Қоғам

Жасанды интеллект жарға жығып жүрмесін

Жасанды интеллект бүгінде тек бір саламен шектелмей, экономиканың, медианың, білім беру мен күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігіне айналды. Бұрын уақыт, ресурс талап ететін көптеген жұмыстың басым бөлігі қазір автоматтандырылып, жылдам әрі тиімді орындалатын болды. Соның нәтижесінде жұмыстың өнімділігі артып, интеллект бағытында жаңа мүмкіндіктер ашылуда.

Соның бір қарапайым дәлелі – әлеуметтік желілерде жасанды интеллект арқылы жасалған видеолар қаптады. Олардың шынайы өнімге ұқсайтыны соншалық, жұрттың үрейін туғызып, аға буын өкілдері тіпті сеніп те қалып жатыр.

Осы орайда біз жасанды интеллекттің мүмкіндігін пайдалана отырып түрлі контент жасаумен айналысатын Аружан Исмаилмен сөйлесіп, пікірлескен болатынбыз.

Жасанды интеллекттің ықпалы күшейген сайын оған қатысты пікірлер де екіге жарылады. Бір тарап оны технологиялық прогрестің жалғасы, дамудың бастапқы қадамдары ретінде қарастырады. Ал екінші тарап бұл үдерістің көлеңкелі тұстарына назар аударады. Ең алдымен, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі алға шығады. Бұл тұрғыда жалған контенттің көбеюі, соның ішінде «deepfake» жанрындағы видеолардың кеңінен таралуы кім-кімді де ойландырмай қоймайды.

Қазір әлеуметтік желілерде жануарларды, тіпті жансыз заттар мен жемістерді «сөйлетіп», оларды ұрып-соғу, өлтіру, алдау, опасыздық жасау сияқты әрекеттерге қатыстырған роликтер кең таралып жүр. Мұндай контент сырт көзге ойын сауық сияқты көрінгенімен, алайда астарында агрессия мен жағымсыз мінез-құлықты насихаттау ниеті жатыр. Ең бастысы, баланың дамуы тек психикамен шектелмейді. Мұндай мазмұндағы видеолар оның сөйлеу дағдысына, ойлау жүйесіне де әсер етеді. Тілді үйрену, сөздік қорды дамыту, логикалық ойлау сияқты маңызды процестер сапалы әрі жас ерекшелігіне сай ақпарат арқылы қалыптасады. Ал агрессияға, шектен шыққан әрекеттерге толы контент баланың назарын дұрыс бағыттан ауытқытып, дамуына кедергі келтіруі мүмкін.

Осы орайда жасанды интеллект арқылы жасалған видеолар жайында үй тұрмысындағы ана Жазира Дастанбекова өз ойымен бөлісті.

– Кейде қолым босамай, үй шаруасы немесе басқа тірлік болып жатқан кезде кішкентай балама телефон ұстата салатын кездер болады. Сол күндердің бірінде де әдеттегідей қарбалас болып, балам жылап, мазасызданып кеткен соң қолына телефон беріп қойдым. Басында тынышталып, қарап отырғанына өзім де қуанып қалдым. Біраз уақыттан кейін жанынан өтіп бара жатқанда не көріп отырғанын көзім шалып қалды. Алғашында жай ғана мультфильм шығар деп ойлағанмын. Бірақ анықтап қарасам, мүлде басқа жағдай екен, ішінде ашық түрде ұрып-соғу, жағымсыз қылықтар, балаға лайық емес сөздер айтылған видеолар болып шықты. Сол сәтте өзім де шошып кеттім.

 Дереу баламның қолынан телефонды алып, сол сияқты видеолар шығатын парақшаларды әлеуметтік желіден бұғаттап тастадым. Сол жағдайдың өзі маған үлкен сабақ болды. Кейде «бір-екі минут тыныш отырсын» деп берілген телефонның артында қандай жағдай боларын толық бақылай бермейтінімізді түсіндім. Сол жағдайдан кейін нақты шешім қабылдадым. Қандай жағдай болса да кішкентай балаға телефонды жиі ұстата бермеу керек. Өйткені желінің ішінде бала психологиясына әсер ететін дүниелер өте көп.

Қазір ойлап қарасам, бұл тек менің ғана емес, көптеген ананың ортақ мәселесі сияқты. Сондықтан әр ата-ана баласының не көріп отырғанына көбірек мән берсе екен деймін. Өйткені бала көргенін сол күйінде қабылдайды, ал оның әсері ертеңгі мінезіне де ықпал етуі мүмкін, – деді Жазира Дастанбекова.

Осы тұрғыдан қарағанда «Жасанды интеллект бізге дос па, әлде дұшпан ба?» деген сұраққа біржақты жауап беру қиын. Ол – құрал. Оның қандай бағытта қолданылатыны адамға, қоғамға және оны реттейтін жүйелерге байланысты. Дұрыс басқарылған жағдайда ЖИ дамудың қуатты тетігіне айналуы мүмкін, ал бақылаусыз қолданылса, ақпараттық және әлеуметтік тәуекелдерді күшейтеді.

 Мақаланы жазу барысында біз осындай видеолардың бала психикасына қалай әсер ететінін білу үшін психолог маман Маржан Бекболсынмен де байланыстық.

Жасанды интеллект арқылы жасалатын контент пен видеолар бүгінде өте тез дамып, күнделікті өмірге терең еніп кетті. Бір жағынан, бұл – үлкен мүмкіндік. Осы арқылы көптеген адам контент жасап, аудитория жинап, тіпті табыс таба бастады. Бірақ елеусіз қалдыруға болмайтын кері тұстары да аз емес. Оны жоғарыда баяндадық. Ендігі кезекте қоғам өкілдері болып қорытынды шығара білуіміз керек. «Жылтырағанның бәрі алтын емес» дегендей, желіде жалт-жұлт етіп жанарды арбаған жасанды интеллект өнімдері ертеңгі күні жас ұрпақты жарға жығып жүрмесе болғаны.

Сымбат ҚУАНЫШ