Білім

Білім саласына заманауи серпін қажет

Кеше Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Цифрлық трансформация жағдайында мектептің оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыру» тақырыбындағы IV халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Жиын 23-24 сәуір аралығында өтеді деп жоспарланған.

Іс-шара «Ustaz Ulytau» педагогикалық трансформация орталығының жобасы аясында ұйымдастырылды. Ауқымды кәсіби алаң Қазақстанның білім беру жүйесінің өкілдері мен шетелдік сарапшыларды біріктіріп, мектепті жаңғыртудың негізгі бағыттарын талқылауға мүмкіндік бермек.

Конференцияны «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қоры» қоғамдық қоры, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, облыс әкімдігі білім басқармасы бірлесе ұйымдастырды.

Конференцияға өңірлік білім басқармаларының басшылары, ғалымдар, мектеп директорлары, практик-педагогтар, халықаралық білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

Басқосу бағдарламасы ұлттық білім беру жүйесін дамытудың өзекті басымдықтарын қамтып, тәжірибе алмасудың, инновацияларды енгізудің және педагогикалық көшбасшылықты дамытудың бірыңғай кәсіби ортасын қалыптастыруды мақсат тұтты. 

Жиында алғаш сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов білім саласының заман талабына сай дамуы аса маңызды екенін тілге тиек етті.

Пленарлық отырыста цифрландыру жағдайындағы білім берудің цифрлық трансформациясы жан-жақты талқыға салынды. Атап айтқанда, STEM тәсілі негізінде орта білім мазмұнын жаңарту, XXI ғасыр дағдыларын кіріктіру, өңірлік білім беру экожүйелерін дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ заманауи мектеп тәжірибесіне цифрлық шешімдерді енгізу жайы да қамтылды. Оған қоса инновациялық білім беру шешімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Сондай-ақ №66 орта мектептің базасында панельдік және секциялық отырыстар өтті. Онда қатысушылар инновациялық педагогикалық тәжірибелерді енгізудің нақты кейстерін ұсынды.

«Canadian International School» мектебінің мұғалімдері оқу пәндерін кіріктіру және оның оқушылардың білім деңгейіне әсеріне қатысты практикалық воркшоп өткізді. Қатысушылар әртүрлі пәндерді біртұтас білім беру моделіне біріктіретін заманауи тәсілмен танысты. Сарапшылар пәнаралық оқыту тәжірибелерін таныстырып, осы тәсілдің артықшылықтары мен ықтимал қиындықтарын талқылады. Оған қоса өз сыныптарында жүзеге асырылған жобаларды нақты мысалдарымен бөлісті.

Бүгін конференция қорытындыланып, цифрлық трансформация жағдайындағы мектептің білім беру жүйесін одан әрі дамытуға арналған практикалық ұсынымдар қамтылған қарар жобасы қабылданды.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ