Ауыл мектептеріне 17 000 кітап табысталмақ
23 сәуірде елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні атап өтіледі. Осыған орай еліміздің барлық өңірінде кітап оқу мәдениетін арттыруға және зияткерлік әлеуетті дамытуға бағытталған түрлі іс-шаралар бастау алды. Ал облысымызда Ұлттық кітап күні аясында ауыл мектептеріне 17 000 кітап табысталмақ.
Ауқымды жоба «ASSYLTAS» қоғамдық қорының «Артық білім кітапта» бастамасы шеңберінде жүзеге асырылады және Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналып отыр.
Жалпы саны 340 білім беру ұйымын қамтитын бұл игі шара аясында оқушыларға арналған мазмұнды әрі танымдық туындылар топтастырылған кітаптар жеткізіледі. Қоржындағы әдебиеттер жас ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтуге бағытталған.
Айта кету керек, өткен жылы осы жоба Абай облысында іске асырылып, 233 ауыл мектебіне 14 000-ға жуық кітап үлестірілген еді. Биыл бастаманың жалғасын табуына облыс әкімдігі қолдау білдіріп отыр.
Бұл қадам ауыл мектептеріндегі кітап қорын толықтырып қана қоймай, оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға да серпін беретіні сөзсіз.
«AR-AI»-ақпарат