Кішкентай әйел
Сарысу ауданындағы Саудакент ауылының тумасы Салтанат Әбдіғали мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен өлең жазуға құмар болды. Талапты жастың жалынды жырлары аудандық, облыстық, республикалық басылымарда жарық көрді. Ұжымдық жинақтарға енді. Бірнеше мүшәйраларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Есейіп, еңбек дүбіріне араласқан кезеңде де Салтанат әдебиеттен қол үзген жоқ. Таланты мен талабын ұштап, тұшымды туындыларды жарыққа шығарды. 2020 жылы пандемия басталғанда ол әлеуметтік желінің мүмкіндігін тиімді пайдаланып, «Кітап жанашырлары» атты жаңа жобаны қолға алды. Қазақ әдебиетінің классиктерінен бастап жас қаламгерлердің шығармашылығын кеңінен насихаттап келеді. Өзі де поэзиямен шектелмей, проза жазуға ден қойды. Осындай талпынысының жемісі болар, жақында Алматыда өткен алқалы жиында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. Біз Салтанатты жарқын жетістігімен құттықтай отырып, оның «Кішкентай әйел» атты әңгімесін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Редакциядан
Ана дегенде көзіне бар елестететіні – тəңірдің жазғанына əбден мойынсынып, қандай ауыртпалық болса да бəрін қабақ шытпай үнсіз көтеруге көндіккен, еріне, баласына деген ақ тілегін өз ғұмырынан да артық санайтын жұдырықтай ғана əйел.
Дулат ИСАБЕКОВ
Кең көшенің жиегіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолда ауыр сөмке көтеріп бір әйел келе жатыр. Алға қарай ентіге ұмтылады. Қарсы соққан желді де елең қылмай, кеңсірігін удай ашытқан, одан қалса үсітердей боп құлағын шымшылай түскен аязға да бой бермей бар күшін салып тырмысып-ақ келеді. Шүйкедей келіншекті ілгері бастырғысы келмей кеудесінен итеріп, әдейі ерегіскендей ызғырық жел де өршелене соғады. Біресе мойнына оралған бөкебайын шұбалтып жіберсе, біресе басындағы баскиімін жұлмалайды. Қанша жапсырып кисе де төбесінде шошайған бөркі шыдас берер емес. Жан-жағынан кеулеген жел бірнеше рет ұшырып түсірді. Бәрінде де бөдене ұстағандай үстіне құлап жатып әупірімдеп аман алып қалды, әйтпесе қаншама жер дедектеп соңынан жүгірері белгісіз еді. Оны жерден көтеріп жатып, ызаланған Кәмилә сөмкесін тік еткізіп жерге қоя салды.
Қызының бөркі қалай болғанда да тарлық етеді. Құлағын да толық жауып тұрған жоқ. Қалшылдап тоңып кеткен келіншек саусақтарын аузына тақап үрлеп жылытты. Жылда өзіне уәде береді: «Ескі киімдерді тастаймын, Айарудың күртешесін, бөркін енді кимеймін» деп. Бірақ «барғызбасың барғызбас» дегендей, айтылған сөз сол күйінде қалады. Байларға келгенде топан су боп ағылатын ақша бұған келгенде келте көрпе сияқты. Басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жетпейді.
Қыстығып жылап жіберді. Мұны аңдып тұрған кім бар дейсің? Оңашада осылайша көз жасына ерік береді. Басқа уақытта балалар байқамасын, жасымасын дейді. Көзінен домалаған ыстық жас аязбен қатып бетін удай ашытты. Ол қолымен сипап жасты құрғатты.
Ерсілі-қарсылы жөңкілген жүргіншілер бет қаратпас суық желмен алысып, әлек болып бара жатыр. Кеше ғана ақ мамыққа оранып тұрған ағаштардың ұйпа-тұйпасы шығып, айнала алай-түлей боранға айналды. Сойдиған бұтақтары жалаңаштанған қара ағаш сондай сұрықсыз көрінеді.
Ол алақанын ашып-жұмып, өзінше жаттығу жасап, іштей сыбырлап санай бастады. «Бір-екі, бір-екі, бір-екі-үш...». Неге екенін, мұрнынан да, құлағынан да бұрын қолдары мұздайды, әуелі.
«Осылай тұра берсем, сумаңдаған жел өн бойымды шарлап, мені де оңдырмас» деп ойлаған келіншек қозғала бастады. «Қыстың көзі қырауда ауырып қалсам не болмақ? Менің еркелігімді кім көтереді? Балалар жүдеп қалар». Екі иығын алға ұмсынтып, кішкентай басы салбырап, өз ойымен өзі әуре болып келе жатып ол әлдекімнің өзімен қатарласқанын аңғармай да қалды.
– Көмек қажет пе? – деген қараторы жігіт құлаққабын асығыс шешіп, сөзінің жауабын күтпестен қолындағы сөмкеге ұмтылды.
– Рақмет, үйге жақындап қалдым... Келіншек көмекті алғысы келмегенмен үні әлсіз шықты. Осы сәтте көшедегі көліктердің дырылы да үдеп кетті.
– Жеткенше көтерісейін, – деген жігіт Кәмиланың жүзіне үңіле беріп таңданып қалды.
– Бір жеріңіз ауырып тұрған жоқ па?
– Жоқ. Бәрі дұрыс. Жігіт одан әрі қазбалап ештеңе сұрамады. Келіншек қызарып, ісіңкіреп тұрған көздерін жасырғысы келгендей төмен қарап:
– Аязды күні жасаурайтыны бар, – деді даусы дірілдеп. Қараторы жігіт әлдене есіне түскендей:
– Мүмкін қолғабымды киерсіз, – деді бұған бұрылып.
– Рақмет, жетіп те қалдық қой. Ол көзі өткір, бет-пішіні атжақты келген қараторы жігітке іштей риза болып қалды. «Азамат». Әйтсе де «Қолғабын бірден неге ұсынбады екен?» деп ойлады. «Сәл кейінірек есіне түскен болу керек. Әйтпесе жаурап келе жатқан әйелге қолғабын бірден ұсынса болар еді ғой. – Жаңа ғана қатуланған қабағы жазыла түсті.
– Қазіргінің адамдары ұмытшақ, үнемі осылай ой үстінде жүреді, жұмыста да, автобуста да, көшеде де сол». Жігіт кең адымдап, келіншек те одан қалыспай жүгіре басып, өзімен-өзі іштей сөйлескен күйде үйге де келіп қалды.
– Рақмет саған!
– Рақмет айтатындай бірдеңені қырып тастағаным жоқ. Осынша ауыр сөмкені қалай көтеріп келесіз? Жел ұшырып кетпесін дедіңіз бе? – деп әзілдеді жігіт. Одан кейін қамқор дауыспен үн қатты:
– Қолыңызда қолғап та жоқ.
Кәмилә жауап қатпады. Басын изеп қоштасқандай ишара жасап, дарбазадан ішке енді.
Ол үйге кіргенде ұлы Батыр жүгіріп барып қоңырқай перденің артына тығылды. «Ол бірдеңені бүлдіргенде өстеді». Кәмила мырс етіп күліп жіберді. Ортаншы қызы перденің артынан інісін шығара алмай әлек:
– Жүрсеңші, апаң саған банан әкеліпті, ананы қарашы, – деп қулана күліп, анасы жаққа қарап көзін қысып-қысып қойды.
– Менің бұзығымды қайсысың ренжітіп жүрген? – Кәмила көңілдене төрге беттеді. Үйдің іші тап-таза. Барлығы өз орнында. Көлденең жатқан зат жоқ. «Осылардың барына шүкір» деп дұға жасап, балаларына сүйсінді.
– Апа, тоңазытқыштан ет шығарып қойдым. Сәбіз, пияз аршулы дайын тұр. Ас бөлмесінен шыққан тұңғышы Айару істеген жұмыстарын тізбелеп айтып жатыр. Кәмила балаларының бәрінің бетінен сүйіп шықты. Батырды құшағына қысып біраз отырды.
– Шаршадыңыз ба, анашым?
– Су ішесіз бе, шай қояйын ба? Қыздары анасының шаршаңқы жүзін аңғарып, жан-жақтан бәйек болуда.
– О не дегендерің? Қазір Батырды құшақтап бір сәт отырсам болды, шаршағаным ізімқайым жоғалады. Расында да солай еді. Кенжесі анасын көңілдендіргісі келді ме, кішкентай саусақтарымен маңдайын мытыпмытып қойды. Өзі ауырғанда анасы үнемі солай істейтін. Соны қайталағаны ғой.
– Сіз ауырып қалмадыңыз ба? Көзіңіз қыпқызыл боп тұр, – деді ұлы қамқорсып.
– Жо-о-оқ, далада жел соғып тұр азынап. Содан болар. Жанашырым сол, мен тамақ істейін. Кәмила қолдарын газдың отына жылытып, кешкі астың қамына кірісті. Алақандары қыпқызыл, сөмкенің бауы қиып кетті ме, әлде үсіп қалды ма? Үсіп қалған сияқты. Оны көріп бойы шымырлап кетті. «Осы екен ғой сезбей қалғаным». Балаларға сыр білдірмей дәлізден қазанды әкеліп, ақырын етті турай бастады. Қазанның құлағына тигенде қолдары тыз-тыз етіп ашыды.
– Апа, Батыр бүгін маған жаман сөз айтты. Айзере жақын келіп құлағына сыбырлай бастады.
– Сіз келген соң сазайыңды береді дегенмін. Ақылыңызды айтыңызшы.
– Жақсы, ботам. «Ол ақылды ұға қояр ма екен?». Десе де қабақ түйіп, сұс көрсетіп қоймаса болмайды. Бетімен жіберген балалардың қалай ержеткенін көрді ғой. Өбектей берсе жасық болып өсуі мүмкін. Дүниеде бала тәрбиесінен қиын нәрсе бар ма екен? Ондайда Кәмилә еріксіз күйеуі жайлы ойға шомады. Е-е-е... Ол қастарында болғанда ғой, Батырдың тәрбиесін соған жүктеп, өзі қыздарына көбірек көңіл бөлер еді. Қыздары онсыз да ақылды ғой, әке қабағынан қаймығып одан да тәрбиелі болып өсер ме еді? Талғатпен айырылысқанына жеті жылдан асыпты. Хабар жоқ. Шындап іздесе ендігі табар еді ғой, құлқы жоқ шығар? Бәлкім, біреуді тауып алған болар? «Балаларға жәрдемім болсын, ақша салып тұрамын, шот ашып қой» деп алдағаннан кейін Кәмилә күдерін біржолата үзіп еді. Құрғақ уәдесін қайтеді?
«Жә-жә-жарар...– Жүйкесіне салмақ түсіргісі де келмейді. – Өткенге салауат. Жаратқан жеткерсін...».
Ол балаларды дастарқан басына шақырды. Төртеуі көңілді отырып тамақ ішті. Артынан іштей күбірлеп дұға жасап, шама-шарқынша бата қайырды. «Батырға дұға жаттатып, бата қайырып үйрету керек екен, – деп ойлады іішінен. – Кішкентай болса да еркек аты бар».
Байқайды, өзінің бір жақсы қасиеті – қанағатшылдығы. Ол ешқашан Құдайын ұмытқан емес. Одан сұрағаннан гөрі, бергеніне шүкіршілік етеді көбіне. Құдай да оны далада қалдырған жері жоқ. Ұлын арқалап, екі қызын жетектеп төркініне қайтып келгенде уайымы күшті еді ғой. Ол күндерді ешқашан ұмытпайтын шығар... «Қайтып келген қыз жаман» деген. Ұяттан беті өртеніп, «Елдің бетіне қалай қараймын, ертеңіміз не болады, балаларды қалай жеткіземін?» деген ойлар жегідей жеп, көңілі қатты құлазып еді. Бірақ оның қорқынышын, уайымын сейілтіп, жолын ашқан Жаратқанның мүмкіндіктері мықтырақ болып шықты емес пе?! Ол сан рет шүкіршілік етті.
Балалардың сабағын тексеріп болып, бөлмесіндегі айнаның алдына келді. Желден бе, әлде үйге келіп, ыстық тамақ ішкен соң ба, екі бетінің ұшы қызарып кетіпті. Қолына жақпамайын алып бетін ысқылады. Қажыған жүзін солай күнде ретке келтіруді әдетке айналдырған. Екі қолын жоғары сермеп, жаттығу жасады. Желке тұсы ашып, ауырғанын сезді. Сосын көздеріне тура қарап: «Саған шаршауға болмайды», – деді өзін-өзі жігерлендіріп.
«Жұмыста жүргенде уақыт өтпейді, үйде уақыт жетпейді». Қыздарды орнына жатқызып, Батырды жетектеп келіп төсегіне жайғасты.
– Анашым, ұйқым келмей тұр... Кішкене мультик қарайыншы? – деді ұлы қиылып.
– Болмайды, балам. Мен ертең жұмысқа барамын. Таңертең ерте тұратынымды білесің ғой? Қаласаң ертегі айтып берейін?
– Қажет емес, анашым. Жа-рай-ды. Шаршасаңыз ұйықтайық. Ерте тұруыңыз керек, – деді ұлы анасының сөзін мақұлдап.
– Ақылдым менің, – деп, қуанып кеткен Кәмилә ұлының бетінен шөп еткізіп сүйіп алды. Батыр еркелеп екінші бетін тосты. Қалжырап тұрған анасының арқасын кішкентай қолдарымен мытып-мытып қойды.
– Құлыным менің! Құдай бере салған! – Анасы одан бетер елжіреп, тоқтамай сүйе берді, сүйе берді.
Батырдың орны бөлек. Ол мейірімге шөліркеп жүр. Қыз балалары ұяңдық танытып ішіндегісін жасырса, ұлы ашық айтады, кейде осылай қылығымен аңғартады.
Содан кейін ана мен бала құшақтасқан бойда тәтті ұйқыға кетті. Шынымен анасы Батырды бауырына алса болды, бар қиындықты, бар мұңын ұмытып кетеді. Кейде күбірлеп айтар дұғасын да айтуға мұршасы келмейді.
Кәмилә түс көрді. Түсінде оның жүрегі қандай да бір сиқырлы күштің құдіретімен алып шарға айналыпты. Жаһанды түгел қамтыған шардың түсі аппақ. Ол солай қалықтап жатып, бір кезде оянып кетті. Таң қылаң бере бастаған екен.
Әлден уақытта шүйкедей келіншек үлкен қаланың қақ ортасындағы түп-түзу жолға түсіп базарға бет алды... Жұдырықтай жүрегіндегі үлкен арманы оны алға жетелей береді.
Салтанат ӘБДІҒАЛИ