Адамзаттың асыл қазынасы
Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы Ұлттық кітап күніне орай «Кітап – асыл қазына» атты республикалық кітап фестивалін ұйымдастырды.
Фестивальдың салтанатты ашылу рәсімінде жүргізушілер Ұлттық кітап күнінің маңызына тоқталып, кітаптың адамзат өркениетіндегі орны ерекше екенін атап өтті. Ғасырлар бойы жинақталған білім мен тәжірибенің, рухани мұраның алтын қазынасына арналған іс-шара барысында «Өлеңге деген махаббат» атты әдеби композиция ұсынылды. Бұл композицияда түрлі этнос өкілдерінің қазақ поэзиясына деген құрметі көрініс тапты.
Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, кітаптың адам өміріндегі маңызына тоқталып, өскелең ұрпақты кітап оқуға баулу басты міндеттердің бірі екенін жеткізді.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өңірдегі мәдениет пен руханият саласының дамуына үлес қосып жүрген кітапхана қызметкерлері мен шығармашылық тұлғаларды облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапаттады.
Мазмұнды кездесу кітап тұсаукесерімен жалғасын тапты. Бұл сәт шараның шарықтау шегі ретінде көпшілік назарын өзіне аударды. Жиынға қатысушылар жаңа туындылардың таныстырылымын ерекше ықыласпен қабылдап, әдеби ортадағы тың еңбектермен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Тұсаукесер рәсімі тек кітап таныстырумен шектелмей, оқырман мен автор арасындағы рухани байланысты тереңдететін, ой мен сезім тоғысатын мазмұнды алаңға айналды. Қатысушылар авторлардың шығармашылық әлеміне үңіліп, туындылардың идеялық мазмұндық ерекшеліктеріне қанықты.
Әдеби ортада өзіндік қолтаңбасы бар қаламгерлердің еңбектері де осы күні кеңінен насихатталды. Жазушы Елен Әлімжанның жасы сексеннен асса да әлі күнге дейін қаламын қолынан тастамай, өнімді еңбек етіп келе жатқаны көпшілікке үлгі ретінде айтылды. Оның «Тарғыл сиыр», «Жанұран» жинақтары оқырман тарапынан жоғары бағаланған туындылар қатарында аталды. Сонымен қатар Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Журналистика және филология» кафедрасының аға оқытушысы Бақытжан Мақашевтың «Дәуір бедері», «Журналистикадағы шығармашылық қызмет» атты еңбектері көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан бөлек «Ғарыш» баспасынан жарық көрген «Рафаэль Ниязбеков», «Сәду Шәкіров», «Әбдір Сағынтаев», «Шона Смаханұлы», «Күләш Ахметова» кітаптары да әдеби қауым тарапынан қызығушылық тудырды.
Арнайы лентаны қию үшін сахна төріне медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты хирург Сағындық Ордабеков, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Сәмен Құлбарақ және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібайұлы шақырылды. Кеш қонақтары жаңа туындылардың лентасын қиып, әдебиет әлеміне жол ашты. Олар өз сөздерінде кітаптың қоғамдағы орны, ұлттық руханиятты дамытудағы әдебиеттің рөлі туралы ой қозғап, авторларға шығармашылық табыс тіледі.
«Жанды кездесу: автор мен оқырман», «Поэзия & шабыт» алаңында ақындар өз шығармаларын оқып, көрермендерге рухани әсер сыйлады. Жиында авторлық құқық мәселесі мен заманауи баспа ісінің өзекті бағыттары да талқыланды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ