Дархан дарын иесі
Битама ағамызбен аудан көлемінде, орталығы Қаратауда өтетін мәдени-әдеби, әлеуметтіккөпшілік іс-шаралардың үнемі ортасында бірге жүріп, етене араласыпқұраласып, бір-бірімізге сыралғы туыстай жақын тартып кеткен едік. Ол кісі 2015 жылдың 14 маусымында 80-ге қараған шағында дүниеден озғанда таластық жаны игі, жақсыжайсаңдардың қатары бір адамға кемігенін іштей сезінгеніміз рас-ты...
Асыл аға артына өшпестей хат, ұрпағына өнегелі ат қалдырып бақиға бет бұрғанда Жаратқан ол кісіге сегіз пейіш төрінен орын бұйыртып, көрмеген көшесінен жарылқағанына шүбәсіз сендік. Себебі Битама Мырзамбетұлы жан баласына қиянаты жоқ абзал адам еді.
Шапағатты сенің, Алла, ұлы атың,
Бар керемет бір өзіңнен табылар.
Пәрменіңмен бар да, жоқ та қылатын,
Құзырыңда ұлылықтың бәрі бар, – деп Тәңіріне өле-өлгенше бойұсынып, мойынсынып, құлдық ұра тәнті болып өткен пендесін аса қамқор, ерекше мейірімді Раббысы қалайша сауапсыз қалдырмақ?!
Ұрпақтары рухына Құран бағыштап, халқы есімін еске алғалы жатқанын естігенімде дүбірлі дүниемен бірге дөңгеленген санадағылар сәулеленіп, көнере бастаған көп күндердің жылнамасы ашылып, түрлі-түсті һәм қанық та анық суреттері көз алдымнан көлбеңдеп өте берді.
2008 жыл. Сәрсенбінің сәтті күнінде Қаратау қаласында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтті. Ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған «дөңгелек үстелді» мен жүргіздім. Қонаққа Битама аға және тағы екі адам, атап айтқанда, ұлағатты ұстаз, тіл жанашыры Кеңесбек Түменбайұлы мен еңбек ардагері Бердеш Әлібеков шақырылды. Шынайы шындық пен боямасыз өмірдің шым-шытырық беті парақталған осы мәжілісті бұл кісілер нағыз ақиқат алаңына айналдырды. «Репрессияға, барлық нәубетке Сталинді кінәлағанымыз дұрыс па, бұрыс па?», «Ағылшын экономисі, философ А.Смит «Адамдарды әділдікті сүюге үйрету үшін оларға әділетсіздіктің нәтижесін көрсету керек» дейді. Сіздер бұл ойға қалай қарайсыздар?», «Алаш қайраткерлерін тарих ақтады. Өлген соң. Бұл тым кеш емес пе?» деген секілді өткір сауалдарыма ағаларымның ешқайсысы да тосыла қоймаған сонда.
Кеңесбек ағай архив материалдарымен таныстырып, газет қиындыларындағы аргументтер мен фактілер арқылы тарихқа шолу жасады.
Бердеш атай басынан кешкендермен сабақтастырды. Битама ағам данышпанның да дағдарып, ақылдының да адасатын кезі болатынын меңзей отырып, ерлік көп адамды қыруда емес, көп адамның өмірін сақтап қалуда екеніне көрерменді сендіріп, жанжақты мысалдар келтірген. «Бұл дүниедегі жаратылыстың бәрі ақ түсті болса, оларды бірбірінен қалай ажыратпақпыз... Әлем тек қара түнектен тұрса, бізге көз бен басқа да сезім мүшелерінің қажеті қанша? Сондықтан бір нәрсені айыптағаннан гөрі, одан сақтану жағына зейін аударыңыз» деп, өз жазбаларының тілімен көлдей терең тәлімдерді жеткізген.
Атаның төккен қаны бар,
Тері де тамған қара жер.
Қасиетін соның бағалар,
Жанашыр ие бола гөр, – деп жырлаған ақын үніне сонда бірге үн қосқан тыңдарман көпшілік.
Өтпелі кезеңдерді бастан кешіп, 1997 жылдан бері аудан орталығына айналғанымен, біздің сүйікті Қаратауымыз бертінге дейін көп ұлтты, түрлі этностан тұратын тұрғындарымен ерекшеленетін, қос тілді қалашық болғаны баршамыздың есімізде.
Сондықтан Талас ауданындағы мемлекеттік мәндегі бірқатар іс-шараны мен және менің өлеңдерімнің аудармашысы, орыс тілі пәнінің хас маманы, ақын Флюра Малыхина екеуміз бірлесіп жүргізуші едік. Соның бірі 2009 жылдың бірінші ақпанында өтті. Күн бейсенбі болатын. «Когда старость – только в радость» деп аталған бұл іс-шараға сол кездегі аудан әкімі Оңдасын Жиенқұловтың өзі қатысқан. Айтулы кездесуде өлкеміздің өркендеуіне үлкен үлес қосқан, қаламызға, ауданымызға елеулі еңбектері сіңген құрметті азаматтардың алдыңғы қатарында Битама Мырзамбетұлы да болды. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» демей ме атам қазақ?! Жүргізушіліктің бір алтын кілті өзімде болғандығын пайдаланып, зал толы орыстілді аудиторияның жүректеріне ана тіліміздің қара өлеңінің жұпарын себездей шашыратып алғанды жөн көріп, осы кеште Битама ағаға бірнеше өлеңін оқуға мүмкіндік бергенім есімде.
Кәсіби мамандығы экономистқаржыгер болса да, байырғы Талас ауданының түлегі, 1985 жылдан бастап Қаратау қаласына қоныстанып, 1996 жылға дейін қаланың автобазасында қызмет атқарған, есейген уақытында жазу өнерімен шұғылдана бастаған Битама ағаның сол шақтың өзінде ірілі-ұсақты 8 кітабы баспадан шығып қойған болатын. 2001 жылдан бастап қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Он баланың әкесі, он алты немере мен төрт шөбере көрген бақытты атаның өнегеге толы өмірі шынымен де үлгі тұтарлық еді.
Өзі ақын, өзі сазгер, жаны асыл, жүрегі жомарт, дарқан дарын иесі Битама аға жан-жағына жылы сөзін арнап жүретін, тамаша қасиетті, пайымды парасат иесі болды. «Әр адам – өз тағдырының архитекторы» деген нақылды жиі ұстанатын.
Тағы бірде маған қоларбаға таңылған есейхандық жас ақын, Тәуелсіздіктің құрдасы Мәдина Еркінбекқызының «Қазан айы» атты тырнақалды кітабының тұсаукесер рәсімін өткізіп беру нәсіп болды. 2011 жыл. Ақпанның он жетінші жұлдызы. Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды ісшараға аудандық іскер әйелдер қауымдастығы (төрағасы – К.Т.Пірман) демеушілік көрсетті. Сценарийін өзім жасап, өзім жүргізгендіктен Б.Мырзамбетұлы, С.Әбсадықұлы, Ә.Асанов, С.Рысбаев, Т.Жұмабек, Е.Досалы, Қ.Мұсаева, Қ.Сауқымов, Ф.Малыхина, З.Шардарбекова сынды қалам ұстаған қауым мүшелерінің шығармаларының әуелеп қалықтауына мұрындық болып, жырсүйер жұртты біразға дейін желпіндіріп едік сонда. Сонда ғой Битама Мырзамбетұлы «Сағынамын», «Егемен елім, Отаным», «Бауырласым», «Жан сыры» секілді азаматтық және көңіл күй лирикаларын оқып берген тыңдарманға.

Битама ағамен арамызды байланыстыратын мұндай естелік өте көп. Бірлі-жарымына ғана тоқталып жатқаным бұл.
Бірнеше өлеңге ән шығарған сазгерлігі де бар Битама ағаны таластықтар, әсіресе қаратаулықтар ұмыта қойған жоқ деп ойлаймын. Тек көзден кетсе көңілден де ғайып қылатын нашар «мінезімізден» арыла алсақ қой, шіркін.
Бәрібір жақсының аты, ғалымның хаты өлмейтіні бесенеден белгілі. Битама ағаның «Сақта махаббатты», «Айтарым бар», «Жыл келді», «Бақыт деген немене», «Шәкірттерге», «Көргенділік қағидасы» және тағы да басқа көптеген өлеңдері мен толғаудастандары жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі бола алады.
Заңғар жазушы, қазақ әдебиетінің алыбы Ғабит Мүсірепов айтып кеткендей: «Қай халықтың болса да мәдениетін, көркемсөз, көркемөнерін жоғары көтеріп, жалындатып жіберуге жүз талант көптік етпейді, он талант аздық етпейді». Өйткені талантты адамдар қай істе, қай жерде болмасын, қашанда Құдай берген талабын мүлтіксіз, ешкімге зиянсыз (қайта пайдасы болмаса), ашық-жарқын паш етуге тырысатын ақеділ әрі көнтерілі халық.
Алайда Шерхан Мұртаза «Талантты тану қиын, танымау – қиянат» деген. Содан да шығар, төменгі Таласта туып-өсіп, сылқым Таластың сылаң қаққан мөлдір суындай кіршіксіз тазалық пен айнадай адалдықты жанына ғана емес, жыры мен сазына да ғұмыр бойы серік еткен қаламгер Битама Мырзамбетұлын ел-жұрты дер кезінде елеп-ескере білді. Кезінде «Мен данышпан емеспін. Менің академиям – кітап» деп толғанып, кейін Талас ауданының Құрметті азаматы атанған Битама ағаның өзі кетсе де, бүгінгі күннің бедерінде өлмес сөзі, өшпес ізі бар.
«Назаланғанда – найзағай, ызаланғанда – ызғырық, қайғырғанда – қара жер, қуанғанда – көк аспан» (Ж.Дәуренбеков) болатын ақындардың табиғатының тылсымнан сыр тартатынын және оның қоғамға, жалпы адамзат баласына рухани пайдасы зор екенін мойындау да – ерлік. Халыққа да, билікке де!
Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі