Бірақ бұл мәселені түбегейлі шешкен жоқ. Қарашаның ойын білмекке қала тұрғыны Фарида Метерқұловаға хабарластық. Ол көше атаулары белгілі бір мағынаға ие болуын және оның қазақша аталуын құп көреді.
Көкейді күпті еткен бірқатар сауалға жауап іздеп, Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаеваға жолыққан едік. Сөз арасында шаһарда бірлі-жарым көше орысша атаумен тұрғанын әрі оның мағынасыз екенін, олар қашан жойылатынын сұрадық. Ол сұрағымызға тұшымды жауап қайтарып, көше атауына қатысты қойылар талап пен тәртіп жайын да тарқата айтып берді.
Маманның сөзінше, тұрғындар тарапынан мағынасы ескірген және атауы жоқ көшелер бойынша өтініштер жиі түседі екен. Олар да қаралып, заң талаптары ескеріле келе, ескірген көшелер жол картасына шетінен енгізіліп отырады. Ал 2024 жылдың 24 қаңтарында республикалық ономастик а комиссиясының отырысында «Әдістемелік ұсынымдар», «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» мен «Дәстүрлі атаулар» тізімі бекітілген. Республика бойынша әкімшілік-аумақтық бірліктерге және оның құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау жұмыстары бекітілген тізімді қатаң басшылыққа ала отырып жүргізілетін көрінеді.
Бір қарағанда қарапайым атауда тұрған ешнәрсе жоқ. Десе де ол атаулар сол көшенің тұрғындары үшін ыңғайсыз болмаса екен дейсің. Өзіміздің де тұрғылықты мекенжайымызды біреуге берерде мәнмағынасы келіскен атауды айтқымыз келетіні рас. Әрі жас ұрпаққа берер ұлағаты жоқ көше атауын қалай таныстырамыз? Сондай көшелерде батыр, ақын, өнер майталманы секілді белгілі тұлғалардың есімі жазылып тұрса, оны бала түгіл, шетелдік қонақтарға да зор мақтанышпен айта аламыз.
Мағынасы жоқ көше атауларын расында да жедел жоймасақ, салдарынан өзіміз мазаққа айналмасымызға кім кепіл? Бізді алаңдатқаны да осы ой еді. Даналығы салт-ғұрпымен сабақтасқан қарға тамырлы қазақ үшін мағынасыз дүние бос нәрсеге тең. Демек, сана сүзгісіне салар дүние маңайымызда әлі де көп.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ