Жамбылда «Тараз – қолөнершілер қаласы» IV халықаралық фестивалі өтуде
Бүгін Тараз қаласында «Тараз – қолөнершілер қаласы» IV халықаралық фестивалі бастау алды. Екі күнге жоспарланған фестиваль аясында қолөнер туындыларының көрмесі, шеберлік сағаттары, ғылыми-тәжірибелік конференция, сән көрсетілімі, жәрмеңке сондай-ақ, қорытынды гала-концерт ұйымдастырылады, деп хабарлайды arainfo.kz
«Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешенінде өтіп жатқан мәдени-көпшілік шараға Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан секілді алыс-жақын шетелден 33 қолөнерші қатысуда.
Ауқымды фестиваль Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің және шетелдік қолөнершілердің қатысуымен өткен баспасөз конференциясынан басталды. Ал, іс-шараның негізгі ашылу салтанатына ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкеев және бірқатар Мәжіліс депутаттары мен өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты. Ел тұтқасын ұстаған азаматтар этно-мәдени кешенде бой көтерген киіз үйлерге бас сұғып, құнды қолөнер туындыларын тамашалады.
Айта кетерлігі, кешенде құрылған әрбір алты қанатты ақ үй қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен сыр шертетін сюжеттік оқиғаларға негізделіп, безендірілген.
Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы мұндай рухани алаң тәжірибе алмасуға жол ашып қана қоймай, тың идеялардың тууына, бауырлас елдер арасындағы шығармашылық байланыстың нығаюына серпін беретінін алға тартты.

Ал, дәл қазір аталған кешен аумағында орналасқан Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында белгілі ғалымдардың қатысуымен «Дәстүр және қазіргі заман» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.
Кешкі сағат 19:00-де «Қоңыр» тобы, «HasSak» қазақ этно-фольклорлық ансамблі, Наркенже Серікбаева және жергілікті өнерпаздардың қатысумен гала-концерт пен қолөнершілердің сән көрсетілімі өтеді деп жоспарланған.
Қызығы сол, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне толассыз жауған нөсер де кедергі болмады. Шет мемлекеттен келген қонақтар мен жергілікті тұрғындар құдды бір «Наурызнаманың» онкүндігі сәуірде де жалғасын тауып жатқандай әсер қалдырғанын айтады.
