«Жасыл ел-Тараз»-дың жылыжайы: Бүгінде мұнда миллион түп гүл өсіріледі
Өзінің сан ғасырлық тарихында талай дәуірлеу мен шапқыншылықты бастан өткерген Тараз қаласы көненің көзі саналатыны даусыз. Сол үшін де шығар, шаһар жайлы тебірене сөйлеген адам оның екі мың жылдан астам тарихын тілге тиек етпеуі мүмкін емес. Сондай-ақ тасына тіл бітсе шежіреден сыр шертетінін, топырағына жасырынған құнды қазынасын міндетті түрде тәпсірлейді.
Бүгінде мұнда миллион түп гүл өсірілуде
Бұл да керек шығар, бірақ біздің түсінігімізде көне шаһардың бүгінгі келбеті, сәулеттік салтанаты, заманауи тұрғыда безендірілуі мен жаңаша дамуын тақырыпқа арқау етсек, бәрінен де сол ұтымды шығады. Ал оның ішінде Тараз қаласының тазалық талаптарына сай болуы, жаныңды жадырататын жасыл желек жамылуы мен көзтартар құлпырған гүлдермен көмкерілуінің өзі жеке тақырып болмақ. Дәл осы істің артында қандай еңбек жатқанын бұрын ойша шамалап көріп пе едіңіз? Асылында, биіктігі көк тіреген нысандарының қабырғалары таспен өріліп, темірмен құрсауланатын, айнала берік бетонға толы қала атаулыны табиғат берген сыйымен үйлестіру оңай шаруа емес. Сол үшін де шаһардың ажары көше бойын гүлзар баққа айналдыратын қарапайым еңбек адамдарының қажырлы қайраты арқылы ашыла түсуде десек, артық айтпаймыз. Мысалы, Тараз қаласының аумағын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен «Жасыл ел Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысса, оның ішінде 362 адам жолдың тазалығына тер төгіп жүр. 122 жұмысшы демалыс орындары мен көше тазалығына жауапты болса, шаһардың «жасыл белдеуін» қалыптастырып, көгалдандыру мен көріктендіру ісіне 131 адам жұмылдырылуда. Одан бөлек 12 жұмысшы «Жасыл ел-Тараз» ЖШС-ның жылыжайында гүл өсірумен айналысады. Міне, осы бағбандардың еңбегі ерен, бірақ олардың жұмысы негізінде көзге көріне бермейді. Қала ішіндегі саябақтарда, гүлзарларда немесе көше бойында жайқалып тұрған хош иісті гүлдерге тамсана қарағанымызбен, сол сұлулық аталған жылыжайдан бастау алатынын түйсіне бермейтіндер бар. Олардың да еңбегін елге дәріптеу сөкеттік болмауы тиіс. Осы мақсатта аталған жылыжайға арнайы ат басын бұрған едік.

Біз барғанда өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бағлан Қазиевті Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аталған жылыжай кешеніне бастап барып, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып жүр екен. Қала ажарын айшықтайтын өсімдіктердің бапталу деңгейін өз көзімен көрген Бағлан Нұрланұлы жылыжай жұмысына оң бағасын беріп, «жасыл» экономиканы дамыту бағытындағы бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Жылыжай ішіндегі әрбір өсімдіктің жай күйіне жете қаныққан мемлекеттік инспектор жұмысшыларды да сөзге тартып, атқарылып жатқан ауқымды істердің нәтижесі қала көркінен де анық байқалатынын жеткізді. Орайлы сәт туғанда біз Бақытжан Әмірбекұлын сөзге тартып, пікір алған едік.

Жылыжай меңгерушісі Динара Шлееваның айтуынша, мұнда жалпы аумағы 3 500 шаршы метр болатын 8 жылыжай бар. Ол осында 2014 жылы жұмысшы болып еңбекке араласқанда қараусыз қалған жылыжай ішін арамшөп басып кеткен екен. Қабырғасы таспен өріліп, қалған бөлігі әйнекпен жабылған жылыжайдың тозығы жетіп тұрған. Сол кезде ішіне құм тасталып, төбесі пленкамен қапталып, темір белдемшелер, тіреулер қойылған. КСРО дәуірінен қалған төрт жылыжай сол кезде іске қосылса, қалғаны 2017 жылдан бері пайдаланылып келеді. Былтыр 8 жылыжайға да жөндеу жұмысы жүргізіліп, жылу жүйесі жаңғыртылып, жаңадан пештер қойылып, ағашы, темірі, пленкасы ауыстырылып, киінетін бөлмеге дейін жаңадан салынған екен. Кейіпкеріміз 2015 жылы жылыжай шебері (мастер) қызметіне жоғарыласа, бір жылдан бері меңгеруші болып жұмыс істеуде.

Гүлдер күніне таңертең бір мәрте суарылады екен. Ол үшін арнайы қойылған 8 сусорғы жұмыс істейді. Д.Шлеева алдағы уақытта тағы да жылыжай іске қосылатын болса, оны да баптауға дайын екендерін жеткізді.
Мұндағы гүл өсірушінің бірі – Күнсұлу Сәтбергенова. Ол жылыжайда 2021 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жұмысы таңғы сағат 8.30-да басталып, кешкі 18.00-ге дейін жалғасады. Күндізгі 12.30-да түскі үзіліске шығады, сол кездегі ас-суы мекеме есебінен тегін беріледі екен. Күндізгі 13.30-да жұмысқа қайта шығып, олар қыс бойы өздері баптаған гүлдердің ішінде саябақтар мен көшелерге егуге дайын болғанын далаға шығарумен айналысады.
Қарапайым еңбек адамына құрмет көрсету де мәдениеттің бір белгісі. Адал еңбектің арқасында айналасына сыйлы болып жүрген жандар маңайымызда жетеді. Тек олардың еңбегін лайықты бағалай білуіміз керек. Соңғы уақытта қоғамда жұмысшы мамандығына деген көзқарас біртіндеп болса да түзеліп келеді. Жылыжайда біз көрген бағбандар да құрметке лайық нағыз еңбек адамдары.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ