Мәдениет

Қаламгерлік жолды жалғастыратын жастар керек

Ұлы Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезовтер салған сара жолдың сүрлеуімен талай талант жүрген, әлі де жүріп келеді. Оның ішінде жамбылдық Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза сынды тек өңірдің емес, тұтас ұлттың ұлы тұлғасына айналған қаламгерлер бар. «Қазақты жамандама, қазақ бала» деп, поэзия әлемінде нәзік те асқақ үнімен өз есімін алтын әріппен жазған Күләш Ахметованың өмірден озғанына жарты жылға жуық уақыт өтті. Ал аймақтағы бүгінгі әдеби ахуал қалай? Мақаламызда осы сауалға жауап іздеп көрдік.

Өңірдегі сөз тізгінін ұстаған ақын жазушыларды іздегенде ойымызға бірден қазақ әдебиетінің асыл қазынасына үлкен олжа салып кеткен Несіпбек Дәутайұлы, Нарша Қашағанов, Серік Томановтар оралады. Бүгінде жас қаламгерлерге үлгі болып отырған аға буын жазушылар Елен Әлімжан мен Көсемәлі Сәттібайұлы, Маралтай Райымбекұлы мен Ғайни Әлімбекқызы, Ерлан Жүніс, Хамит Есаман еске түседі. Ал кейінгі буыннан кімдерді білеміз?

Осы сауалға жауап іздегенде құлын кезінен таланты арқылы танылып, ағаның ақылын тыңдап, ұстаздың ұлағатын бойына сіңірген жасты есімізге түсіре алмай отырғанымыз жасырын емес. Менің ойыма түскен ақын – Шәміл Несіпбай. «TikTok»-та әжесіне арнаған өлеңімен көпшіліктің көзайымына айналған ол бүгінде Алматыда білім жолында жүр. Біз онымен хабарласып, тілдесуді жөн санадық.

Осы мақаланы жазу барысында ақын, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының облысымыздағы өкілі Хамит Есаманға да хабарласып, пікірін тыңдаған едік. Ол аймақтан талабы таудай, талантты жастар шықса екен деген ойымен бөлісті.

Осы ретте талантты жас ақындардың бірі, 2019 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Avangard» поэтикалық жобасының авторы Арайлы Жақсылықтың да пікіріне құлақ асқанды жөн көрдік.

Иә, заман өзгерер, мезгіл ауысар, бірақ адам жанының емі, байлығы болған әдебиет өлмек емес. Ал әдебиеттің форматы мен жанрының өзгеруі оның түрленуі болса керек. Осы жолда күйбең күндерден жалыққан жанын қалам қағазға сыр ашып, кең қазынаны байытып жүрген қаламгерлерге тек билік не бір топ емес, қарапайым халық азамат ретінде дем берсек, қолдау білдірсек дегіміз келеді. Себебі өнер тазалықты, мөлдірлікті сүйеді. Ал оны өмірге әкелу үшін адамға уақыт пен мүмкіндіктен бұрын сенім мен қолдау қажет деп білеміз. Сіз не айтасыз, ойы озық оқырман?

                                 Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ