Кітапханашы болу қиын ба?
Егер ойда-жоқта кітапханашы бола қалсаңыз, сізге мыңдаған кітаптың ішкі мазмұны мен авторлары туралы жетік білуіңізге тура келетінін ойша шамалап көріп пе едіңіз? Әсіресе қай кітаптың қай сөреде тұрғанынан жаңылыспай, оқырманның іздегенін қолына ұстату басты міндетіңіздің бірі болады. Оған қоса кітапханаға оқырман тарту, жас ұрпақты кітап оқуға баулу да осы мамандыққа тән жауапкершілік. Ойланғанға бұл өте қызық әрі әсерлі болатыны анық. Кез келген сала маманына тән жұмыстың өз ауыртпашылығы болатыны секілді бұл да машақаты көп мамандық. Біз бұған «Мамандығымызды өзгертеміз» айдары аясында бір күн кітапханашы болғанда көз жеткіздік.
Тарихты сөйлетер болсақ, әлемде кітапханалар шамамен осыдан 8 000 жыл бұрын қазіргі Ирак мемлекетінің аумағында пайда болыпты. Ал еліміздегі тұңғыш кітапхана 1871 жылы Орал қаласында ашылған. Міне, сол уақыттан бері кітапханалар адамдарға жан тыныштығын сыйлау үшін қызмет көрсетіп келеді.
Былтырдан бастап 23 сәуір елімізде Ұлттық кітап күні ретінде тойланса, осы жылдан бастап бұл күн кітапханашылардың кәсіби мерекесі ретінде аталып өтпек.
Бүгінде облысымызда 275 кітапхана жұмыс істесе, руханият ордаларында 635 маман еңбек етеді. Өңірімізде облыстық деңгейдегі 3 кітапхана болса, солардың бірі – Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы. Мұнда 111 000-нан астам кітап қоры бар. Олардың 46 000-нан астамы қазақ тілінде. Мекеме жылына 14 000-нан астам оқырманға қызмет көрсетеді. 1958 жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ұжымда 29 маман еңбек етеді. Олардың 23-і – кітапханашылар. Айлық табыстары 180 мың теңгеден басталады. Қойылатын талап та жоғары. Мұндағы мамандар кітап қорымен таныс болып, олардың нақты орнын білуі керек. Осы үшін сөрелер мен кітаптар нөмірленіпті. Әр жанрдың өз нөмірі бар. Ал кітапханашы соны өз жадында сақтауы керек. Бұдан бөлек мекемеге бас сұққан жандармен тіл табыса білу де маңызды дағды. Бірі кітапты кітапханада отырып оқуды жөн санаса, бірі өзімен алып кетуді қалайды. Құжаттарға мұқият болу, техника тілін жетік білу – заман талабы. Сонымен бірге оқырмандарды қызықтырып, ұлы тұлғаларды ұлықтау үшін түрлі ісшаралар ұйымдастыру да кітапханашылардың міндеті.
Бізге жетекшілік еткен кітапхананың жасөспірімдерге қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Ақжан Бесетаева жұмыстың қыр-сырын баян етті.
Жетекшіміздің көрсетуімен біз қайтарылған кітаптарды тексеріп, әрқайсысын өз орнына реттеп қойып шықтық. Бөлімге келген жаңа кітаптарды қабылдап, оларды да орналастырдық. Келесі кезекте ескі құжаттарды ретке келтірдік. Тарихтан сыр шерткен бұл дүниелердің адамға сыйлар әсері айрықша. Меніңше, кітапханашылар осындай сәттерде өз мамандықтарына қайта ғашық болып, олардың бойын мақтаныш сезімі кернейтін сияқты. Өзіме бұл ескінің көзін қолыма ұстап, көзбен көру толқыныс пен толғанысқа толы сәт болды.
Кітапханашының басты міндеттерінің бірі – оқырманды қабылдап, оны тіркеу. Бұл үшін арнайы формуляр толтыру қажет. Мұны да мамандардың нұсқауымен тез түсініп, меңгеріп алдым. Сөйтіп, ең маңызды әрі негізгі қызметіме кірістім.
Кітапханашы ретінде оқырман қабылдап тұрғанымда 10-сыныптың оқушысы Мерей Жамалбек «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабын сұрап келді. Жас оқырманымыз 5-сыныптан бері кітап оқуға ден қойғанын, көбіне классикалық туындыларды сүйіп оқитынын айтты. Кітапты қолына ұстатып тұрып: «Кітап 10 күнге беріледі. Алайда тағы уақыт қажет болған жағдайда кітапханашыға хабарласып немесе осында келіп, тағы да 10 күнге екі рет ұзарта аласыз», – дедім.
Қанша дегенмен тұрақты оқырман ғой, бұл талаптан хабары бар болып шықты.
Кітапханадағы жұмыс барысында бұл мамандық үшін ұдайы ізденістің қажеттігін ұқтым. Сан алуан жанрдағы еңбектермен таныс болу, әрине, оңай емес. Бірақ оқырманға жоғары деңгейде қызмет көрсету үшін бұл аса маңызды. Осы ретте мамандар бос уақыттарын тиімді пайдаланып, өздерінің соңғы оқыған туындыларын талқыға салды. Әрине, олардың қатарына мен де қосылдым. Біз Дулат Исабековтің «Гауһартас» повесін талқылап, ойларымызды ортаға салдық. Мен шығармадағы бас кейіпкерлердің бірі Салтанаттың тағдыры айрықша әсер еткенін айтсам, кітапханашылардың бірі Ыбыштың мінезіне таңырқағанын жеткізді.
Сонымен қатар кітапханада «Шабыт» балалар арт-студиясы, «Интеллектум» мен «Әдеби толқын» оқырман клубтары құрылып, жұмыс істейді екен. Соңғысында 30-ға жуық мүше бар. Клуб мүшелері А.Бесетаеваның жетекшілігімен жақында Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын өзара талқылаған екен.
Кешқұрым жұмыс уақыты аяқталғанда бір күндік әріптестеріме алғыс айтып, қош айтыстық. Терең білім мен талапты қажет ететін, әрі қоғам үшін аса маңызды осы мамандықпен жақын танысудың сәті түскеніне қуаныштымыз.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ