Брифинг

Ұлттық руханиятты дәріптейтін маңызды жоба

Кеше «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер фестивалі аясында Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында көшпелі брифинг өтті.

Баспасөз конференция сында алдымен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова баяндама жасап, биылғы көрменің ерекшеліктеріне тоқталды.

Мұнан соң «Қазақстан этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Салтанат Жапарова баяндама жасады. Айтуынша, бүгінде әлем бойынша 83 қала Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енсе, Тараз қаласы 2022 жылы елімізде алғашқы болып осы биік мәртебені иеленген. Тараздың бұл жетістігі өзге өңірлерге жол ашып, 2024 жылы Алматы, ал 2025 жылы Түркістан қалалары аталған тізімге қосылған. Сол секілді Салтанат Аминқызы жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл фестиваль отандық қолөнер туындыларын халықаралық деңгейге шығарудың басты алаңы екенін жеткізді. Осы ынтымақтастықтың арқасында қазақстандық шеберлер Үндістан, Қытай және Еуропадағы ірі көрмелерге қатысуға мүмкіндік алып отыр екен.

Өз кезегінде Түркістан облысының қолөнер одағының төрағасы Индира Икапова, Алматы қолөнершілер палатасының президенті Дәмелі Жанашева да баяндама жасады.

Көшпелі брифингте кезекті баспасөз мәслихаты аталған фестиваль аясында өткен халықаралық «ASPARA FASHION WEEK» дәстүрлі сән апталығының XVII маусымының ашылуына орай ұйымдастырылды. Ондағы тақырып дәстүрлі сән апталығының биылғы өзгешеліктеріне арналды.

Баспасөз мәслихатында алғашқы болып «ASPARA FASHION WEEK» сән үйінің бас менеджері – продюсері Санжар Қалиев баяндама жасады. Спикер «ASPARA FASHION WEEK» сән апталығының 17-маусымының кезекті жобасы дизайнерлер арасында тәжірибе алмасуға, жаңа идеялардың пайда болуына, жаңа таланттарды анықтауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Сонымен қатар сән апталығы аясында тәжірибелі дизайнерлер ғана бақ сынап қоймай, колледж студенттері үшін де байқау ұйымдастырылатынын айтты.

Баспасөз мәслихатында «Serbian Fashion Week» сән үйінің президенті Светлана Ховарт және «Mad Mood Milan Fashion Week» сән үйінің президенті Марианна Мичелли баяндама жасап, қазақ халқының қонақжайлығына алғысын білдірді.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ