Руханият

Айтары көп ақсақал еді

Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін жандар болады. Дана халқымыз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Осындай аты да өлмеген, хаты да өшпеген жақсылардың бірі Битама Мырзамбетұлы еді.

Көзі тірі болғанда 90 жасқа толатын Битама Мырзамбетұлы Таластың төменгі сағасындағы Бөлтірік шешен ауылының іргесіндегі Елібай жотасында дүниеге келіпті.

Жоқшылықты, Ұлы Отан соғысының зардабын көрген Бәкең бала күнінен әкесіне тартып есті болып өсіпті. Өзінің айтуына қарағанда, әкесі құймақұлақ, сөзге шешен адам болған. «Би болмаса да, би түсетін үй болдық» деуші еді.

Ізгі адам – өнегелі, отбасының жемісі. Отбасында тағылымды тәрбиенің қайнарына қанып өскен Бәкең мектепті де жақсы оқыпты. Кейін Алматыдағы Халық шаруашылығы институтын «Қаржыгер» мамандығы бойынша бітірген соң еңбек жолын Талас ауданындағы қаржы бөлімінде бастаса керек. Адамның қалыптасуына жақсы басшы да әсер етеді ғой. Сол басшылардың ішінен Наурызбаев деген кісіні ерекше айтып отыратын.

Битама жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап, міндетін мінсіз атқарды. Мемлекетке қиянат жасамады. Мекемелерді тексергенде қолы таза болды. Аудандағы басшылар «тексеруге Мырзамбетовті жіберіңдерші» деп сұранады екен. Міне, сол адалдығының, іскерлігінің арқасында 40 жыл қызмет жасап, зейнетке шықты.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Ақкөл ауылынан Қаратау қаласына қоныс аударды. Бұл жаққа келген соң кәсіпкерлікпен айналысты. Біз білмейді екенбіз, Биекең тумысынан шығармашылыққа жақын болыпты. Қолы қалт еткенде өлең жазып, қоңыр дауысты ол домбырамен ән салатын көрінеді.

1997 жылы аудан әкімдігі тайлы-таяғына дейін қалмай Қаратауға қоныс аударды. Мен аудандық газеттің редакторы едім. Бір күні Бәкең кабинетіме келіп, бір топ өлеңін ұсынды. Бухгалтерден ақын шығады деп ойламағанмын ғой. Өлеңдері тәп-тәуір екен. Міне, содан бастап екеуміздің арамызда рухани байланыс орнады. Аз уақыт ішінде бірнеше кітабы баспадан шықты. Тіпті өзі туып-өскен Сарыдаласы туралы повесть жазды. Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіров жайлы тарихи хикаят жазып, алғашқы нұсқасын аудандық газетте жариялаған едік.

2005 жылы ұзақ ізденістен соң «Өмір өрнектері» деген өлеңдер, сыр-шумақтар, жыр-толғауларын сонау Жетісу өңіріндегі Үштөбе қаласындағы баспаханадан шығарып, бізге ұсынды. Оқып, ұнатып, ақындығын мойындадық. Әркім әліне қарай шабады. Ең бастысы, ол сөз қадірін білетін, ойлы шумақтар жаза алатын қаламгер болып шықты. Мысалы:

 

«Адам деген аттар ортақ болса да,
Адамдықтың өлшемдері қаншама?!
Кейбіреулер озбырлығын қару қып,
Өмір бойы шен қорғайды жан сала.

Кейбіреудің қулық-сұмдық өлшемі,
Көрер көзге ол ақжарқын, ол сері.
Пайдасы үшін жарға жығар жақынын,
«Обал-ау» деп аямайды ол сені.

Туабітті аңғалдар да болады,
Ондайларды жылпос іштен шалады.
Бір ғажабы бірін-бірі ала алмай,
Екеуі де ертеңіне барады», – деп жырлайды «Адамдықтың өлшемі» атты өлеңінде.

Ақынның мұндай адамға ой салатын образды өлеңдері жетіп артыларлық. Әсіресе оның бір шумақ өлеңге үлкен ойды сыйғызатын шеберлігі де бар.

 

* * *

Сенімсіздік туғызба бастығыңа,
Онда сен ұшырайсың қастығына.
Тонның ішкі бауына айналып бақ,
Мәз боп жүрсін берік деп достығына.

* * *

Бойлай біл ішкі ойына қастарыңның,
Сілки түс қалтарысын достарыңның.
Жақынды да, жатты да таразыла,
Кімге қалай әсері жоспарыңның?

* * *

Шындықтан кейде жақын өтіріктер,
Өзің де бас қосқанда лепіріп көр.
Бірақ та жасырып бақ түлкі ойыңды,
Мақсатын аша салар есіріктер.
Міне, осы секілді «сыр шумақтары» – жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі.

Қаламгердің мұндай жан сүйсінер жырлары жетерлік. Оның Тараз қаласының 2000 жылдығына арнап жазған дастаны – шоқтығы биік туындысының бірі.

Өмірінің соңғы жылдары Битама Мырзамбетұлы бірнеше ән шығарды. Өлеңдеріне жергілікті сазгерлер қызығушылық танытып, әнге айналдырды.

Битама Мырзамбетұлы шығармашылық өмірмен қатар, қоғамдық-саяси қызметте де белсенді болатын. Біраз жыл қалалық ардагерлер кеңесін басқарды. Осы күнгі сахнада өнер көрсетіп жүрген «Ғасыр әже» аналар ансамблінің жанкүйері еді. Өзі де ерлердің хорын ұйымдастырды. Еңбегі ескерусіз қалмады. Аудандағы алғашқылардың бірі болып «Талас ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді.

Бүгінде ұл-қыздары да әке жолын жалғастыруда. Қызы Жанар Мырзамбетова Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының директоры, жақсы әнші. Ара-тұра шығармашылықпен де айналысады. Жиені Айгүл Мақашева елімізге белгілі әншілердің бірі.

Өмір жолы ұлағатқа толы Битама Мырзамбетұлы – шын мәнінде, қоғамда өз орны бар, артына мол мұра қалдырған тұлға.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Ақпарат саласының үздігі