Қазақстан мен Моңғолия президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ухнаагийн Хурэлсухтың келіссөзі ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.
Тараптар екі елдің сан қырлы ынтымақтастығы достық пен өзара қолдау рухында дамып келе жатқанына назар аударды.
Президент шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгені және Аймақтық экологиялық саммитке қатысуға ниет білдіргені үшін Моңғолия Президентіне алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы қазанда Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапарын ықыласпен еске алып, соның нәтижесінде көптеген уағдаластыққа қол жеткізілгенін, ал екіжақты қарым-қатынас стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті.
– Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз нығая түсуде. Бірқатар жетістіктер бар. Тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Өнеркәсіп саласына қатысты нақты жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгін елордамызда Қазақ-моңғол бизнес-форумы өтеді. Оған Моңғолиядан келген көптеген компаниялар қатыспақшы. Біз мұны толық құптаймыз. Сіздің де тарапыңыздан көрсетілген қолдауға ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Былтыр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі 7,7 пайызға өсіп, 130 миллион доллардан асқан.
Өз кезегінде Ухнаагийн Хурэлсух бұл сапар нәтижесінде қос халықтың достығы мен сан қырлы ынтымақтастығы нығая түсетініне сенім білдіріп, Қазақстанды Моңғолияның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесі деп атады.
– Достық қатынастарды одан әрі күшейтуге, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың аясын кеңейтуге сыртқы саясатымызда ерекше басымдық береміз. Соңғы екі жылда көптеген ортақ міндеттерді қолға алып, өзара серіктестігімізді жаңа деңгейге көтердік. Екі ел арасындағы сенімді байланыстарды нығайтуда заң шығарушы органдар айрықша рөл атқарады. Өзара серіктестік әлеуеті зор. Сіздің 2024 жылғы елімізге сапарыңыз аясында Моңғолия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру бойынша 2025-2027 жылдарға арналған жол картасына қол қойылған еді. Ендігі міндет – өзара тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу, – деді Моңғолия Президенті.
Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстан Президентін жаңа Конституцияны қабылдау бойынша жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен құттықтап, бұл тарихи уақиға Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, заң үстемдігіне негізделген қоғам құруға негіз болатынына сенім білдірді.
Келіссөз барысында тараптар ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, цифрландыру, тау-кен, туризм, көлік-логистика, өңіраралық байланыс бағыттарындағы өзара тиімді серіктестік перспективасын талқылады.
Мемлекеттер басшылары бұл ретте Үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру, Астана – Ұлан-Батыр, Өскемен – Өлгей бағыттарындағы әуе рейстерін қайта ашу, екі ел арасында төте автокөлік жолын салу мәселесін пысықтау мақсатында Үкіметаралық жұмыс тобын құрудың маңызына мән берді.
Қазақстан Президенті Баян-Өлгей аймағында Қазақстан консулдығын ашуға көрсеткен қолдауы үшін Моңғолия Президентіне алғыс айтты.
Бұдан бөлек, кездесуде екі елдің білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастығын ілгерілету мәселесі қарастырылды.
Келіссөз қорытындысы бойынша екі елдің ресми делегация мүшелері қол қойылған құжаттармен алмасты:
1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Моңғолия Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
3. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Моңғолия Өнеркәсіп және минералды ресурстар министрлігі арасында атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Моңғолия Қаржы министрлігі арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Моңғолия Өнеркәсіп және минералды ресурстар министрлігі арасындағы мұнай саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
6. Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық жөніндегі 2026-2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары;
7. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі мен Моңғолия Банкі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
8. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен «Erdenes Mongol LLC» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
9. Астана қаласының әкімдігі мен Қарақорым қаласының әкімшілік аппараты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум («Жаңа Қарақорым» жобасы);
10. Алатау қаласының әкімдігі мен Қарақорым қаласының әкімшілік аппараты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум («Жаңа Қарақорым» жобасы);
11. Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені мен Моңғолияның Ұлттық қоғамдық радио және теледидары арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
12. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
13. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Моңғолияның «Шыңғысхан» Ұлттық музейі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум.