Әлеумет

Айша бибі ауылындағы айрықша нысан

Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының тұрғыны жерасты жылыжайын салып, табыс тайқазанын тасытуда. Бұл – «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасының нақты нәтижесі.

Ауыл тұрғыны өңірде алғашқылардың бірі болып жерасты жылыжайын салды

Кәсіпкер Әбдіғали Жағабеков жарқын жоба аясында 8,6 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өңірде алғашқылардың бірі болып жерасты жылыжайын салған. 6 сотық аумақта орналасқан жылыжайда бүгінде гүлдің сан түрі өсірілуде. Сонымен қатар көкөніс өндірісі де жолға қойылған. Соның нәтижесінде кәсіпкер табысын арттырып, өнім көлемін ұлғайтып отыр.

Жобаның тиімділігі – оның технологиялық ерекшелігінде. Жерасты жылыжайы жылуды ұзақ сақтайтындықтан шығын айтарлықтай аз болады. Ал жаз мезгілінде онда ішкі температураның қалыпты болуы өнім сапасына оң әсерін тигізеді. Бұл өз кезегінде өсімдіктің өзіндік құнын төмендетіп, оны нарыққа қолжетімді бағада ұсынуға мүмкіндік беруде.

Кәсіпкердің айтуынша, қаламызды көгалдандыру үшін қажетті гүлдердің басым бөлігі бұрын сырттан тасымалданған. Сондықтан ол жергілікті нарықты өз өнімдерімен қамтамасыз етуді мақсат еткен. Бүгінде оның еңбегі ақталды десек те болады.

Жамбыл аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасыновтың мәліметінше, «Ауыл аманаты» жобасы аудан көлемінде қарқынды жүзеге асуда. Соңғы екі жылда 100-ден астам жоба ұсынылып, оның басым бөлігі кәсіпкерлік пен ауылшаруашылығы саласына бағытталған. Нәтижесінде жылыжайлар саны артып, тігін цехтары, сұлулық салондары, жиһаз өндірісі мен медициналық қызмет көрсету орындары ашылыпты.

А.БЕКЕНҚЫЗЫ