Жамбыл жаңалықтары

Алдағы жоспар айқындалды

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиында, ең алдымен, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалды.

Қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаевтың айтуынша, есепті мерзімде межеленген 4 көрсеткіш орындалған. Оның ішінде негізгі капиталға салынған инвестициялар, пайдалануға берілген тұрғын үй, құрылыс жұмыстарының, ауылшаруашылығы және бөлшек сауда тауар айналымының жалпы көлемі артқан.

Келесі кезекте Әулиеата және Жібек жолы аудандарында атқарылып жатқан жұмыстар мен мәселелер жан-жақты қаралды.

Әулиеата ауданының әкімі Барлық Төрехановтың мәліметінше, аумақтағы көшелерді зерделеу нәтижесінде биыл асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетін жоспар бекітіліпті. Соған сәйкес жалпы саны 48 көшені орташа жөндеуден өткізіп, «Бектөбе» мен «Қызылшарық» алқаптарындағы Асылтас көшесі, «Ұлы дала» ықшамауданындағы аулаішілік және Ш.Жандарбеков көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарлануда. Бұған қосымша Көшеней, Сеңкібай, Сыпатай батыр, 6-бұрылыс Көшеней, Сухамбаев көшелері және №23 мектеп маңына жаяу жүргіншілер жолдарын төсеу қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ, аудан аумағында 2 700 дана жол белгісін сызу, 33 автобус аялдамасын орнату, 12 көшеде ауызсу құбырларын ауыстыру көзделген.

Жібек жолы ауданында да шешімін күткен мәселелер аз емес. Аудан әкімі Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, Биыл 14 спорт алаңшасын жаңғырту, жаңа 39 аялдама орнату, ұзындығы 22,898 шақырым болатын 35 көшені жарықтандыру жұмыстары жүзеге асырылмақ. Бұл бағытта, ең әуелі, шалғай алқаптарға басымдық беріледі. Сонымен қатар ауызсумен қамту, жолдарды жөндеу бойынша да нақты жоспарлар бекітілген.

Бақытжан Әмірбекұлы өз кезегінде межеленген міндеттерді жүйелі орындауда аудан әкімдеріне зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын атап өтті.

Кеңес қорытындысында аудан басшыларына көшелердің тазалығын ұдайы қамтамасыз ету әрі бұған кәсіпкерлік нысандардың иелерін жұмылдыру, жоспарланған жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Тараз қаласы әкімдігінің
медиа орталығы