Мектеп бітірушілер кеші бәсекеге айналып барады
Мектеп бітіру кеші – әр түлектің өмір жолындағы ең маңызды сәттердің бірі. Бұл – он бір жыл бойы жинақталған білім мен тәрбиенің қорытындысы ғана емес, балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басатын биік белес. Оны оқушылар асыға күтсе, ата-аналардың көбі күні жақындаған сайын алаңдай түседі. Заманауи мектеп бітіру кешінің басты мәселесі – қаржы екені құпия емес. Себебі соңғы жылдары бұл салтанаттың сипаты айтарлықтай өзгеріп, біртіндеп әлеуметтік мәртебе мен қаржылық мүмкіндікті көрсететін бәсекелік алаңға айналып бара жатқаны жиі айтылуда. Қымбат мейрамханалар, сәнді көйлектер, арнайы фотостудиялар, кәсіби ұйымдастырушылар мен түрлі шоу элементтері бітіру кешін бастапқы тәрбиелік мәнінен алыстатып, ата-аналар үшін күрделі қаржылық міндетке айналдырған.
Осы мәселенің нақты көрінісі ретінде Алматы қаласында көтерілген жағдай қоғамда кең резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде тараған бейнеүндеуде көпбалалы ана мектеп бітіру кешіне байланысты жиналып жатқан қаражат көлеміне ашық түрде наразылық білдірген. Оның айтуынша, кейбір мектептерде әр оқушыдан жиналатын сома 200 мың теңгеден асып кетіп, бұл қарапайым отбасылар үшін ауыр жүктеме болып отыр.
Аталған үндеуден кейін қоғамда пікір екіге жарылып, мәселе тек әлеуметтік желі деңгейінде қалып қоймай, ресми органдардың да назарын аударды. Оқу-ағарту министрлігі бітіру кештерін өткізу тәртібіне қатысты бірқатар шектеу енгізілетінін мәлімдеп, бұл бағытта нақты регламент дайындалып жатқанын хабарлады.
Қазақстан Республикасының Оқуағарту министрлігінің сайтында: «Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп орта білім беру ұйымдарында бітіру кештерін өткізуге байланысты талаптарды нақтылады. Осы мақсатта бірлескен бұйрық қабылданатын болады.
Қабылданған шаралар білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, олардың құқықтарын қорғауды және құқықбұзушылықтардың алдын алуды қарастырады.
Аттестаттарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында ұйымдастырылады.
Білім алушылардан, олардың атааналарынан немесе заңды өкілдерінен қаражат және өзге де материалдық құндылықтарды жинауға қатаң тыйым салынады.
Белгіленген талаптарға сәйкес, бітіру кештерін білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде ұйымдастыруға жол берілмейді. Жергілікті атқарушы органдарға қаржылық шығындарды талап етпейтін тәрбиелік және мәдени-ағартушылық ісшараларды ұйымдастыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Ішкі істер органдары тарапынан құқықбұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар тапсырылды», – деп жазылған.
Министрлік өкілдері бұл шешім бітіру кештерінің мазмұнын түбегейлі өзгертпесе де, олардың форматын қарапайым әрі тәрбиелік бағытқа бейімдеуге ықпал ететінін атап өтеді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға мектептерде түсіндіру жұмыстарын күшейту және артық шығынға жол бермеу тапсырылған.
Алайда ата-аналар арасында бұл мәселеге қатысты пікірлер әртүрлі болып отыр. Бір бөлігі шығынның шектен тыс өсіп кеткенін айтып, нақты цифрлар мен мысалдар келтірсе, екінші бөлігі бұл күннің баланың өміріндегі ерекше рөлін алға тартады. Дейтұрғанмен осы тақырыпқа байланысты сұрақтарымызға жауап берген ата-аналар аты-жөндері және балалары оқитын мектепті атамауымызды өтінді.
Тағы бір ата-ана шығындардың қалай жиналатынын егжей-тегжейлі сипаттап берді.
Ата-аналардың айтуынша, шығынның ең үлкен бөлігі мейрамхана мен фотовидео түсірілімге кетеді, ал соңғы жылдары мобилограф, асаба, музыкант сияқты қосымша қызметтер де міндетті элементке айнала бастаған.
Сонымен қатар бітіру кешінің маңызын жоғары қоятын ата-аналар да бар. Олар бұл күннің тек шығын емес, баланың өміріндегі ерекше эмоциялық сәт екенін айтады.
Осылайша мектеп бітіру кеші мерекелік шара ғана емес, әлеуметтік теңсіздік, қаржылық қысым және қоғамдық бәсеке мәселелерін қатар көтеріп отырған күрделі құбылысқа айналып отыр. Бір тарап оны қарапайым форматта, мектеп қабырғасында өткізуді құптаса, екінші тарап салтанатты дәстүрді сақтауды маңызды деп санайды. Бұған қоса өткен жылдан бері аттестат тапсыру салтанатына мектеп бітіруші қыздар қауымы гүл алуды үрдіске айналып отыр. Яғни іс-шараға келген атаанасы немесе бауыр, туыстары міндетті түрде үлкен букет әкелуі тиіс. Гүлдің саны көп болған сайын қатарластарының арасында мәртебелері көтеріліп қаладымыс. Бұл «дәстүр» де ата-аналардың қалтасына кәдімгідей салмақ болмақ.