Жыр жампозы халқымен бірге мәңгі жасайды
«ХХ ғасырдың Гомері» атанған ұлтымыздың мақтанышы, айтыс өнері мен халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар әлі де толастар емес. .
Жуырда қалалық Ғани Мұратбаев атындағы кітапхананың қызметкерлері де А.Гайдар атындағы №35 мектеп оқушыларының қатысуымен «Жыр жампозы – Жамбыл» атты әдеби кеш өткізді.
Іс-шараның мақсаты – жыр алыбының шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, ақын поэзиясындағы елдік рух пен халықтық идеяларды жас ұрпақтың санасына сіңіру, ұлттық әдеби құндылықтарды дәріптеу.
Кеш кітапханашы Гүлжан Бошаеваның Жамбыл жайлы тың деректерге толы кіріспе сөзімен және 4-сынып оқушылары Айзере Пансатбек пен Маржан Балғымбайдың қазақ биімен ашылды. Одан кейін облыстық айтыскер ақындар мен жыршы термешілер орталығының ғылыми қызметкері Дидар Апбасов Жамбылға арнаған арнау жырын орындап, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. Келесі кезекте аталған мектеп оқушылары Сезім Атабаева, Дильназ Әбдіқапарова, Ғазиза Серікбек ақынның түрлі тақырыптағы өлең-жырларын нақышына келтіре оқып, Ж.Жабайұлының поэзияда да алар орны ерекше екенін тағы да дәлелдеді.
Кештің келесі бөлімінде «Жамбыл мен Айкүміс» айтысы сахналанып, көрермендер қазақтың айтыс өнерінің құдіретіне куә болды.
Сонымен қатар Жамбыл бабамыздың Ұлы Отан соғысы кезінде үш ай бойы қоршауда болып, қиындық құрсауында күн кешкен ленинградтықтарды жігерлендіріп, жеңіске деген үміттерін үкілей түскен әйгілі «Ленинградтық өрендерім» атты рухты өлеңін жазу үстіндегі сәті М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының білімгері Жандос Үсеннің сомдауында әсерлі шықты.
Тақырып аясында «Жыр алыбы – Жамбыл» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандар мен арнайы қонақтар ақынның мол мұрасымен танысты. Ал музыкалық бөлімде облыстық айтыскер ақындар мен жыршы термешілер орталығының үйірме жетекшісі Сәрсен Әбілқайыр домбырамен «Жекпе жек» күйін орындаса, осы орталық ішінен құрылған «Ақберен» үйірмесінің шәкірті Айымжан Амантай «Жамбылға арнау» атты өлеңін оқып, кештің мазмұнын байыта түсті.
Іс-шара соңында арнайы шақырылған құрметті қонақтардың бірі, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты, ақын Жұлдыз Бейсек жыр алыбы Жамбылдың айтыс өнеріне қосқан үлкен үлесі мен жетістіктеріне, өнегелі өмір жолына жан-жақты тоқтала келе, өз өлеңдерінен шашу шашты.
Тағылымы мол кешке жиналғандар Жамбыл жырларынан сусындап, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, әдемі әсермен тарасты.
Бағира БҰЛТАНҚҰЛОВА,
Ғ.Мұратбаев атындағы кітапхана қызметкері, Тараз қаласы