Қаңғыбас иттерден қалай құтыламыз?
Шатаспасам, 3-сынып оқитын кезім болуы керек. Ата-анам ауылдан Қаратау қаласына қоныс аударған. Ол кезде мен әлі бастауыш сыныпта оқып жүргенмін. Бір жолы мектептен келе жатып бір топ қаңғыбас итке таланғаным бар. Үлкендер келіп ажыратпағанда аман қалуым екіталай еді. Адамдар арашалап алғанның өзінде біраз уақыт аяғымды баса алмай қиналғаным әлі есімнен кетпейді. Содан бері иттің «арс» еткен дауысы мен ырылы зәре-құтымды қашыратын болды.
Өсе келе сол бір оқиғаны біртіндеп ұмытып, қорқынышымды жеңдім деп ойлап жүргенмін. Бірақ жақында дүкеннен шыққанымда қолымдағы пакетімді иіскелеп, артымнан аңдыған ит баяғы қорқынышты естелігімді есіме қайта түсірді. Содан бері ит атаулыға жақындауға жүрексінетін әдетім қайта пайда болып, іште бұғып жатқан фобиям қайта оянды.
Қырсыққанда соңғы уақытта Тараз қаласында да қаңғыбас иттер көбейіп кетті. Көктем шыққалы саябақтар мен негізгі көшелерде, тіпті орталық алаңда алаңсыз асыр салып жүр. Орталықта облыс пен қала әкімдігінің ғимаратынан бастап бірқатар мемлекеттік мекеме орналасқан. Сала мамандарының жүйесіз жұмысының көрінісіндей, қаңғыбас иттердің бақылаусыз кеткені соншалық, олар ит аулаушыдан да, басқасынан да қаймықпайтын күйге жетті. Ал одан тұрғындар жапа шегуде.
Жалпы соңғы бір жылда 41 366 адамды ит қауыпты. Соның ішінде 23 134 адам қаңғыбас иттердің шабуылынан зардап шеккен. Мұндай цифрларды «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәлімдеді.
Осылайша «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң тағы өзгеретін сыңайлы. Мәжіліс мақұлдаған даулы түзетулер енді Сенат талқысына түспек. Қабылданғалы отырған жаңа заңда қаңғыбас иттерге «таймер» енгізу ұсынылған. Яғни ұсталған жануарлар міндетті түрде уақытша орналастыру пункттеріне жеткізіледі, бірақ ондағы мерзімі шектеледі. Қараусыз иттер 5 күнге дейін, иесі бар иттер 60 күнге дейін арнайы орында ұсталады. Осы уақыт ішінде иесі табылмаған жағдайда эвтаназия жасауға рұқсат беріледі. Сондай-ақ тегін вакцинациядан бас тарту, әкімдіктердің міндеттерін нақтылау, үй жануарларын міндетті түрде чиптеу және жануарларды өсіруді реттеу мәселесі де заң жобасында қамтылған.
Халық қалаулылары қаңғыбас жануарларды аулау мен стерилизациялауға бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына да күмән келтіріп, құзырлы органдардан жекеменшік паналардың қызметін тексеруді талап етуде. Е.Жаңбыршин мен бірқатар депутат ҚР Бас прокурорына, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасына және Қаржылық мониторинг агенттігіне ресми сауал жолдады. Депутаттардың мәліметінше, 2022-2026 жылдар аралығында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң аясында АСВҚ (аулау, стерилизациялау, вакцинациялау және қайта жіберу) бағдарламасын іске асыруға бюджеттен 14,9 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Халық қалаулысының айтуынша, әлеуметтік желілердегі деректер бір ғана панажайдың өзіне соңғы төрт жылда 400 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінгенін көрсетеді. Алайда осыншама қомақты қаражаттың игерілгеніне қарамастан елді мекендерде қаңғыбас иттердің саны азаймай, керісінше, артып отыр.
Облыс бойынша өткен жылы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға және жансыздандыруға 30 миллион теңге, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларға екпе егу және зарарсыздандыруға 9 миллион 998 мың теңге бөлінген. Сондай ақ уақытша ұстауға 5 миллион теңге, сәйкестендіруге 5 миллион теңге, иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын сәйкестендіруге 525 мың теңге, барлығы 50 523 мың теңге қарастырылған.
Негізінде 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тұрғындар үй жануарларын тіркеуге міндетті. Тіркеу үшін ветеринарлық клиникалар мен мекемелерге жүгінуге тиіс. Чиптер, болюстер немесе басқа сәйкестендіру бұйымдары орнатылғаннан кейін жануар туралы мәліметтер «IT-cor» ақпараттық жүйесіне тегін енгізіледі. Өткен жылы «IT-cor» дерекқорына 8 айда 5 701 ит тіркелген.
Қаңғыбас иттерді аулаудың өзіндік заңдылығы бар. Мәселен, қазір иттерге атыс қаруын қолдануға тыйым салынған. Яғни қаңғыбас ит болса да оның денесіне жарақат салуға болмайды. Аулау гумандық әдістерді, атап айтқанда, құрық және торларды қолдана отырып жүргізіледі. Егер жануар адамдардың денсаулығына қауіп төндірсе немесе құтырған болса ғана ұйықтататын препараттар пневматикалық шприцтер арқылы салынады. Гуманды түрде ауланған қаңғыбас иттердің жаңа иелерін іздеу мақсатында олар уақытша ұстауға жіберіледі.
Өткен жылдың 8 айында «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметіне түскен өтініштер бойынша облыс аумағында 15 998 қаңғыбас ит ауланған.
Биылғы жағдай да көңіл көншітпейді. Тараз қаласының тұрғындары мектептер мен қоқыс алаңдарының маңын қараусыз, аш жүрген иттер басып алғанын айтып дабыл қағуда.
Статистикаға сүйенсек, Тараз қаласында былтыр 10 414, биыл әзірге 8 009 ит ауланған.
Алайда тұрғындар қаңғыбас ит мәселесіне қатысты «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметіне, учаскелік полицияға және әкімдікке көмек сұрап қайырылғанымен нақты нәтиже болмай отыр. Мамандар бұл жағдайды заңнамадағы өзгерістермен түсіндіреді. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның 9-бабының 1-2 тармағына сәйкес, қаңғыбас жануарлардың санын реттеу және аулау жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдіктің құзырына өткен. Енді аулау жұмыстарын мемлекеттік сатып алу арқылы конкурста жеңімпаз болып табылған мердігер мекемелер жүргізуі тиіс.
Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Нұрдос Сембековтің сөзіне қарағанда, қазір бұл өкілеттіктерді беру процесі жүріп жатыр.
Иттерді аулау мәселені түбегейлі шешпейді, жануарларды стерилизациялап, есепке алу жұмыстарын кешенді түрде жүргізу қажет. Қазір Таразда жануарларды уақытша ұстайтын жалғыз ғана орын бар.
Осы «Product of Qazaqstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Медеу Құлтаевтың айтуынша, қалаға кемінде тағы екі панажай керек.
Жақында бұл панажайға қала әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы барып, жағдаймен танысып қайтқан. Шаһар басшысы панажай аумағын кеңейтуге және қаржыландыру мәселесін қарастыруға уәде берді.
Ветеринариялық қызметті әкімдіктердің құзырына беру – қаңғыбас жануарлар мәселесін реттеудегі түбегейлі бетбұрыс. Дегенмен бұл істе тек бюрократиялық шешім емес, нағыз мамандардың білігі мен жанашырлығы ауадай қажет. Жаңа бастама болғандықтан жергілікті биліктің жағдайды тез арада бақылауға алу мүмкіндігі күмән тудырады. Жүйе орныққанша ветеринарлар аулау жұмыстарын жүргізбейді. Соның салдарынан қараусыз қалған жануарлар көшеде еркін тайраңдап, саны бақылаусыз көбейіп жатыр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ