Шабыт шалқыған шаңырақ
«Музыка – жас азаматтардың ішкі жандүниесін байытып, өмірді дұрыс түсінуге көмектеседі» депті қазақ музыкасының аңызы, композитор Ахмет Жұбанов. Меніңше, осы сөзді Бердіхан Орынбасарұлы басшылық ететін Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұжымы өздерінің өмірлік ұстанымына айналдырып алғандай көрінеді. Өйткені өрісі кеңге жайылған өнер ұжымында еңбек ететін ұстаздар кез келген сахнада нағыз кәсібиліктің шынайы үлгісін көрсететінін көзімізбен көп көрдік. Әрине, бұны өз басым өнерге деген өлермендік деп түсінемін. Енді ойлап қараңыз. Осындай өз жұмыстарының шеберлерінен музыкаға, өнерге деген көзқарасты саналарына түйіп, үйренген, түсінген тәрбиеленушілердің қалай ғана өресі биік болмайды. Әрине, биік болады. Ол, сөз жоқ, қазақ музыкасының құдіреттілігін күллі әлемге танытқан композитор Мұқан Төлебаевтың есімін еншілеген музыка мектебіндегі оқытушылардың ерен еңбегінің арқасы деп білеміз.
Жалпы Құлаң өңірінде қосымша білім беретін 5 ұжым бар. Солардың арасында жұмыстары көзге көрініп тұратын, ауданымызда өтетін кез келген мерекелік іс-шарада төбе көрсететін, балаларды өнерге баулып, олардың бойына музыка дейтін эстетикалық құндылықты сіңіріп келе жатқан киелі шаңырақ – Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің шоқтығы әрқашан биік тұрады. Биыл музыка мектебінің құрылғанына 50 жыл толып отыр.
Қазіргі таңда музыка мектебінде ұлтаспаптар, фортепиано, вокал бөлімдері бойынша домбыра, баян, қобыз, аккордеон, фортепиано, дәстүрлі ән, вокал сыныптары және Ақбұлақ, Жамбыл атындағы орта мектептерінің жанынан ашылған фортепиано, домбыра сыныптарында 422 оқушы дәріс алып жатыр екен. Мектепте жұмыс істейтін 36 оқытушының 26-сы жоғары білімді, 10-ы арнаулы орта білімді оқытушылар. Осы 50 жыл бедерінде музыка мектебінен бастауыш кәсіби білім алған 936 түлектің көпшілігі өз өмірін музыка саласымен байланыстыра отырып, еліміздің мәдениеті мен өнерінің өрістеуі жолында аянбай еңбек етуде.
Қосымша білім беру ұйымындағы «Керемет» хор ұжымы, «Балдәурен» домбырашылар ансамблі, «Биби» вокалдық тобы аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқаулар мен ісшараларға белсене қатысып, дипломант, лауреат атанған. Сонымен қатар мектептің оқытушыларынан құралған «Акапелла», «Құлан сазы» фольклорлық ансамблі және ұстаздардың басым бөлігі аудандық мәдениет үйі жанындағы «Сұлутөр» халықтық әнби ансамблінің мүшесі ретінде аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындардан көрініп, өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленіп жүр.
Осылайша Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебі жыл сайын шығармашылық жетістіктерін еселеп, ұлттық өнерді насихаттауға, жас таланттарды тәрбиелеуге және мәдениетті дамытуға зор үлес қосып келеді.
Марат ДИХАНБАЙ,
журналист,
Т.Рысқұлов ауданы