Жаңалықтар

Бір таксиге сегіз қыз мініп едік

Бір таксиге сегіз қыз мініп едік

Тараз қаласындағы бұрынғы ТарМПИ-дің филология факультетінде 2009-2012 жылдары жоғары шәкіртақымен білім алдым. Тобымыздағы 28 студенттiң 22-сi грантта оқитын. Барлығы да шетiнен қара сөздің майын ішкен шешен, сүйегіне сөз қонған шайырлар. Өнер, спорт, шығармашылық жағынан да кенде емес еді. Бәрiмiз бiр үйдің баласындай, қызыққа толы, студенттік шақтарды бастан өткердік. Барды бөлісіп жедік. Ауылдан тары-талқан, құрт-май келе қалса, бөлектенбей ортаға алатынбыз. Әсіресе жатақханадағы қызықты сәттер бастан талай өтті.

Жаңа ортамен араласу, басқа аймақтан келген жастармен пікірлесуден көкірек көзіміз ашылып, жаңаша өмірді достармен бірге сүруге деген ынтамыз арта түседі. Жатақхана екінші үйіміздей болып, ыстық ұяға айналды. Комендант апай әрқайсысымызды анамыздай бауырына басты, ақылын аямады. Егер көмек керек бола қалған жағдайда жатақхана жастары жәрдем беруге әрдайым дайын тұратын. Бос уақытымызды құрғақ әңгімеге кетiрмей, том-том романдардағы кейіпкерлерді талқылап, шағын аудиторияны пiкiрталас алаңына айналдыратынбыз. Алдымыз бір жыл ішінде 100 кітаптан аса оқыппыз. Оны білген Жазира Абдуалиева әпкейiмiз: «Байқаймын, кiтаппен ауырып қалғансыңдар-ау, бiрнеше романды бiрден бергенім дұрыс болып па? Дерттің емiн, семестрдiң соңында айтамын», деуші еді. Кiтап оқуға деген ынтамыздың артқаны сонша, бiзге ол аурудан айығу мүмкін болмады. Уақыт өте келе студенттік жылдарымыздың қызықты да мәнді өтуін де ұмыт қалдырмайтынбыз. Бойымызда жастық оты маздап тұрған шақ. Оқуды жайына қалдырып қыдырғымыз келеді. Ақыры жасыратын түгі қалмады ғой, талай рет ұстаздарымызды «шыңғыртқан» кездер де болды. Сондайда жетекшіміз «Жолы болғырлар-ай, жастық шақты ұмытылмас қызықтармен есте қалдырған да дұрыс шығар» деп жұмсақтық танытатын. Біз қыдырғанда үнемі 7-8 қыз бірге жүретінбіз. Көбіне такси жүргізушілері төрт адамнан артық алмайтын. Ондай кезде «таксистер» келіскен бағаға сәл үстемеақы қоссақ, топырлаған барлығымызды барар жерімізге жеткізіп тастайтын. Сондай кезде бір қызықты оқиғаға куә болғаным бар. Бір жолы 8 қыз қала ішіндегі жол бойында көлік тосып тұрдық. Тоқтаған көліктің жүргізушілері бастарын шайқап жөндеріне кетіп жатты. Бір кезде бір көлік келіп қасымызға тоқтай қалды. Жүргізушісіне қарасақ, бет-әлпеті өзіміз қатарлы жастау көрінді. Салғыласпай, дегенімізге бірден көніп, келісе кетті. Сегізіміз сығылысып отырып алдық. Алдымыз бастырылып, кейбіріміз тар қапаста әзер демалып бара жатырмыз. Бір кезде қарама-қарсы өткен бір жол патрульдік полициясының көлігіндегі жол сақшылары бізді байқап қойды-ау деймін. Лезде артқа бұрылып, артымыздан қуып келіп, жол шетіне тоқтауды бұйырды. Жүргізуші жігіт көліктен түсе сала полиция қызметкеріне қарай қалбалақтап жүгіре жөнелді. Екеуі аз ғана сөйлесті де біз отырған көлікке қарай беттеді. Полиция қызметкері көліктің есігін ашып, бірінің астында бірі бастырылып жатқан өңшең қыздарды көріп, таңғалған әрі шошыған кейіпте «Әй, мынау не бәле?! Топырламай түсіңдер, түс-түс», деп бізді жұлқылап жатқан. Сол кезде жүргізуші жігіт полиция қызметкерін қапсыра құшақтай алып: «Көке, тиіспеңізші, өзім зо-о-рға сыйдырдым», деп әлекке түсіп жүр.

Алуа ҮМБЕТҚҰЛОВА, Мойынқұм аудандық «Мойынқұм таңы» газеті бас редакторының орынбасары