Жамбыл жаңалықтары

Дәстүр мен жаңашылдық үндескен күн

Ұлы Жібек жолының бойында жатқан көне Тараз қаласы төрт жыл бұрын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енген болатын. Ықылым заманнан бері сауда-саттықтың ордасына айналған, тарихы тереңде жатқан қаланың мұндай мәртебе алуы – заңдылық. Содан бері Тараз қаласында жыл сайын халықаралық көрме ұйымдастыру бұлжымас дәстүрге айналды. Төрт жыл ішінде тарихи шаһарда халықаралық қолөнершілер көрмесі, сән апталықтары өтіп, өңірдің мәдени келбетін жаңа қырынан айшықтап келеді.

«Тараз– қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер фестивалі басталды

Биылғы ұлттық мұраны жаңғыртуға, қолөнерді дамытуға және дәстүр мен заманауи үрдістерді тоғыстыруға бағытталған «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер фестивалі кеше басталды. Екі күнге жоспарланған мәдени іс-шара «Көне Тараз» тарихи этномәдени кешені аумағында өтуде. Фестивальға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, көрмені құттықтау сөзбен ашып берді.

Мұнан соң Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз алып, ыстық ықыласын білдірді.

 Өз кезегінде Дүниежүзілік қолөнершілер ұйымының мүшесі, «Қазақстан этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті Салтанат Жапарова да сөз алып, мәні бөлек жиынның маңызына тоқталды. Мұнан соң өңір басшысы мен қонақтар көрмені аралап, шеберлердің туындыларын тамашалады.

Көрмені тамашалау барысында шеберлермен тілдесіп, пікірлесудің сәті түсті. Алғашқы кейіпкеріміз – Алматы қаласынан арнайы келген қолөнер шебері Гүлзира Сәрсембаева. Бүгінде жасы 74-ке келген шебермен сөйлескенімізде негізгі мамандығы физика пәнінің мұғалімі екенін білдік. Айтуынша, мектепте отыз жылдан астам уақыт ұстаздық қызмет еткен. Ал қолөнерге қызығушылығы бала кезінен басталған. Шебер тоқыма өнерін 11-12 жасында әжесінен үйреніпті. Сөзіне сүйенсек, Кеңес үкіметі тұсында ата-бабадан қалған ұлттық бұйымдарға сұраныс төмендеп, фабрикада дайындалған өнімдер қолданысқа енгендіктен қолөнермен шұғылдануды мүлде қойған көрінеді. Алайда осыдан бес жыл бұрын тоқыма өнерімен қайта қауышқан.

Реті келгенде шетелден келген қолөнершілерді де сөзге тартып, көрмеден алған әсерлері туралы сұрадық. Мәселен, Тәжікстанның Душанбе қаласынан келген Рахим Разыков биыл фестивальға екінші рет қатысып отыр екен.

Ал қырғызстандық ағаш шебері Әбдіразақ Нұрадин көрмеге осымен үшінші рет қатысып отыр екен.

Ерекше атап өтерлігі – көрмеде тәжірибелі шеберлердің туындылары ғана емес, жастардың қиялынан туған ерекше дүниелер де қойылған. Мәселен, облыстық «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының тәрбиеленушілерінің қолөнер бұйымдары ерекше назарымызды аударды. Көрмеге орталық оқушыларымен мұғалімдерінің саздан жасалған бұйымдары, папье-маше техникасы қолданылған туындылары  қойылыпты.

Фестивальға жұмыстары ұсынылған авторлар – негізінен 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Ерекше атап өтуге болатын жұмыстардың бірі – «Көктем аруы» деп аталатын қазақ қызының бейнесі. Бұл қолмен салынған картинаға ұқсамайды. Сұрап білгеніміздей, папье-маше техникасымен жасалған қолөнер туындысының бірі осы сурет екен. Оны жасау үшін алдымен ермексазбен бет пішіні сомдалып, үстіне қағаз бен желім қабаттап жапсырылады, кепкен соң қалыптан алынып, боялып, сәнделеді. Бұл туындының авторы – Айзере Сәкен есімді оқушы. Көрмеге келушілер балалардың жұмысына жоғары баға беріп, жасалу техникасына қызығушылық танытып, автормен бірге естелікке суретке түсіп жатты.

Фестиваль аясында кеше 15.00-де Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Дәстүр және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Сонымен қатар осы күні 19.00- де қолөнершілердің ұлттық киімдерінің сән көрсетілімімен бірге гала-концерт өтті. Концертте «HasSak» қазақ этно-фольклорлық ансамблі, «Қоңыр» тобы, Наркенже Серікбаева және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті. Бүгін, яғни 24 сәуір күні сувенирлік өнімдер жәрмеңкесі, қолөнершілердің шеберлік сағаты, өңірдегі туристік нысандарға экскурсия ұйымдастыру жоспарланған.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ