Қос алыптың қолтаңдасы
«Аңсаған бақытым сияқтанып, Ай туып келеді қияқтанып. Жол жаққа қараймын, Сен жоқсың, арайлым», – деген өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ шығар.
Өткен ғасырда жазылған бұл ән туралы неге сөз қозғалды дерсіз? Оның тарихын тергеп, өлеңді кім жазды деп жаңалық ашар жайымыз жоқ. Тек бұл әннің авторлары өлең жарыққа шыққанда өздерінің аса сүйікті бауырлары, біріне аға, біріне іні болған Шерхан Мұртазаға бірауыз сөзі бар хат жазыпты. Сол хат бүгінде Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында сақтаулы тұр.
Шераға құжатқа, әсіресе хаттарына аса ұқыпты болған жан. Оның арасынан сонау соғыс жылдарынан кейінгі бала кезінде жазысқан хаттарынан бастап, дүниеден өткенге дейін жолданған жазбалары, өзінің жазған күнделіктері – бәрі қаттап жинақталған.
Солардың арасында Шәмші Қалдаяқов пен 25 жасар Мұхтар Шахановтың қолтаңбасы түскен бір жапырақ сарғайған қағаз да бар. Онда жоғарыда айтқан өлеңнің жазу машинкасымен терілген мәтіні берілсе, төменгі оң жақ шетінде былай жызылған: «Аса қадірлі Шерханға әннің авторы Шәмшіден жолдама. Артындағы анекдоттары әнге закуска ретінде. Адал ниеттен ұсынушы – Ш.Қалдаяқов. 21.ІІІ. 67ж. Шымкент». Яғни дәл сол қазақ вальсінің королі Шәмшінің жазуы. Бір-бірімен әзілдесіп, сыйласып жүрген бауырмалдық лебі бірауыз жазбаларынан сезіледі.
Осы қағаздың сол жақ төменгі бұрышында: «Аяулы аға Шәкеңе деген ыстық көңілімізді осы ән білдірсін. Жеңгей екеуіңіз шәй ішіп болған соң, ара-тұра ыңылдап оңтүстіктің көңілді көктемін еске түсіріп тұрғайсыздар. Өмірлеріңіз көктемдей көңілді, әндей әсем болсын! Аумин! М.Шаханов, 21.ІІІ. 67ж.», – делініпті. Яғни сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің журналисі Шерхан Мұртазаның оңтүстіктен Алматыға шақыртқан жас дарынды ақыны Мұхтар Шахановтың жазбасы. Сол кезден бері алпыс жылға жуық уақыт өтті. Оңтүстіктің қос дарыны жолдаған бір жапырақ қағаз бүгінде тарихи құжатқа, архивтің бай мұрасына айналып отыр.
Назым ҚОЖАМАР,
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі