Тұрғын үйлердің аулаларын қоршау қауіпсіздік пе, шектеу ме?
Тараз қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын қоршау, дарбаза мен шлагбаум орнату соңғы жылдары сәнге айналғандай. Қазір қала ішінде мұндай «жабық аулалар» өте көп. Бұрын тек көліктің жүруін шектеу үшін түрлі бөгеттер қойылса, бүгінде олардың орнын құпия кодпен ашылатын қақпалар, темір қоршаулар, бетон кедергілер басқан. Бір қарағанда бұл – қауіпсіздік пен тәртіп үшін жасалған шара. Бірақ оның көлеңкелі тұсы да жоқ емес.
Жамбыл даңғылы бойындағы 123-үй осы айтқан мысалымызға дәлел. Мұнда аула толықтай цемент қоршаумен қоршалған, кіреберісте автоматты түрде ашылып жабылатын дарбаза орнатылған, ал екінші жағында көліктің еркін өтуіне мүмкіндік бермейтін бетон бөгет қойылған. Аулаға бөтен көлік тұрмақ, бөгде адамдар да кіре алмайды. Кіреберіс есік тек тұрғындардың рұқсатымен ашылады.
Осы үйдің тұрғыны Дәурен Жаманғараев жағдайды кеңінен түсіндіріп берді.
Алайда бұл шешімге тұрғындардың бәрі бірдей разы емес. Аталған үйге жапсарлас орналасқан Ниетқалиев 9А мекенжайында орналасқан үйдің тұрғыны (аты жөнін атамауды өтінді) аулаларды қоршаудың дұрыс еместігін айтады.
Өрт сөндіру, жедел жәрдем секілді арнайы қызметтердің көліктері аулаларға еш кедергісіз кіре алуы тиіс. Алайда бұл үйдің дарбазасында ондай артықшылық қарастырылмаған. Қақпа тек тұрғындарға берілген арнайы код арқылы ғана ашылады. Тұрғындардың айтуынша, дабыл тетігіне Ресейге тапсырыс берілген, бірақ оның қашан жеткізілетіні белгісіз. Бұл аралықта қауіпсіздік мәселесі ашық күйінде қалып отыр.
Ал облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Карина Карташова кей жағдайда қоршаулардың салдары өте ауыр болатынын жеткізді.
Мұндай жағдайдың салдарына мысал ретінде Астана қаласында болған қайғылы оқиға жиі айтылады. Ол кезде өрт сөндіру көлігінің жолы бөгеліп, шамамен 20 минут кідіріс болған. Сол уақыт ішінде өрт күшейіп, үш баланың қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудырған.
Осыған орай Тараз қалалық медиа орталығы арқылы Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жолдаған сауалымызға төмендегідей жауап келді.
«Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастр ақпараттық жүйесін (ИС ЕГКН) зерделеу барысында Тараз қаласы, Әулиеата ауданы, Жамбыл даңғылы, №123 мекенжайында орналасқан көппәтерлі тұрғын үйді ұқыпты ұстау және пайдалану үшін көлемі 0,6102 гектар жер учаскесі жалпы ортақ үлестік меншікке рәсімделген. Жер учаскесінің пайдаланудағы шектеулер мен ауыртпалықтар «кондоминиум объектісі» ретінде көрсетілген. Жер учаскеге кадастрлық 06-097-001-241 нөмірі бекітілген.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 53-бабының 6-тармағына сәйкес, ортақ меншiктегi (ортақ жер пайдаланудағы) жер учаскесiн пайдалану тәртiбi ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылар арасындағы шартпен белгiленедi».
Қысқаша айтқанда, қоршауға рұқсат етіледі, бірақ Қазақстан Республикасы Жер кодексі талаптарына сәйкес, ол тек кондоминиумға қатысушылардың ортақ келісімімен жүзеге асырылуы тиіс.
Байқағанымыздай, қаладағы көпқабатты үйлердің аулаларын қоршау мәселесі тек бір үйдің ішкі шешімі емес, қала қауіпсіздігі мен қоғамдық кеңістік мәдениетіне тікелей әсер ететін күрделі әлеуметтік құбылысқа айналып отыр. Бір тарап қауіпсіздік пен тәртіпті алға тартса, екінші тарап еркін қозғалыс пен төтенше жағдайдағы қауіпсіздікті бірінші орынға қояды.
Қоғамда қандай мәселе болса да оған дер кезінде мән бермей, жағдай ушыққанда ғана қимылдайтын әдет қалыптасқан. Бұл үйдің ауласы толық цементпен қоршалып, кіреберісі темір қақпамен жабылғанымен, ең болмаса екінші жағындағы бетон бөгет әлі алынбаған. Оны алып тастау қажет екені айтылса да тұрғындар тарапынан ықылас байқалмайды. Тұрғындар бұл бөгетті кезінде бірінші қабатта орналасқан «Halyk Bank» бөлімшесінің қауіпсіздігі үшін қойылғанын алға тартады. Яғни бұл уәж мәселені кейінге қалдыруға ғана себеп болып отыр. Ал салғырттықтың салдары ертең қауіпке айналуы бек мүмкін.
Айжан ӨЗБЕКОВА