Жамбылдық режиссерлер жаһанды мойындатады
Қазақ киносы десе, жеңіл комедия, үнемі ене мен келін жанжалы, тұрмыстық мәселе және той тақырыбынан ары аса алмайтын арзанқол дүниелер елестейтіні рас. Бірақ осы таптаурын түсінікті жоққа шығарып, отандық фильмдерді әлемге танытып жүрген режиссерлер де жоқ емес. Оның ішінде нағыз «шедевр» деп атауға лайықты туындылар біздің жамбылдық режиссерлердің қиялынан шыққанын бірі білсе, бірі білмес. Сондықтан да қазақ киноөнерін жаңа деңгейге көтеріп, салмақты туындыларымен көрерменді қуантып жүрген әулиеаталық таланттар жайлы қалам тербеуді жөн көрдік.
«КАПИТАН БАЙТАСОВТЫ» ТАРИХТА ТАСПАЛАҒАН
Қазақ киноиндустриясында өзіндік қолтаңбасымен танылып келе жатқан есімдердің бірі – Дәурен Қамшыбаев. Тараздық талант 1987 жылы дүниеге келген. Жерлесіміз облыс орталығындағы №40, №3 мектептерде білім алған. Мектеп бітірген соң Дәурен тіл үйреніп әрі жат жердің мәдениетін зерттеу мақсатында АҚШ-қа аттанады. Режиссердің кино әлеміне келуіне кездейсоқ бір оқиға түрткі болған.
Он жылдай шет елде жүріп, жан-жақты дамыған кино маманы 2015 жылы елге оралады. Туған жеріне қайта келген Дәурен жинаған білімін отандық киноны дамытуға жұмсауды ұйғарады. 2017 жылы ол Тараз қаласында облыстық кино орталығымен бірге тегін «Taraz Film School» мектебін ашқан. Өнер мектебі төрт жылдай жұмыс істеп, аймақ жастарына кино өнерінің қыр сырын үйреткен бірегей оқу орнына айналды. Болашақ актер, режиссер, сценаристер даярлайтын мектепте қазақстандық кино саласының мамандары дәріс оқыды. Сондай-ақ Дженнифер Арнольд секілді голливудтық мамандар шақырылып, шеберлік сағаттарын өткізді. Осы мектептің шәкірттерімен бірге Дәурен 2022 жылы өзінің дебюттік «Зере» фильмін түсірді. Басты рөлдерді қазақстандық танымал жас актерлер Сануржан Сүлейменов, Адина Бажан сомдады. Одан бөлек туындыға Мұрат Бисембин, Берік Айтжанов, Дулыға Ақмолда, Ольга Ландина, Елжас Рахым секілді есімі елге етене таныс кино жұлдыздары түскен. Түсірілім жұмыстары Мойынқұмның бұйрат-бұйрат құмының арасында орналасқан Тайсойған балықшылар аралында өтті.
Д.Қамшыбаевтың тәуелсіз «Зере» фильмі халықаралық деңгейде мойындалған. Атап айтқанда, Бразилиялық «Mostra», Беларусьтің «Листопад», Ресейдің «Киношок» және Қазақстанның «Евразия» сияқты беделді фестивальдарында жүлделі орындарға ие болған.
Мансап жолын жаңа деңгейге көтеруге ұмтылған режиссер Алматыға қоныс аударып, «Almaty Cinema School» атты жаңа білім беру платформасының негізін қалайды. Мұнда оқу процесі еуропалық және голливудтық стандарттарға негізделген. Студенттер алғашқы айдан бастап ірі түсірілім алаңдарында тәжірибеден өтеді. Мектепке «Моана» мультфильмінің сценарисі Памела Рибон және Билли Айлиш, The Weeknd секілді жұлдыздарға клип түсірген оператор Шао Лонг секілді әлемдік деңгейдегі мамандар қонаққа келген.
Бүгінде режиссердің ең көп талқыланған туындысы – Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігіне негізделген «Капитан Байтасов» фильмі. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілген «Капитан Байтасов» фильмі отандық киноиндустриядағы айтулы жобалардың біріне айналды. Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ерлігі мен соңғы сағаттарын баяндайтын бұл туындының дүниеге келуіне қарапайым ғана отбасылық басқосу себеп болған. Дастарқан басында інісінен «Өскенде кім боласың?» деп сұрағанда, баланың «Полиция боламын, өйткені оларда ақша көп, зәулім үй мен екі «Джипім» болғанын қалаймын» деген жауабы киногерге үлкен ой салған. Сол сәтте қоғамдағы құндылықтардың өзгергенін, өскелең ұрпақтың полиция формасын жауапкершілікпен емес, материалдық байлықпен байланыстыратынын аңғарған.
Дәурен Қамшыбаевтың режиссерлік қоржынында «Каникулы оффлайн 3», «Aool House. Однажды в ауле» секілді өзге де маңызды туындылар бар. Сонымен қатар ол түрік мифологиясынан шабыт алған «Jyndy» жобасының авторы ретінде де танымал.
ӘЛІШЕР УТЕВ –
ХИТ СЕРИАЛДАРДЫҢ АВТОРЫ
Ең кассалы фильмдер мен танымал сериалдардың авторы, режиссер әрі продюсер Әлішер Утевтің есімі бүгінде кино өнерінде кеңінен таныс. Өзіндік қолтаңбасы бар режиссердің әр жобасы көрермен сұранысына ие болып, отандық нарықта ерекше құбылысқа айналып келеді.
Әлішер 1988 жылы Қаратау қаласында дүниеге келген. Сүлеймен Демирель атындағы университетті тәмамдап, «Ағылшын және түрік тілдерінің аудармашысы» мамандығын алғанымен өмір жолы оны мүлде басқа бағытқа жетеледі. Бұл өзгерістің бастауында көңілді тапқырлар клубы тұрды. Осы ортада сценарий жазудың қыр-сырын меңгеріп, кез келген контенттің негізі сценарий екенін түсінді.

Режиссер жобаларының үнемі алдыңғы қатардан көрінуінің себебін көпшілік талантпен байланыстырса, өзі бұл пікірмен келіспейді. Керісінше, табыстың басты құпиясы ретінде темірдей тәртіпке негізделген жауапкершілікті алға тартады. Әр жобаға бар күшін салып, міндетті түрде зерттеу жүргізетінін айтады. Мәселен, әр елдің кино өнеріндегі жаңалықтар мен өзгерістерді бақылап отырады. Ең бастысы, режиссер өзін қарапайым көрерменнің орнына қойып, «Бұл туынды маған ұнар ма еді?» деген сұраққа жауап беруді өмірлік ұстанымына айналдырған.
Маман туындыларына актер таңдау бағытында да қалыптасқан стереотиптерден қашуға тырысады. Көп жағдайда продюсерлер тәуекелді азайту үшін актерді бұрынғы таныс образында қолдана береді. Алайда Әлішердің пайымынша, көрерменге жаңалық қажет. Мысалы, бандит рөлін ойнап жүрген актерді жылап отырған жалғызбасты әке ретінде басқа қырынан көрсетсе, көрерменге мүлде күтпеген әсер сыйлайды. Сондықтан ол актерлерді жаңа қырынан ашуды жөн көреді.
Тәжірибелі кино маманының жетістіктері көп, алайда олардың ішіндегі ең негізгілері ретінде «Сержан Братан» сериалымен Лос-Анджелестегі үздік режиссура үшін алған марапатын және «1286» жобасымен Пусандағы беделді халықаралық фестивальда жеңіске жеткенін атауға болады. Режиссердің бұл жетістігіне сценарист Сергей Литвеченкомен құрған тандемі айрықша ықпал еткенін айтпай өтуге болмас. Шығармашылық дуэт қазақ контентіне драматургиялық тереңдік пен батыстық сапаға жақын деңгей әкеліп, отандық сериал индустриясының жаңа бағытын айқындады. Бұл өзгерістің нақты көрінісі ретінде «1286» және «Мұнай» сериалдарын атауға болады. «1286» адам саудасы мен заманауи құлдық тақырыбын батыл көтеріп, қара, ақ визуал арқылы артхаус деңгейіндегі эстетика ұсынды. Ал «Мұнай» әлеуметтік теңсіздік пен билік үшін күресті бейнелеп, өткір сценарий мен күшті визуалдық шешімдердің үйлесімін көрсетті.
ӘЛЕУМЕТТІК «АУРУДЫ» ӨТКІР ҚОЗҒАҒАН
Өткен жылдың соңында қалың көрерменге жол тартқан «Ауру» фильмін қазақ кинематографиясына соны серпін, нағыз сенсация әкелген туынды десек, еш асыра айтқандық емес. Аз уақыттың ішінде прокатта рекордты касса жинап, бірнеше шетелде көрсетуге лицензия алған туынды авторларының тағы бірі – әулиеаталық дарын Қуаныш Бейсеков.
Тараз топырағының түлегі кино саласында ғана емес, музыка мен сатираны ұштастырған «Ирина Кайратовна» жобасы арқылы да елге кеңінен танылды. Ол бұл шоуды қалжың ғана емес, қоғамның өзекті мәселелерін дөп басатын өткір сатираға айналдыра білді.
Қуаныш 1995 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірде өскен жігіт 12 жасында отбасымен бірге Астанаға қоныс аударады. Осы сәттен бастап жасөспірім үшін жаңа белес басталды. Осы кезге дейін өзге тілде бірауыз сөйлеп көрмеген өрен мегаполистің тұрмыс салты талап етіп тұрған соң орыс тілін өз бетінше меңгеруге бел буады. Көмегі болар деп «Гарри Поттер» кітаптарының орысша аудармасын бас алмай оқып шығады. Орыс тіліндегі көркем теңеулерді, терең ойды түсініп, талдау оңайға соқпайды. Ақыры өзге де астаналықтар секілді ол да осы тілді меңгеріп алады.
Өз туындыларында қоғамдағы өткір мәселелерді көтеруге тырысатын режиссердің бұл бағытта баса назар аударуына балалық шағындағы ауыр естеліктер себеп болғандай. Қуаныштың балалық шағы тек жарқын естеліктерден құралмаған. Отбасындағы кикілжіңдер, әкесінің ішімдікке салынып, анасына көрсеткен қысымы балғын баланың жанына жара салады. Тек уақыт өте келе әкесінің иман жолына түсіп, өткен қателіктерін түзеуі шаңыраққа береке мен тыныштық сыйлаған. Осы бір өмірлік өткелдер Қуаныштың ішкі дүниесін рухани жағынан шыңдаған.
Мектеп бітірген соң Қуаныш математика факультетіне оқуға түседі. Алайда үш жылдан кейін бұл сала өзінің жүрек қалауы емес екенін түсінді.

Бұл топ қазақстандық «YouTube» кеңістігінде «жаңа дәуір» орнатты десек болады. Бейсеков жобаның режиссері әрі идеологі ретінде қоғамдағы ең ауыр, ең өзекті тақырыптарды батыл көтере бастады. «ИК» тобы музыка бағытына көшкенде де Қуаныш түсірген «5 000», «Беги», «Arriva» секілді бейнебаяндар үлкен әлеуметтік үндеуге айналды. Ол өз туындылары арқылы қазақ халқының ішкі еркіндігін оятуды, отандастарын өз құқығын білуге және еркін ойлауға үндеуді басты мақсаты санады. Жас талантты қазақ киносының жаңа толқыны деп атауға әбден болады. Себебі оның фильмдері мінсіз демесек те, отандық кино өнеріне мүлдем өзгеше леп әкелген туындылар қатарында. Жас режиссердің қоржынында «Отыздан асып барамын», «Дәстүр» секілді қоғамда үлкен талқыға түскен дүниелер бар.
Былтыр Қуаныш өзі жетекшілік ететін «Tartaria Films» кинокомпаниясымен «Ауру» фильміне продюсерлік етіп, туындының сапалы шығуына зор үлесін қосты. Әсіресе туынды үшін әлемге әйгілі «Gorillaz» тобының «Feeli Good» әнін арнайы сатып алғанын естігеннен-ақ жұрт бұл фильмді көргенше асықты. Жобаны ілгерілету үшін Қуаныш Бейсек авторлық киноны насихаттайтын франциялық «Loco Films» компаниясымен келісімшарт жасасқан болатын. Осы серіктестік «Аурудың» халықаралық деңгейге шығуына жол ашты. Фильмдегі қайырымдылықты желеу еткен алаяқтық тақырыбы бейне бір өмірдің өзінен алынғандай әсер қалдырды. Дәл сол кездері Перизат Қайрат пен «Biz Birgemiz» қорының айналасындағы шулы оқиға ел есінде еді.
Мазмұнына келсек, «Ауру» мінсіз болмаса да өте шынайы әрі батыл түсірілген дүние ретінде есте қалды. Отыз жастың айналасындағы жас киногерлер бүгінгі қоғамның ащы шындығына қарап: «Мұндай бассыздық қашан тоқтайды?», «Бұл неге біздің басымыздан өтіп жатыр?» деп айқайлап жатқандай әсер қалдырады.
Басты кейіпкерлер Азамат пен Таңшолпан – қазіргі қазақ қоғамындағы қарапайым жас отбасы. Танымал актер Аян Өтепберген сомдайтын Азамат – такси жүргізушісі, Таңшолпан – даяшы. Екеуінің басы қарызға белшесінен батқан. Тойды несиеге жасап, қалған ақшаны қалай қайтаратынын ойламастан оңды-солды шашып тастаған. Кино авторлары қоғамымыздың ең ауыр дертін дөп басқандай, себебі несиесін төлей алмай, шоттары жабылған талай адамның тағдыры бәрімізге таныс. Ақыры осы кейіпкерлер елді алдап, «қатерлі ісікке шалдықтық» деп өтірік айтып, жұрттан ақша жинауға дейін барды. Алаяқтықтың соңы қасіретке ұласады. Бұл келеңсіздіктің бәріне дұрыс тәрбиенің жоқтығы, «Жұрт не айтады?» деген жалтақтық пен қаржылық сауатсыздық себеп болғаны да әдемі көрсетілген.
Аталмыш туынды «The Hollywood Reporter» басылымының назарына ілігіп, Роттердам халықаралық кинофестиваліне таңдалды.
Әулиеата – мақаламызға арқау болған кейіпкерлерден бөлек, көптеген өнер өкілін тудырған өңір. Облысымыздан Елжан Жармұхамедов, қазіргі уақытта шетелде режиссерлік мансабын сәтті жалғастырып жүрген Арман Саят, сондай-ақ кезінде әлеуметтік тақырыптарды батыл қозғап, «Лифт», «Әкім», «Тараз» секілді сапалы дүниелерімен көрерменді қуантқан Нұртас Адамбай сынды тұлғалар шыққан. Қазақ киноиндустриясына өзіндік жаңалық енгізе білген жерлестеріміздің туындыларын күллі әлем тамашалап қана қоймай, мойындайтын күн де алыс емес.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ